22:49 Қазақтық | |
САРҚЫТ СҰРАУ Қазақта көп жасап, көпті көрген беделді ақсақалдар мен қадірменді әжелерден, осндай-ақ, көсемдер мен шешендерден, қаындар мен батырлардан, әншілер мен күйшілерден ұрпақтарымызға шарапаты тиіп, өнерлері дарысын немесе біз де сол кісілердей ел құрметіне бөленген жақсы адам болайық деген ниетпен «сарқыт» сұрайтын әдет бар. Мысалы, балаларым осы кісі сияқты өнер-білімді, үлгі-тағылымды болса екен деген біреу ас ішіп отырған әлгі ақсақалдан немесе өнерпаздан: «Балама сарқытыңызды беріңіз, сіз секілді өнегелі болып өссін» деп, оның сарқытын сұрайды. Кейде босаға жақта отырған жастар өнегелі қариялардан: «Бізге сарқытыңызды беріңіз, жүрген-тұрған жерлерімізде елге айта жүрелік» деп сарқыт дәметеді. Сондай кезде білімді қариялар ішіп отырған асынан оларға сарқыт береді. Әдетте, қариялар мен жасы үлкен білікті адамдар өздері бәйек болып, зыр жүгіріп күтіп жүрген жастар мен шай, қымыз, шұбат құйып отырған келіндерге «көп жасасын, көргенді болсын» деген ниетпен өзі ішіп отырған шай немесе қымызынан, жеп отырған тамағынан «мә, қарағым, ауыз ти» деп сарқыт береді. Қазақ халқы «сарқыт бермеген – сараңдықтың белгісі» деп, жастарға сарқыт бермеген қарияларды сараң, көргенсіз, өнегесіз, қартайғанын білмеген деп қатты сөгеді.
Психологиялық мәні: Сарқыт беру халқымыздың маңызды құндылықтарына және өмірдің мәніне назар аудартады. Виктор Франкл адам болудың мазмұнын өмірдің мәні мен құндылықтарды жүзеге асырумен байланыстырады. Өмірдің мәні мен құндылықтарының мазмұнын анықтау барысында Франкл 2000 жылдай бұрын Гиггель деген ғұламаның пікіріне сүйенген: «Егер мен бір дүниені жасамасам, мен үшін кім жасайды? Егер мен оны қазір жасамасам, онда менің кім/не болғаным?» Франклдың пікірінше «Егер мен бір дүниені жасамасам, мен үшін кім жасайды?» сұрағы әр адамның бірегейлігін көрсетеді. «Егер мен оны қазір жасамасам, қашан жасаймын?» сұрағы өмірімнің мәнін тап қазір жасаудың, яғни уақыттың шектеулігінен хабардар етеді. «Егер мен бұл дүниені тек қара басым үшін жасасам, онда менің кім/не болғаным?» сұрағы арқылы адам өзіне қара бастың пайдасын ойлау адамдықтың сипатымен сәйкес келмейтіндігін ұқтырады. Психологияның білдей бір маңдай алды тармағының өзегіне айналған логотерапияның мәні мен пәнін құрайтын өмірдің мәні мен құндылығы мәселесі неліктен халқымыздың сарқыт беру салтында көрініс тапқан? Сарқыт беру көрінгеннің маңдайына бұйыра бермейді, оны өніп-өскен, өмірінде сыйлы, құрметті, халық мойындаған адам береді. Яғни, қазақ үшін басты құндылық – сарқыт беретін адамның ғұмырындай әрбір ғұмырдың мәнді, сыйлы, ұзақ, мойындалған, барынша мағынаға толы болуы. Сонымен бірге, өз ұрпағының көп жасауын, көпті көрген, беделді болғанын, көсемдер мен шешендердің, ақындар мен батырлардың, әншілер мен күйшілердің көп болып, халықтың майдаланбай, ұсақталмауын тілеуін сарқыт арқылы жүзеге асырған. Сарқыт арқылы халқымыз өз құндылықтарының жоғалмай, атадан балаға беріліп отыруын қадағалап, қамтамасыз еткен. Әрбір адамның тіршілік негізінің белсенділігінің алғышарты құндылық ретінде танылатынын ескерсек, жоғарыда аталған құндылықтардың әр қазақтың бойынан табылуы сарқыт арқылы жүзеге асқан. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |