22:53 Қажетті семинар | |
ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ДЕРЕКТЕР ҚОРЫ Жақында Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің информатика дәрісханасында Ұлттық білім берудің деректер қорын ресімдеу бойынша аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің, бала бақшалардың, қосымша білім беру мемлекеттік мекемелер директорларының, оқу істері меңгерушілерінің, информатика мұғалімдерінің қатысуымен Павлодар облыстық білім басқармасы һәм білім саласы бойынша аймақтық ақпараттық технологиялар орталығының мұрындық болуымен қажетті семинар өткізілді. Атаулы шараға жетекшілікті аймақтық ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Б.Қазтаева атқарды. Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын елімізде жаппай Ұлттық білім берудің деректер қорын электронды түрде ресімдеу статистикасы қолға алынған еді. Ауыл-аудандардан жинақталған электронды қор аймаққа, одан қала берді Астанадағы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігіне ғаламтор арқылы жеткізілді. Келесі оқу жылында осынау жұмыс айтарлықтай жаңартулар мен өзгертулерге ұшырап, екінші мәрте тағы түледі. Жуырда ғана шымылдығы ашылған жаңа оқу жылында деректер қорын статистикалау жаңаша серпінмен қолға алынды. Бибігүл Қалиарданқызы бас болып, ақпараттық технологиялар орталығының бас маманы Қ.Бекбергенова қостап, дәрісхананы мейілінше толтырған семинар тыңдаушыларына Лебяжі ауданы бойынша Ұлттық білім берудің деректер қорын ресімдеудің басты-басты тетіктерімен қалайша жұмыс жасау қажеттігін тәптіштеп түсіндірді. Жалпы ғой, атаулы деректер қоры арқылы еліміздің білім беру мекемелерінің жағдайын орталықтанған түрде басқарып-бақылауға болады екен. Тек әр ұядағы ұяшықтарды білім ошағы статистикасында айқындалған сан-көрсеткіштермен дұрыс толтырса болғаны. Ал осынау қисыны қиын жүйені басқаруда жауапты тұлға асқан ыждаһаттылық пен тиянақтылық танытса болғаны. Лебяжі аудандық білім бөлімінің осыған жауапты жетекші маманы Г.Батталова да өз кезегінде семинар тыңдаушыларына қадау-қадау тапсырмаларды мұқиятты түрде жүзеге асыруды міндеттеді. Сол сияқты тыңдаушылар тарапынан туындаған сұрақ-сауалдарға Бибігүл Қалиарданқызы да, Қымбат Ермекқызы да, Гүлшат Бәкіқызы да ауыз толтыра жауап берді. Жұмысты жылдам түрде ілгерілеуіне бірден-бір кедергі – басым білім беру ошақтарындағы ғаламторға шығудағы жылдамдықтың бірде тұралауы, бірде шабандауы, ал кей сәтте мүлдем тұйықталып қалуы. Десе де, білім басқармасы міндеттеп отырған Ұлттық білім беру деректері қорын толық толтыру жұмысы енжарлық пен атүсті қарауды көтермейді. Іске сәт серік болсын! Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |