19:37 Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар | |||
ҚҰРБАН АТТАРЫ Марқұмның жылындағы аста ат бәйгесі өткізілетін болған. Жарысты өлген кісі ат тұяғының дүбірін естіп жатсын деп, міндетті түрде зират маңында өткізген. XVIII ғасырдың соңында Орта жүзде керей Бұланбай палуан өлерінің алдында: «Мені биік төбенің басына жерлеңдер. Қасымнан өткен жылқы тұяғының дүбір-дүсірін естіп жатайын», - деп өсиет еткен екен. Қазақтарда ұл баланың (ер адамның) ас қамдауға араласуы ұят саналған, ал, бие саууға ерлер әрқашан құрметпен қараған. Сірә, бұл Геродот сипаттаған скифтер заманынан бері сақталған және скифтердің алтын бұйымдарында бейнеленген әдет-ғұрып болса керек. Жылқыны кие тұтқан қазақ әдет-ғұрпында тостаған түбінде қалған қымызды төгуге болмайды. Өкінішке орай, кейбіреулер қазақтардың бұл ғұрпын білмей, оларды елемей, кейде тостаған түбіндегі қымызды жере төгіп тастайды. Бірде бір кісі биелерін сауып, сүт толы шелегін шүпілдетіп, үйіне келе жатады. Сонда шелектегі саумалды көрген көршісі: «Ойпырмай, тас бұлақтың суындай неткен саумал!» - деп таңданыпты. Иесі саумалды сабаға құйып, шелегіне қарса, түбіндегі тас қақ жарылған екен. Сірә, «Тілің тасқа! Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақал, міне, осыдан қалса керек. Қазақ мифтері бойынша, Қамбар – жылқы иесі ғана емес, сонымен бірге бие сүтінен қымыз дайындаған бірінші адам. Бағзы кездерде адамдар қой сүтін пісіріп, құрт пен ірімшік жасаған. Ал, бие сүті ешбір икемге келмеген. Сонда Қамбар ата қымыз ашытып, елді үйреткен екен. Жылқыны сойғанда, бақ таяды деп қорқып, қан-жынын жумаған. Әдетте, басқа жануарларды сойған кезде, ет таза болсын деп, қанын жуып шайған. Орталық Қазақстан қазақтары жылқының шекесін тұтас асады. Себебі, оны шауып бірнеше бөлікке бөлсе, халықтан ынтымақ, бірлік кетеді, мал басы көбеймейді деп ырым буряттарда да бар. Олар жылқының бас сүйгені лақтырып тастамайды, аяқ асты болмасын деп, биік жерге, жартастарға, шоланның төбесіне қояды, ағаш бұтағына іліп кетеді. Орталық Қазақстанда жылқының бас сүйгені зираттың жоғарғы көлденең ағашына қояды, ал Жетісуда аттың басын, егінге зиян келмесін деп, қарақшы қылып іледі. Құла дүз тақырда аттың шекесін жастанып жатса, бұл қауіп-қатер мен жын-шайтаннан қорғайды деген де наным бар. Атақты тұлпарлардың, жүйрік сәйгүліктердің, батырлардың аттарының бастарын киіз кебінге орап, биік таулардың басында қалдырған. Мұны «аттың басын кебіндеу» деп атайды. XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасқан Қабанбай батырдың жансерік тұлпары Қубастың басы Шығыс Қазақстан облысы, мақаншы ауданындағы Барлық тауының төбесіне жерленген. Сондай жақсы аттардың басын жерлеу ғұрпы ХХ ғасырдың бас кезіне дейін сақталған. Бұлтартпас деректерге қарағанда, Орта жүздің Шоң биі Қара ала ат деген сүйікті атының басын кебінге орап, жер қойнына тапсырған. Әйгілі тұлпар Құлагерді әнші-ақын Ақан сері де аялап, азалап жерлеген. Күй атасы Құрманғазының Күрең аты иесінен бұрын жантәсілім еткен. Сол аттың көмілген жері Құрманғазының мазарынан оңтүстікке қарай бірер шақырым қашықтықта дейді. ХІХ ғасырдың басында өмір кешкен адай руынан Амантұрлы Қожалақ батырдың Қара атын адам сияқты жерлеген. Қабірі – Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, батырдың кесенесінің қасында. жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |