18:26 Қазақтық | |
ШАШУ ШАШУ Шашу шашу – қазақ халқының қуанышы мен шаттығының айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүрлерінің бірі. Шашу дүниеге келген баланың қызығы мен қуанышында қатар жүретін дәстүр деуге болады. Ол бала дүниеге келгенде, бесікке салғанда, қаз тұрып, тұсауын кескенде, сүндетке отырғызып, атқа мінгенде, келін түскенде, күйеу келгенде, отау көтергенде, т.б. қуанышты салт-дәстүрдің барлығында жасалады. Тіпті, одан бөлек қызық-қуанышта да шашусыз болмайды. Шашуға қарапайым құрт-ірімшіктен бастап, күміс теңге, алтын ділдәға дейін шашылады. Шашылған шашуды тойға келгендер теріп алып, ырымдап балаларына апарып береді. Шашуды әдетте жасы үлкен әйелдер, әжелер шашады да, оны жастар, балалар теріп алады. Кейде тойдан тәбәрік ретінде үлкендер де алып, үйдегі жас балаларына апарып береді. Шашудың екі түрі бар. Бірі шашылады, екіншісі шашылмайды. Тойға көп адам шашу әкелетіндіктен оның бәрін ысырап етіп шаша бермейді. Тек белгілі бір бөлігін ғана шашып, жосын-жоралғыларды жүргізеді. Туыс-туғандар әкелген дастарқан шашу ретіндегі қазақ халқының қуаныш-тілегін білдіретін ниеті. Оның бастаулары кем дегенде көне түркілік замандарға барады. Түркілер қуаныш кезінде құрт, ірімшік сияқты ақ тағамдарды «ақ жолтай», «ақ тағамдай ақ болыңдар», «ақ ниет тілейміз» деп шашқан. Кейіннен тату-тәтті болсын деген ниетпен шашуға мұзқант, шекер, тәтті-тәпсектер қосылған. Дәстүрлі қазақ қоғамында ауқатты адамдар алтын, күміс теңгелер де шашқан. Шашу қазіргі уақытта да кеңінен қолданылады. Шашудың түпкі мәні – қуанышты баршаға жеткізу, баршамен бөлісу ниетінде шашылған.
Психологиялық мәні: Шашудың астарынан адамның қарым-қатынасқа негізделгендігі мен өмірлік мәні мәселелерін аңғарамыз. Алдымен, шашу арқылы қазақ жақсылық жаршысына өз қатынасын білдірген. Жақсылықты, қуанышты мерекелерді шашу арқылы қуанып қарсы алған. Шашу шашылатын барлық мерекелік шараларды, салт-дәстүрлерді алып қарасақ, оларды біріктіретін бір мән бар. Олар арқылы өмірге деген құлшыныс пен өміршеңдікті байқауға болады. - баланың тұсауын кесу арқылы оның өзінің өміріне қадамын құптаймыз; - сүндетке отырғызғанда азаматтық келбетін ыммен жеткіземіз; - бала дүние есігін ашып келгенде, келін өз табалдырығын аттағанда жылы шыраймен қарсы аламыз, т.с.с. Яғни шашу арқылы халқымыз өмірге және оны сүруге өз келісімін берген. Шашу ретінде жылы-жұмсағы мен бар тәттісін, күмісі мен алтынын, яғни құнды заттарын шашады, оны жиналған қауым жиып-беріп алады. Бұл жерден көретініміз, жақсылық көп болсын, жұғысты болсынға сайса, екінші жағынан өмірге құлшыныс пен өміршеңдік артсын, жұқсын деген халықтың сенімі жатыр. Ақты шашу ету арқылы жаңа өмірдің бастауына ақ жол тіленеді, тәттіні шашу арқылы мән-мағына, дәм тіленеді, ал күміс пен алтынды шашу арқылы басталғалы тұрған үрдістің құндылығы түсіндіріледі. Сондықтан шашудың феноменологиялық астары ретінде адамның өмір сүруге өз келісімін беруін ұққанымыз абзал. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |