10:43
Қазақтық

ЖОЛ ҚУУ

Қазақ салтында жиын-той, өлім-жітім және түрлі бас қосуларда адамдар өзара жас және жол қуып баып, өздеріне тиісті жерден орын алады. Сондай-ақ, әркім жасы, жолына қарай сый-құрметке ие болады.

«Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлеген» халқымыз, «Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған қазынаға жолығады» деп білген. Қазақ халқы жол қуып, жүйеге жығылуды өте жоғары бағалған. Оны тектілік, біліктілік, мәдениеттілік деп есептеген. Қоғамдық қарым-қатынас пен алыс-беріс, барыс-келіс істенінің барлығында жол қуып, жүйеге негізделіп, биік адамгершілік деңгейде шешкен.

Жол қууда адамдардың жасы ғана емес, рулық, жүздік жағдайларына қарай отырып, жиын-тойларда, нәзір-құзыр, өлім-жітім істерінде де кімнің жолы ең үлкен, кімнің туыстық қатынасы ең алыс болса, бата жасаудан тартып, сол орындағы ең бірінші сый-құрмет сол адамға көрсетілген. Сондай-ақ, ұрпақтарын жол-жосынға жүйрік, білікті азамат облуға баулып отырған.

Бұл салттың да өзіндік ғылыми мән-мағынасы бар. Ол ұрпақтарды ізгілікке, бауырмалдыққа, әдептілікке жетелеп, білімді, өнерлі адамдар мен үлкенді сыйлап, кішіні аялауға баулиды. Адамдар арасында сүйіспеншіліктерін арттырып, татулыққа, береке-бірлікке шақырып, адамдардың барыс-келіс, алыс-берісін жиілетіп, әлеуметтік қарым-қатынастарын кеңейтеді.

 

Психологиялық мәні:

Жол қуу салты арқылы адам өз әлемі мен өзгенің әлеміндегі өзінің орнын анықтаған. Халқымызда әр адамның сенделмей, мына дүниеде кірпіш болып қалануы басты мақсат пен міндет болғанын ескерсек, ауыз толтырып айтатындай болғанын қалауы – заңды құбылыс.

Экзистенциалдық психологияда адам өзін өзге арқылы ғана таниды. Ал қазақ өздігінен емес, жиын-той, өлім-жітім және түрлі бас қосуларда өзге арқылы жол қуып, өзінің орнын анықтаған. Жол қуу барысында адам орны тек ауызбен ғана айтылмайды: жолына, яки орнына қарай сый-құрметке ие болады. Бұл сый-құрмет отырған орнынан бастап, табақ тартылғанда, бата берілгенде, жиын-тойларда, нәзір-құзыр, өлім-жітім істерінде шешім шығарғанда, мәселелерді шешкенде іс жүзінде жүзеге асырылады.

Жол қуу арқылы қазақ өз баласын осы әлемде өз орнын табу, білумен қатар, өзгенің де орнын білуге, оны құрметтеуге баулыған. Өз орнымен қатар, өзгенің орнын білу арқылы адамдар арасында қарым-қатынастағы бұзылыстарды болдырмаған.

Қазіргі кезде психологиялық кеңес алуға келетін адамдардың алып келетін мәселелерінің бірі және бірегейі – өз орнын білмейтін ата-ана мен бала мәселесі. Әсіресе, бала тәрбиесі мен психологиялық бұзылыстарын психологқа алып келетін көптеген ата-ана өз балаларын бірнеше бағытта тәрбиелеуде.

Бірі – өзінің алған тәрбиесін береді. Егер қазіргі көп ата-ананың 90-шы жылғы ұрпақ екенін ескерсек, аштық пен жалаңаштықтан қиналған ата-ана жұмысбасты болып, өз баласының өмірінде орны жоқ. Бұған шаршаған кезінде қарым-қатынасқа өзін емес қолын жұмсайтын, өзінің орнын сезінбейтін ата-аналарды қосыңыз.

Екінші ата-ана – өзінің алған тәрбиесіндегі ұру-соғудан мезі болып, бала өмірі мен әлемінде билігі мен орны бар әке-шеше емес, қызмет көрсетуші, баланың талап-тілегін орындаушы құрал ретінде ғана қалған.

Бала өмірін өзенге теңесек, ата-ана осы өзеннің жағасы, оған арна. Осындай ата-аналардың өз орнын білмеуі нәтижесінде, балалар да кірпіш болып қаланудың орнына әлемнен жан деңгейінде тығылып, қашып, виртуалды әлемге жүгінуде.

Орнын біліп өспеген бала кез келген қарым-қатынаста, оның ішінде жұбайлық қатынаста да өз онына қатысты көкейтесті мәселелермен кездесетіндігі мәлім. Сондықтан қазіргі кезде психолог көмегіне жүгінетін қазақ қоғамында адамның өз орнын білмеуі кең етек жайған мәселелердің бірі. Ал адам орнына қатысты психологиялық мәселелердің алдын алуда жол қуу сияқты салттардың көмегі тиетіндігі анық.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 21 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: