11:07
Қазақтық

СҮЙЕК КҮЗЕТУ

Сүйек күзету (қонақ асына отыру)адам қайтыс болған күні түнде, үлкен кісілер мәйіт басына шырақ жағып, мәйтті күзетеді.

Ұлтымыздың дүниеден өткен адамды о дүниеге жөнелту рәсімдерінің көбі ислам дінінің жоралғыларымен жүргізілетіні белгілі. Дегенмен, ежелгі ата-бабаларымыздың ұстанған жолы, ұлтымыздың сан ғасырдан бері уақыт талабына төтеп беріп, ғасырлар сынынан сүрінбей өткен өзінің табиғатына сай әдет-ғұрыптары бар.

Солардың бірі осы – сүйек күзеті дәстүрі. Бұл дәстүр ертеде қауіпсіздік үшін жасалса, қазіргі кезде өмірден өткен адамның тірі күнінде істеген игі істерін еске алып, молдалар діннен уағыз айтатын шағын руханият алаңына айналып барады.

Сүйек күзетудің екінші бір астары – қайтыс болған адамның алыстағы ағайын-туысы келгенше мәйітті күттірудің бір көрінісі.

Адам көп жағдайда көзімен көргенге сенетіндіктен, алаңдаушылықта жүрмес үшін халқымыз бір күн еру болдырып, алыс-жақындағы ағайын-туысы толық жиналғаннан кейін ғана қаза болған адамды жер қойнына тапсырады.

Ал сүйек күзетудің қауіпсіздіктен туындаған салт екеніне тоқталар болсақ, бұл үйге кіріп-шығып жүрген бала-шағаның мәйіттен шошынып қалуынан сақтану үшін жасалатын әрекет екенін байқаймыз.

 

Психологиялық мәні:

«Қайтыс болған күні түнде, үлкен кісілер мәйіт басына шырақ жағып мәйітті күзетеді», бұл сүйек күезту деп аталады.

Халқымыздың өзге ұлттар мен мәдениеттерден ерекшелігі – «адам» ұғымына мықты талап қойған. Адам – тіршілік иесі. Бұл нығметтер бойынан кеткенде, құр сүйекке айналады: «сүйек күзетіледі», «сүйек шығарылады», «сүйекке түседі».

Шырақ жағып, сүйек күзеткенде, ең алдымен, бұл сүйектің бір кезде адам ретінде бұ дүниеде шырағы жанғандығы, енді о дүниелік болып, шырағы өшкендігі мойындалады. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Дүниеден қайтқан адамның артынан үлкен кісілер, «бұл сүйектің шырағы сөнгенімен, артында қалған түтіні өшпей, шырағының сөнбейтіндігінен» үміт күтеді. Қараңғы түнек пен жарықтың қатар жүретіндігі мойындалады.

Сүйек күзету барысында жиналған қауым қайтыс болған жан туралы жақсы пікірлері мен әңгімелерін өрбіткісі келген болуы керек. Марқұмның тіршілігіндегі бейнесі мен жасаған әрекеттері дәріптеліп еске алынуы мүмкін.

Сонымен бірге, сүйекті күзету арқылы алыс-жақыннан келетін барлық жақындарының марқұммен қоштасып қалуына, соңғы рет көруіне мүмкіндік жасалады. Психологиялық тұрғыдан бұл маңызды. Себебі, адамның жақыны қайтқанда оның демі үзілгенін, сүйегін көруі – үміттің үзіліп, қазамен толық келісуге алып келеді.

Қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда, сүйек күзетудің мәні зор. Қазаны басынан кешірмеген жас балалар үшін қайтыс болған адамды жалғыз қалдырмай, қасында адамдардың қоршап, жақсы әңгімелерін айтып отыруының өзі – адамның тек тірі кезде ғана емес, қайтыс болып сүйекке айналған соң да маңызы жоғалмайтындығын, жалпы қазақ үшін адамның ең басты құндылық екендігін көрсетеді.

Сүйек күзетуге үлкен адамдардың кіргенінің өз жөні бар. Адам жасы ұлғайған сайын, өмір сүруге мүмкіндіктері қысқара түседі. Сүйекті күзету арқылы үлкендер өздерін мағыналы өмір сүруге тәрбиелесе, екінші жағынан, сүйекті жастарға күзеттірмеу арқылы халқымыз жастарға, олардың психологиялық әл-ауқатына қамқорлық көрсеткен.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 6 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: