12:05
Қазақтық

СҮЙІНШІ СҰРАУ

Сүйінші – «Өшкені жанып, өлгені тірілген» ерекше қуанышты елден бұрын көргенде, сондай-ақ, біреудің жан тебірентерлік ұлы жақсылыққа жолығарын алдын ала білгенде, әйелінің ұл тапқанын күні бұрын естігенде, сондай-ақ, басқа біреудің жақсылығы мен игілігін елден бұрын сезгенде қуаныш иесіне дереу «сүйіншілеп» шауып барып, қуантып «сүйінші» сұрайды.

Сүйіншіге бағалы зат немесе қалаған нәрсесін береді.

Қуанышты хабар жеткізуші адам»сүйінші-сүйінші» деп келеді. Мұндайда қуанышты үй иесі «қалағаныңды ал» дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл қуанудың, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұраудың да, оның сүйіншісін алудың да ешқандай сөкеттігі жоқ.

Егер «сүйіншіңді ал» деп, оған кейін оны беруден қашқақтаса, сүйінші сұраған адамның биге жүгінуге хақысы бар.

Ал керісінше жоғалған малды табуға, не ұрының мойнына қойып беруге уәде етіп, сүйінші алған адам, уәдесін орындамаса,

Алған сүйіншісінің белгілі бір бөлігін қайтаруға тиіс.

Жалпы қазақ халқында сүйінші – жақсылықтың нышаны. Беті балбұл жанып сүйінші сұрай келген адамға «қалағаныңды ал!» деп ешқашан қолын қақпаған. Күні бүгінге дейін бұл дәстүр жалғасын тауып, сүйінші сұрау жақсылықтың, қуаныштың нышаны болып келеді.

Сүйінші берілмеген жағдайда сұраушының бағалы зат алып қашуына болады.

 

Психологиялық мәні:

Сүйінші сұрау – құндылықтарды мойындау, тарату мен көбейтудің, қуанышты бөлісудің, оның «жұғуы» мен таралуын қамтамасыз ететін құбылыс.

Қуанышты хабардың таралған тұсында сүйінші арқылы халқымыз қуанышты хабардың бір отбасы деңгейінде ғана емес, баршаға ортақ дүние екендігін қуаныш иесіне ашық жеткізген.

Сүйінші – қуаныштың себебі болып отырған хабарға бірге қуану ғана емес, жақсылықты бөліскен жаршыға материалдық дүние беруі арқылы толық мойындағанын көрсетеді. Сондықтан сүйінші – қуанышты хабарды естігенде сүйсінуді білдіреді. Хабар сүйісінп қабыл алынады, «сүйсініп естідім» деп ниетін білдіреді.

Сонымен бірге сүйіншіге берілетін заттың құны бар. Бұл құн мәселесі арқылы адам жақсы хабарға көңіл деңгейінде қуанып қана қоймай, осы хабардың сүйінші беруші үшін құнды екенін сүйіншісін беру арқылы көрсеткен.

Мысалы, дүниеге сәби келгенде қуанып, қуаныштары бойына сыймай ата-ана жақынымен бөліссе, сүйінші сұраушы жақсы хабардың таралуын қамтамасыз еткен. Сүйінші беруші сүйінші сұраушының адал, ақ ниетін қолдап, сәбидің дүние есігін ашқандығын сүйсініп жеткізген. Бұл хабардың құндылығын сыйлық арқылы көрсеткен.

Сүйінші арқылы бір отбасының құндылығы – қуанышты хабары ортақ құндылыққа, ортақ қуанышқа айналған.

Жалпы, адам өміріндегі кейбір құбылыстар үшін сүйінші сұраудың психологиялық маңызы жоғары. Сүйінші арқылы жақсы хабардың маңыздылығы анықталады. Мысалы, жаугершілік замандарда қорғаныш болар ер-азаматтың дүниеге келуі маңызды болған. Сондықтан әрбір қазақ отбасы ұлды болғанды қалаған сияқты. Алайда психотерапиялық кездесулерге келетін жетінші, тоғызыншы қыздардың дүниеге келгеніне ата-ананың сүйінші сұрамауы бұл қыздың өмірлік фундаментальді құндылығын сезінбеуіне алып келеді. Сондықтан сүйіншіні алалап сұрамаған жөн.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: