12:55 Қазақтық | |
ТУЫН ЖЫҒУ Туын жығу – қайтыс болған адамның жылдық науқаны өткенін білдіретін жоралғы. Халқымыздың салт-дәстүрінің арасындағы ең көне ырымдарының бірі. Бұрынғы заманда қаза болған кісіні жерлеп келгеннен кейін, шаңырақтан немесе босағадан ту шығарып жылына дейін тұрғызады. Қазақ халқында туға қатысты ұғымдар өте көп. «Туың жығылмасын» деген алғыс болса, «қаралы ту кетпесін» деген қарғыс та бар. Ал «туың жығылып, тауаның қайтпасын» деген ұғым тірлігің таусылмасын, денің сау болсын дегенді меңзейді. Осы орайда қайтыс болған адамның босағасына байланған қаралы туды түсіру салтында халық даналығы жатқаны айқын. Қайтыс болған адамның жылы өтіп, ел тарқайтын кезде, арнаулы бір кісі тігулі тұрған қаралы туды алып, сабын сындырады. Мұны «туын жығу» деп атайды. Қазіргі кезде елімізге белгілі, Тәуелсіздігімізге айтарлықтай үлес қосқан танымал тұлғалар өмірден өткенде Мемлекеттік Туды төмен түсіріп, өлген адамға құрмет көрсету рәсімі жасалады. Ал қарапайым адам өмірден өткенде үйдің ішкі керегесіндегі қазыққа киімін іліп қояды. Жылы өткен соң ол киімді жинап алады.
Психологиялық мәні: Ту кез келген жағдайда белгілі бір құбылыстың белгісі, нышаны. Тудың қара болуы бастан кешкен ауыртпалық пен бұл жағдайда қажетті күш, жігер, бірлікті білдіреді. Сонымен бірге қара түс қорқыныш пен қауіптің, еңсені көтерпейтін, күйзелісті білдіретін түс. Бұл түс арқылы түнек, қараңғылық, қауіп, мәйіт, белгісіздік, агрессия, хаос, тығырық сияқты құбылыстар сипатталады. Сондықтан адамынан айрылған үйдің қара жамылып, қара ту тігіп отыруы, яғни басынан өтіп жатқан қиын қыстау кезең уақытша дүние болып есептелген. Бір жыл өткен соң түндігі түріліп, найзаға қадалған қара туды жығу арқылы қара жамылу тоқтатылған. Қара туды тек жығып қана қоймайды, тудың сабын сындырады. Бұл дегеніңіз қаралы жағдайдың келмеске кеткенін, бастығы бұндай жағдаймен толығымен қоштасуды ұғындырады. Психологиялық тұрғыдан қаралы тудың жығылғаны өмірдің жеңгенін, қаралы жағдайдың «жеңілгенін» көрсетеді. Қара жамылу аяқталып, келмеске кетеді. Бұл салт арқылы халқымыз қара жамылғанның «өлгеннің артынан өлмек жоқтығын» ұғынып, оның өз тіршілігін ары қарай жалғастыруын талап еткен. Халқымыздың қаралы туды жығып, өмірдің жеңгенін және қара жамылғанның еңсесін көтергенін талап етудің жөні бар. Себебі қара жамылған адамның қайғыдан толық арылуына барлық жағдай жасалған. Жалпы, қаза салттарынан халқымыздың ажалды мойындап, оны өмірдің құрамдас бөлігі екенін терең ұғынғандығын көреміз. Сонымен бірге қайғыға берілу жосықтарының өзі кейін толыққанды өмір сүруді қамтамасыз еткен, қаралы туды жығу осының дәлелі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |