17:18
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ҒАЛАМДЫҚ ЖҰМЫРТҚА және АДАМНЫҢ ЖАРАТЫЛУЫ хақында

Сонау-сонау соны меңіреу заманда, арғы-арғы, аңғырт тұйық алаңда, ертеден де ертеде, астан-кестен аунаған лай теңіздің ішінде жұмыртқадай жұмыр малта тас жүзіп келе жатыпты. Жалғыз жаратушы Жасаған бұл тасқа бар ынтасымен, мейірімімен таңырқай қарапты. Қолына алып байқаса, оң беті оттай қызыл, астар беті судай мөлдір, таңғажайып тамаша тас екен. Жасаған өзінің шебер қолымен малта тасты қоспасынан (қосылған жерінен) қақ жарыпты. Сол сәтте екәге айырылған жұмыртқадай жұмыр тастың тең жартысы отқа, тең жартысы суға айналыпты да, от пен су қайта қосылып, буырқана қайнапты. Одан көтерілген будан Көк Аспан пайда болыпты, ал тандыр сияқты қатты қабыршағынан Қара Жер жаралыпты.

Ең алғашында, Жер де, Көк те тым кішкене – әуе айнадай, жер тебінгідей ғана болған екен. Осыдан соң Жер мен Көк Аспанның көлемі ұлғайып, жоғарыға көтеріле беріпті де, Қара Жер қатайып, қалыңдап, салмағы ауырлап, төмендей беріпті. Мұны көрген жаратушы Жасаған Қара Жерді киелі көк өгіздің арқасына қондырыпты. Алайда, Қара Жер өгіздің үстіне орнықпай, бір жағына қарай ауа береді. Сонда оны орнықтыру үшін Жасаған жалпақ жердің әр өңіріне ұлылы-кішілі тауларды тұрғызып, салмағын теңгеріп, ауып құламайтындай еткен екен.

Жер мен Көк жаралғаннан кейін де қараңғы қара қапас айыға қоймаған. Жасаған ие Жер мен Көкті өз қолымен аялап, әлпештеп, жылы мерейімен есіркеп, жарық нұрымен жарылқап, олардың арасынан екі асыл перзент – Күн (ұл) мен Ай (ару) – екі жарықты туғызыпты. Сөйтіп, Күн мен Ай алма-кезек айналып, бірінің артынан бірі жүріп отырып, әлемдегі қара түнекті түре қуыпты. Олар Жер-Көкті жылуы мен жарығына бөлеп, қақаған аяз бен қараңғы түнекті айдап отыратын болыпты.

Алайда Аспан әлі де аласа еді, Қара Жер қаңырап, қу тақыр қалпында жатқан-ды. Шебер жаратушы Жасаған Көк еңсесін биіктетіп, құлазыған Жерге тіршілік көркін енгізу үшін, ең алдымен, жалғыз ағаш – «Киелі Бәйтеректі» жаратыпты.

Бұл ағаш әуелеп өсіп, көк күмбезінің түнлігін көтеріпті. Өмірдің өркені алғаш рет осы Бәйтеректе жапырақ жарып, мәуелепті.

Құдіретті Жасаған енді Жердің иесін жаратпақ болыпты. Ол үшін Жердің кіндігінен бір уыс топырақ алады да, бір еркек пен бір әйелдің мүсінін жасапты. Оларды күнге кептіріп, ауыздарына дем үрлеп жан енгізіпті.

Бұлар – адамзаттың алғашқы ата-аналары – адам ата мен Хауа ана екен.

Кейін Адам ата мен Хауа ана үйленіп, егіз-егізден (бір ұл, бір қыз) жиырма бес құрсақ көтеріпті. Осы балалар жиырма бес рулы елге айналып, жер жүзіне жайылыпты. Құдіреті күшті Жасаған ие балшықтан илеп адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен ойып алынған бір шөкім балшықтан итті жаратқан екен. Иттің үнемі адамнан айырылмай, серік болып жүретіні, қайда барса да иесінің мал-мүлкін қоритыны сондықтан дейді.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 216 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: