01:27 Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар | |||
АДАМ һәм ОНЫҢ ҒҰМЫРЫ Дүниені, Көк пен Жерді және жер бетін жайлаған барлық жан иелерін жаратып болған соң, құдіреті күшті жаратушы Жасаған адамды һәм жан-жануарларды әрқайсысына тиесілі қадір-қасиет пен мөлшерлі ғұмыр бөліп беруге өзіне шақырыпты. Ең бірінші болып келіп жеткен Адам екен. Оған Жасаған: «Сен, Адам, Жаратушының өкілісің, сен барлық тіршілік иелерінің патшасысың, сен олардан артық тұрасың, сол үшін саған сөйлеуге тіл, ойлауға ақыл берілді, барша мақұлықтар сенен төмен тұрады, сондықтан оларға өз үкіміңді жүргізерсің, тағдырларын шешермің, сондай-ақ қырдағ шөп һәм ағаштардың бәрі саған бағынады, өзің жер үстінде отыз жыл ғұмыр сүрерсің», - деп айтыпты. Сонда Адам өзіне аз ғана ғұмыр кесілгеніне риза болмай, Жасағанның алдынан арырақ кетіп, ішінен: «Егер мен дүниенің патшас болсам һәм маған барша қасиеттер тиесілі болса, отыз жыл ғұмыр сүргеннің не пайда бар?» - деп ойланыпты. Ол көбірек ғұмыр сүруге бұйырылған жануарларға қызығып, қарап тұрыпты. Адамнан кейін екінші болып есектің кезегі келгенде, бар дүние мен әлемді Жаратушы оған: «Сен адамның айтқанына көніп, айдағанына жүретін боласың. Онымен қоймай еңбегің үшін жаза көріп, мехнат шегерсің, таяқтан қажырсың, жейтін тамағың дәмсіз, құрғақ шөп болар. Саған елу жыл ғұмыр беріледі», - дейді. Мынадай үкімді ести сала, есек Жасағанның аяғына жығылып, басын жерге ұрып: «Егер маған дүниеде сондай азаппен өмір сүру жазылса, соншама жас не үшін керек? Ғұмырымды жиырма жылдай азайтсаңыз тәуір болар еді», - деп жалыныпты. Сол уақытта Адам жақындап: «Есектің жиырма жылын маған қосуыңызды сұраймын», - деп арыз қылыпты. Бұл өтінішіне ол Жаратушының разылығын алыпты. Сонан соң иттің кезегі келіп, оған Жасаған: «Сенің міндетің – шынжырлаулы тұрып адамның үйін күзету һәм нәрселерге қарауыл болу. Кеміретінің сүйек-саяқ болар, ғұмырың қырық жыл деп кесілді», - депті. Ит сонда қайғырып: «Егер маған сондай қорлықпен өмір сүру бұйырылған болса, адамның үйін һәм уақ-түйек нәрселерін күзетіп, қарауылдаумен ғұмырымды өткізсем, оның несі өмір? Жасымды жиырма жылдай азайтсаңыз жақсы болар еді», - деп арыз қылыпты. Мұны естіп тұрған Адам қайтадан келіп, иттің алмай тұрған жиырма жасын өзіне қосқызыпты. Ең соңында бар әлемнің құдіретті Жаратушысының алдына маймыл келіпті. Оған: «Сенің адамға тек сыртқы сипатың ұқсар, алайда мінезің бала сияқты болар, беліңді бүкірейтіп жүрерсің, балалардың ермегіне, мазағына айналарсың һәм үлкен кісілер қылжақ етіп, дүниеде алпыс жыл жүрерсің», - деген үкім айтылыпты. Өзіне айтылған үкімді естіп шошынған маймыл сорлы құдіретті Жаратушының алдына тізерлеп отыра кетіп: «Адамға тек сыртқы пошымым ғана ұқсайтын болса һәм кім көрінгеннің ермегі болсам, мұндай өмірден не көремін? Ғұмырымды отыз жылдай қысқартсаңыз, тәуір болар еді», - деп арыз айтып, жалынып-жалбарыныпты. Мұны естіп тұрған Адам тағы келіп, маймылдың отыз жасын сұрапты. Бұл жолы да Адамның өтініші қабыл алыныпты. Барша мақұлықтар бет-бетіне тарап, әрқайсысы өз жөнімен кетеді. Адам өзіне берілген әуелгі отыз жылдың ішінде қылшылдаған жас жігіт болып, еш уайымсыз, бақытты дәурен сүріпті. Отыздан асып, елуге жеткенше ауыр жұмыстарда жүріп, көп қиындық көріпті. Бұл баяғы есектен алған жиырма жыл екен. Елуден асқан соң, жетпіс жасқа шейін ана-мынаны аңдып, үйінің маңын торыпты. Кім болса соған айғайлап, мазасыз күй кешіпті. Адамның бұл кезеңі – иттен алған жылдары. Жетпістен асқан соң ажарынан, ақылынан айырылып, бала мінезді болыпты, белі бүкірейіп, қолына таяқ алыпты, балалар һәм әркім оны ермек, ойын қылыпты. Бұл өз еркімен маймылдан алған жылдары екен. Міне, құдіретті Жасаған Адамның ғұмырын кезеңдерге осылай бөлген екен. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |