13:47 Бабадан қалған асыл сөз | |
ЕЛІМ МЕНІҢ АҢСАҒАН, ТАС БҰҒАУДАН БОСАҒАН! БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (1910-1982 ж.ж.) Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан даңқты жауынгер қолбасшы, белгілі жазушы, стратег және тактик. Кеңес Одағының Батыры. Әскери академияларда дәріс берген. Сұрапыл соғыс кезінде қаһармандық ерлігімен, ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түсіп, аты аңызға айналған тұлға. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі жайлы орыстың белгілі жазушысы А.Бек «Арпалыс» атты повесін жазған. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылған. * * * Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық. * * * Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті. * * * Ата-ана қадірін біле алмаған – халық қадірін біле алмас, Халық қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас. * * * Отбасының өнегесі – Отан өнегесі. * * * Халықтық дәстүр – асыл мұра. * * * Халықтық тәжірибе – бүгінге ғана емес, ертеңге де керек қазына. * * * Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің құлы. * * * Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел – құл болмайды. * * * Отан үшін отқа түс – күймейсің. * * * Бізде ер атасы – махаббат, өмір атасы – халық, ел намысы – ер қолында, ер намысы – ел қолында. * * * Біз – намысты елдің ұлымыз. Жеңілмес күшіміз сонда. * * * Ер істеді дегенше – ел істеді десеңші. * * * Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден тайсалма! * * * Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қзмет еткін. * * * Опасызда Отан жоқ. * * * Отан отбасынан басталады, демек, өз бесігің, өз үйің. * * * Ел үшін аянба – ерлігіне сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын. * * * Ел бақыты ер қолында. * * * Ел қадірін білмеген ер қадірін білмейді. * * * Елсіз ер болмайды, жұртсыз жұрт болмайды. * * * Ежелден ел тілегі – ер тілегі, Адал ұл ер боп туса – ел тілегі. * * * Парыз сезімі, адамгершілік – жеке басының, ұлттың, Отанның мақтанышы. * * * Атамекен жері үшін, Қасиетті ел үшін Болмай қалар кім батыр! * * * Отан – адамның туып-өскен жері, атамекені, ел-жұры, табиғат байлықтары, халқы, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тіл, мәдениет, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып ерекшеліктері бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ. * * * Біз де сүйектен, еттен жаралған жанбыз. Біздің жанымызды тебіренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бірақ біздің жүрек отты жүрек. Оның оты болатты ерітіп, жаңқадай жандыратын от. Біздің жүрегіміздегі қауіп-қатерді көтеріп, өлімді жеңетін бір жарақ – ана сүтін ақтап, туған елді, Отанымызды сүю сезімі. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |