00:03 Қазақтық | |
ҚАЛАУ Қалау – өмірден өткен адамдардың артында қалған киім-кешегін, тұтынған заттарын естелік ретінде тарату немесе қалап сұрап алу. Қалау салты да теберікке ұқсайды. Теберікті қайтыс болған адамның артында қалған туыс-туғандары өздері таратып берсе, қалауды көбінде асқа, жаназаға, көңіл айта келген адамның өзі сұрап алған. Кейде қалауды қайтыс болар алдында жасы үлкен, қарт адамдар өзінің ет жақынына, өзі тірілігінде қатты құрметтеген інілеріне таратып беріп кетітін болған. Тіпті, ондай адам келе алмай қалса, артына аманат ретінде «Бәленшеге беріңдер» деп тапсырып кеткен. Теберікте бір жапырақ бұл жыртылып, соны берсе, қалауда қайтыс болған адамның киім-кешегін, тұтынған бұйымдарын сұрап алған. Ондағы мақсат – өзі жақсы көретін адамның бұйымын «көзіндей көріп» ұстап жүру немесе киімін ырымдап киіп жүру. Ал негізгі түп-төркіні – өмірден өткен жақсы жанды ұрпақ санасынан өшірмей, кейінгіге тәмсіл ретінде айтып, тарихын тарқатып отыру үшін жасалады.
Психологиялық мәні: Халқымыздың құндылықтарының бірі және бірегейі – қарым-қатынас, өмірде із қалдыру, мәнін ұғыну мәселелері. Қалау осы мәселелерді шешуге ықпал еткен. Алдымен, қайтқан адамның тұтынған заттарын қалап алу арқылы қалап алған адам қайтыс болған адамның көзіндей көрген және көзінің қарашығындай сақтаған. Яғни, қайтыс болған адамның тіршілігі ары қарай жалғасын тауып қана қоймай, олардың арасындағы жылылыққа толы қарым-қатынас зат арқылы жалғасқан. Ары қарай, қалау сұрау оны сұраушының ақ тілегі мен үмітінен хабар береді. Яғни, қайтыс болған адамның ғұмыры мен тағдырын сыйлап, осындай мағына мен мәннін өзіне «жұққанын» қалаған. Сонымен бірге, «жақсының аты өлмейді» қағидасы қалау арқылы жүзеге асырылған. Қайтыс болған жақсының заттары арқылы ұлттық құндылықтар, игі істер турады ақпараттар, тарихи дүниелер ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Бұл жосықтың сақал-шашы ағарған қариялардың, жалпы жасы келген сыйлы адамдарға қатысты жасалғанын ескерген жөн. Қайтыс болған кісінің мағыналы ғұмырымен қоса, қалаушының ұзақ өмір сүруге деген ұмтылысын көреміз. Яғни, қалау арқылы қалап алушының бірегейлігі мен болмысы жоққа шығарылмайды. Оның өмірлік мақсаты мен құндылықтары анықталады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |