09:34
Қазақтық

ҚОЛҒА СУ ҚҰЮ

Қазақ халқының кісі сыйлау, үйге келген кісінің қолына су құйып, ас-тағам ұсынуының өзінен үлкен адамшершілік пен мәдениеттілік қасиеті айқын көрініп тұрады. Онда әр отбасы үйіне келген кісіні төріне шығарып, астына көрпе төсейді. Алдына дастарқан жайып, ас-тағам берер алдында сол үйдің балаларының бірі леген мен құман алып, қонақтың қолына су құяды.

Қолға су құюдың да өзіндік жөн-жосығы бар. Мұнда, «бата – бастан, су – аяқтан» деп, батаны төрдегі адамға жасатса, су құюды аяқ жақтан бастайды.

Әдетте суды қонақтар тегіс отырып болған соң құяды. Бірақ жиын-тойлар мен нәзір-құзырларда адам өте көп болатындықтан, суды екі жігіт екі босағадан бастап төрге қарай айналдыра құйып шығады.

Кейде есік алдына үлкен леген қойып, қонақтарға үйге кірерде қол жудырып кіргізеді. Ал адам саны шағын болса, онда бір адам оң босағадан бастап отырған адамдарға түгел айналдырып су құйып шығады. Тамақ соңында қолға су құю солдан оңға қарай жүргізіледі. Қолды жуғанда сілкімейді, орамалмен сүртеді.

Үйге келген қонақ қолына су құйған балаға бата беріп, ықылас білдіреді. Қолға су құюдың тәрбиелік мәні зор.

 

Психологиялық мәні:

Қазақтың қонақжайлылығы өз алдына бір салт. Қонақжайлылықтың құрамына кіретін қолға су құю жағымпаздықтың белгісі ретінде көрінуі мүмкін. Қолға су құюдың мағынасы кең және терең.

Біріншіден, қолға су құю, мал сою сияқты сакральді және архаикалық мәні (сенім мен нанымға негізделген) бар құбылыс. Халқымыз аталас, әулет болып өзімен-өзі өмір сүргенін ескерсек, «Өзге»-нің төріне қонақ болып келуі қазақтың бейтанысқа ашықтығын көрсетеді және бейтаныстың «қолының тазалығын» өзі қолына су құйып қамтамасыз еткендігін көрсетеді. Келген қонаққа үйдің періштедей аппақ баласын жіберуі – қонаққа өзінің аппақ ниетін білдіргені.

Адамның қолы психологияда адамдардың өзара шүбәсіз, шынайы, ортақтасып, сергек қарым-қатынас жасау, жасамауына байланысты мүмкіндігін көрсететін графикалық диагностикалық дүние. Мысалы, өзара қарым-қатынасты анықтау барысында адамның қолы туралы психологияда Дж.Буктың «Үй-Ағаш-Адам» методикасында кеңінен сипатталған.

Қонақжайлылық барысындағы Бейтанысты төрге шығару, оның ішінде бейтаныстың Қолын тазарту ешбір діни және пұтқа табынушылық үрдістерімен байланысы жоқ деп саналады. Бұл құбылыстар адамның әлемді гетерогенді, яғни сан-алуан деп танып, оған мойынсынуын көрсетеді. Әлемнің сан-алуандығымен үй иесі төріне шыққан Бейтаныс арқылы танысқан. Осы тұста Бейтаныстың отырған төріне тазалығы мен пейілінің таза болуын түрлі техникалар арқылы қамтамасыз еткен. Соның ішінде халқымызда кең тараған түрлері қолға су құю мен құдайы қонаққа құрбандық шалып мал сою. Ұл техникаларды ғылымда «қарым-қатынасқа түсудің қауіпсіздік ережелері» деп атайды. Егер, аталған техникалар жасалмаса, төрге немесе ауылға таза емес лас дүние кіреді деген сенім қалыптасқан.

Екінші жағынан, қолға су құйғанда үй иесі немесе қолға су құйған адам еңкейіп құйғанында аса үлкен мән жатыр. Бұл дегеніңіз, өз үйінен елу қадам алыстаған адамның мүсәпірлік кейіпке түскен және алыстан келген бейтаныстың қадамын құтқа жорыған халықтың қонаққа бас игенін көруге болады. Келген қонаққа бас июдің маңызы көптеген ғалымдардың еңбектерінде фундаментальді мәселе ретінде қарастырылып, мемлекет саясатының басты ұстанымына айналғандығын атап өтеді. Мысалы, немістің әйгілі ғалымы И.Кант «бөтен елден келген әр адамға «жау көзімен» қарамау, тыныш жүрген, бейбіт ниеті бар әр адамды қумауы – мемлекеттің міндеті мен Бейтаныстың құқығы» деп қарастырған.

Төрге шыққан қонақтың қолына су құю арқылы халқымыз оған ізет көрсеткен, қолға су құйған балаға бата бере отырып, қонақтың жүрегі жібіген.

Қазіргі таңда қонақты қолына су құю арқылы мойындау және қарым-қатынасын о бастан «тазалап» алу техникасының қолданылмауы адамдардың рухани және әлеуметтік тұрғыда жабық болып бара жатқандығын көрсетеді. Оған қоса, құдайы қонаққа, яки, Бейтанысқа есік ашпау кең етек жайып барады. Қонақжайлылық мазмұны келген қонақтың қалтасы мен қызметіне қатысты ашылып жатыр. Сондықтан, төрге шыққан Бейтаныстың ниетін үй иесі өзіне қаратып, қолына су құйып, пейілін тазартып, шаршап-шалдығып келгенде ізет көрсету арқылы көңіл-күйін көтеруі, «ағартып» алуы қонақты күткенге де жақсы.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: