10:43
Қазақтық

ШЫҢ КИІМ

Шың киім – кебінің бір түрі.

Қыз ұзатылғаннан кейін, кейде ұзатылған кезде әке-шешесі «төсек-орнын», яғни «қалың малдың» қарымтасын толықтай арттырып жібереді. Толығырақ түсіндірер болсақ, жігіттің әке-шешесі қыз жаққа «қалың мал» деп 47 жылқы апарса, қыз төркіні де «төсек орын» (қыз жасауы) деп сол 47 жылқының құнына татитын дүние-мүлік береді.

Оның ішінде қыз баланың күнделікті тұрмыста қолданылатын ұсақ-түйек бұйымынан бастап, өлгенде оранатын кебіні мен иман киізіне дейін болады.

Осы жерде иман киіз бен кебінді кейде артынан апарып беретін кез болады. Оның мәнісі қыздың қуанышына қайғының дүниелерін араластырмаудан туындаған. Осындайда ұзатылған қыз төркініне қайта айналып келіп, «төркіндеу» салтын жасағанша қайтыс болып кетуі мүмкін.

Иман киіз бен кебінін беру қыздың ата-анасының міндеті болғандықтан, қыздың әке-шешесі бір кебіндік ақ матаны, қал үстінде жатқан адамға көрсетпей жастығының астына тығып қояды. Қайтыс болғанда ақырет ретінде жұмсалады. Осы ақ мата «шың киім» деп аталады.

 

Психологиялық мәні:

Қалың мал мен төсек орын құдалардың жаңа құрылған шаңырақ үшін көрсеткен қамқорлығы. Бұл жоралғылар арқылы екі жақ жас отбасының үй болып кетуі үшін әрекет жасаған.

Көргеніне көрмегені көп кешегі бозбала мен бойжеткеннің тұрмыс-тіршіліктің қиындықтарын көріп, дүние жинауға уақыттарын бөлмей, қарым-қатынастарын құру мен нығайтуға өз уақыттарын бөлгенін қалағанын да көруге болады. Қазіргі кезде ажырасудың басты себептерінің бірі – отбасыдағы материалдық жетіспеушіліктер екендігін ескерсек, аталған жоралғылар арқылы ата-ана жаңа отбасының беріктігін қамтамасыз еткен.

Бұл жоралғылар арқылы екі жас ата-ананың қамқорлығынан өзге олардың «үй болып кетсін» деген тілегі мен ниетін, яғни жаңа, әсем төсек орын, үй жабдықтары арқылы олар болып-толған үйдің проекциясын көреді. Ендігі жерде жастардан талап етілетіні – үй болып кету, тұрмыстық мәселелер емес, тіршіліктік мәселелерге назар аудару.

Төсек-орынның құрамында қыздың кебіні мен иман киізінің болуының бірнеше мағынасын аңғарамыз:

Біріншіден, қыз өзінің жат жұрттық екендігімен қоса, өле-өлгенше төркіні бар екенін, шыққан жері мен түбін, ата-анасы бар екенін ұмытпайды.

Екіншіден, жаңа құрылған шаңырақ иелері бұл тіршіліктің мәңгілік еместігін, сондықтан өмірді баянды етіп өткізуге барынша әрекет жасау керектігін ұғынады.

Психологияда адам өмірінің шектеулі екендігі – оның ғұмырын барынша баянды етіп өткізуге тырысуға итермелейтіні белгілі. Сондықтан ұзатылған қыздың артынан кебіні мен иман киізін қоса апару- жастардың өмірін босқа, ұрыс-керіс, жанжал арқылы емес, қысқа ғұмырды тату-тәтті, мәнді етіп өткізуге ұмтылысын қамтамасыз етеді.

Осы жерде иман киіз бен кебінді төсек орынға қоспай артынан апарып берген жөн болады. Себебі ұзатылу мен үйрену тойының қызығы мен шыжығы барысында жастар иман киіздің мәнін ысырып тастауы мүмкін. Бөлек келген кебін мен иман киіз жастарға барынша ой салатыны анық.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: