ЖАЗҒЫ «АРАЙ» һәм БАСҚА ДА НҰР-СӘУЛЕЛІ ШУАҚ
Жасыл желек жамылған, Күн сандығынан шуақты нұр-сәулесі жібекше шашылған, жадыралы жаздың келгеніне бәрінен бұрын оқу жылын артқа тастап, үш айлық демалыс қызығына күмп берген қылығымен қасиетті балалар мәз. Бәлкім, сондықтан шығар жыл сайын сағындырып келетін жаздың ең алғашқы күні – 1 маусымда дүниежүзілік балаларды қорғау күні мерекеленеді жер-жерде. Осынау игі дәстүрден Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі жаңылып көрген емес. Биыл бақытты балалық шақ түрліше базарлыққа мейілінше бөленді.
Мәжіліс залында «Бақытты балалық шақ» атты сазды шара ұйымдастырылды. Оның ашылу салтанатында балаларды жаз маусымының басталуымен құттықтаған Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі ата-аналар комитетінің төрайымы Ж.Жанпейісова жүрекжарды тілектерін қуана-қуана білдірді. Бұдан кейін сәнді сахна төрін тек қана балғын балдырғандар билеп-төстеді. Айталық, мектеп жанындағы «Айналайын» шағын орталығының бүлдіршіндері балмұздақтай тәтті тілдерімен құлақ құрышын сондай қандырған шағын өлең шумақтарын, әндерін көрермендер назарына ұсынды. Кішкентай сахна жұлдыздарын дайындауда шағын орталық тәрбиешілері Л.Қазбекова және жас маман А.Абдоллаева маңдай терін жай төкпегендері көзге бірден түсті. Мектеп жасындағы оқушылар да концерттік шара барысында өнерден аянып қалмады тағы. Оқу жылы бойында ән шырқау қабілетімен көрермендер көзайымына айналып үлгенген Алина Жанпейісова бұл жолы да қошеметке кеңелді. Бірінші сыныпты тәмамдаған Рулан Мұратбай мен Ақылжан Ерқанат өздігінен жұптасып қазақша әнді әуелетті. Орыс тілінде білім алып жүрген 2-3 сынып оқушыларының квинтеті орындаған ән де көпшіліктің көңілінен шықты. Ал «Қыздар-ай» би тобының мүшелері Ділназ Зейнуллинова мен Айдана Серікпайдың орындауындағы билерден соң орындарында жайғасқан көрермендердің өзі билеп кетуге шақ қалды. Дәстүрінше мерекелік бағдарламаның соңында демеушілер тарапынан балаларға ойыншықтар табыс етілді. Ата-аналар комитеті тарапынан А.Исабаев, Қ.Әлдекенов сынды азаматтар осынау сауапты істі абыроймен атқаруда аянып қалмады бұл жолы.
Мерекенің жалғасы мектеп алдында түрлі түсті бормен неше түрлі сурет салу шарасымен жалғасты. Қиялдары шексіз балғындар сурет салуда тақырыптық өріске ерік берді. Біреулері тату-тәтті жанұясын, біреулері алтыннан да бағалы достық-татулықты, енді біреулері армандап жүрген автокөлік һәм басқа да қажетті заттарды өздігінен әдемілеп салуда барын салды. Ал өнер жарысы сәтті сабақталу үшін балғындарға тәтті балмұздақтар тегін таратылды. Мұндай жағдай жасағандар ішінде сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлер Л.Ахметованы, Н.Увакованы, Қ.Тиканованы, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі ұжымын ерекше атап өткеніміз жөн.
Биыл мектеп жанында «Арай» жазғы сауықтыру лагері өз есігін айқара ашты сол күні. Оның сапалы жұмыс жасауын қадағалап бақылайтын арнайы штаб құрамы жасақталды. Маусым айы бойы екі кезең аралығына шақталған лагерьде қырықтан аса бала сергіп тынығады. Олардың денін мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары құрайды. «Арай» лагерінде демалушылардың игілігіне «Шымыр», «Балдәурен», «Шынық», «Білгірлер», «Көңіл-күй», «Кітап достары» атты үйірмелер жұмыс істейді. Әр үйірмеге жауапты қызметкерлер де әуелден тағайындалды. Лагерьдің екі кезеңдік маусымына жалпы жетекшілікті жас маман Ж.Әлдекенова атқаратын болады. Асхана мәзірі де балалар денсаулығын сауықтыруға лайықталды.
Сонымен қатар маусым айында бастауыш және орта буын оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндік үйірме қызмет көрсетеді. Оған жетекшілікті мұғалім А.Әлдекенова жасайды.
Қоғамдық-пайдалы еңбек тәрбиесі мақсатымен 5-8, 10 сынып оқушылары жаз бойы мектеп жанындағы бау-бақшаны, мектеп алдындағы гүлдерді баптаумен айналысады.
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|