17:19
Қазақтық

ЖЕРОШАҚ МАЙЛАР

Жерошақ майлар – қайтыс болған адамның жылдық асын берудің алдында дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында жасалатын салт.

Асқа үлкен дайындық жасалады. Оны ұйымдастырушылар алдын ала «сауын» айтады. Алдын ала дайындықтың қалай жүріп жатқанын тексеріп отырады. Мал сойылып, кішігірім той жасалады. Үлкен іске кіріспес бұрын жауапты адамдар өздерінің шын көңілдерімен қазақ халқының атына сөз келтірмей орындайды.

Өмірден өткен адамның жылын өткізетін күні арнаулы ошақ қазып, қазан асып, бір қой мен тұл атқа құран оқытады. Қойды алдымен сойып қазанға асып, пісіріп жәрдемге келген жамағат аят оқып, ауыз тиеді. Ошақ қазған кісіге жол-жора беріледі.

Жерошақ майлардың басты мақсаты – алдағы үлкен асқа дайындықты пысықтау. Той алқасын белгілеп, кімге қандай жұмыс жүктелетінін анықтау. Тіпті алты алашқа сауын айтып, кең көлемде тойланатын астың ошақ майларының өзі кішігірім тоймен тең өтеді.

Жерошақ майлар тойында «ошақ бәйге» деп бәйге өткізіп, балуан күрестіретіндер де болады.

Бұл ағайынның ауызбіршілігі, ынтымағы мен берекесінің көрінісі. Бір әулеттің ғана емес, кейде бір рудың, бір елдің береке-бірлігі сынға түсетін астарда жерошақ майлар салтының маңызы жоғары деп есептелген.

 

Психологиялық мәні:

Халқымызда қайтыс болған адамның жылдық асын беру – психологиялық маңызы зор шаралардың бірі. Бір жылға дейін қайғыға мойынсынып, қара жамылып, аза тұту арқылы марқұмның жақындары бір жылда өз бойындағы физиологиялық, психикалық, эмоционалдық тұрғыдағы барлық мәселелерімен кездесіп, арылып бітуі талап етіледі.

Ас беру – психологиялық тұрғыдан алғанда қара жамылып отырған адамдардың қайта қалпына келіп ортасына қайта қосылуының алғышарты, «есігі». Ас беру барысында адам аза тұтумен қоштасып, қайтыс болған адамнан біржолата ажырап, беті бері қарап, басын көтергенін елге көрсетуі керек. Асқа жиналған адамдар бір жыл бойы аза тұтқан адамның енді ел қатарлы той-томалаққа мамыражай күйге қайта оралғанын атап өтуге келеді деп айтуға болады.

Сондықтан ас беру – аза тұтқан отбасы үшін сын. Бұл сыннан сүрінбей өтуге алдын ала дайындықтың, яғни жерошақ қоңырсытудың жасалуы – заңдылық. Себебі аза тұту барысында ас беру деңгейіндегідей іс-шаралар ұйымдастырылмаған

Жерошақ қоңырсыту барысында қазаны бастан кешірген отбасы өзінің ас беруге психологиялық, материалдық тұрғыдан дайындығын тексереді. Ас берушілер ас бергенде қара жамылғанын аяқтап, асқа сақадай сай болуы қажет деп саналған. Сонымен бірге жерошақ қоңырсыту барысында аза тұтушылар қайтқан кісімен толық қоштасады. Оған дәлел – асқа сойылатын қой мен тұлданған жылқы сойылып, қайтыс болған адамның тіршілігінің соңғы белгісі «жан тапсырады».

Жерошақ қоңырсыту барысында ас беруге ошақ дайындалады. Бұл дегеніңіз – қайтыс болған адамға арнап соңғы рет дүйім елге арнап ас беру ниетін көрсетеді. Бұдан кейін бұл шаңырақта қазаға емес, той мен томалаққа дастарқан жайылуын үміт еткен..

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: