10:56
Қазақтық

ДАУЫС ШЫҒАРЫП КЕЛУ немесе «ОЙ, БАУЫРЫМДАУ»

Дауыс шығарып келу – қазақтың өлік жөнелту салтындағы аза тұту, қайғыру жосыны.

Қайтыс болған адамның жақын туыстарына көңіл айтуға келген ағайын-туыс, ауыл-аймақ, таныс-біліс адамдар үй маңына жеткенде ат-көлігін қалдырып, «ой, бауырымдап!» дауыстай жылап келеді.

Қаза қайғысын білдіретін бұл салт жөнінде Ш.Уәлиханов: «Кісі қолынан қаза болған марқұмға келушілер ауылға таянғанда аттың басын жіберіп, «ой, бауырымдап» шауып келу бар», - деп жазды.

Қазіргі кезде ер адамның бұлайша дауыс қылып келу салты негізінен оңтүстік және Жетісу өңірінде сақталған.

Кейбір жағдайда «атам-ау, апам-ау» түрінде де айтылады. Мұндай кезде «Сыйласқанға жат жақсы, жыласқанға өз жақсы» деген дәстүрлі ортада ағайын арасындағы бұрыннан келе жатқан бас араздық, өкпе-наз ұмытылып, қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу жоралғылары бірлесіп атқарылады.

Келген адамдар ер адамдармен далада көрісіп, қайғыға ортақтастығын білдіріп, жылап, жоқтайды. Әйелдер үй ішіндегі әйелдерге көрісіп, жоқтау айтып отырғандармен түгел амандасып, қайғыға ортақтығын білдіреді.

Ағайын, тума-туыс, дос-жаран, құрбы-ұрдастар адамынан айырылып, қайғы жұтып отырған үйге көңіл айтып, қайғыға ортақтасып рухани, өлікті жөнелту ғұрыптарын атқаруға көмек беріп материалдық қолдау білдіреді.

Кейде қайтыс болған қарт адам болса, «атекем», «данагөйім» десе, орта жастағы, ел ағасы болған азамат болса «арысым», «қамқорым», «қормалым» дейді. Ал өмірден өткен жас жігіт, қыршын жас болса «ой, бауырым!», «қыршыным!», «боздағым» деп келетін болған.

«Ой, бауырымдау» әйел адам қайтыс болса, көп қолданылмайды. Тек дүниеден өткен адам қадірлі бәйбіше, қастерлі ана, ел анасы атанған әже болса, «апатай», «апеке!» деп дауыс қылып келеді.

Бұлай болуы қазақ халқының бауырмалдығының, «өкпеге қиса да, өлімге қимас» жанашырлығының көрінісі.

 

Психологиялық мәні:

Жақыны қайтқанда адамның бойында шок, есеңгіреу, сең соққандай болу сияқты физиологиялық үрдістер болады. Табиғи болғанымен адам денсаулығы мен әл-ауқаты үшін кері әсерін тигізетін деструктивті үрдістердің ұзаққа созылмауының бірден-бір жолы – іштегіні шығару. Сырттан келгеннің бауырымдап келуі – қазаға қайғырып отырған жақын адамның жүрегін жібітіп, бойдағы деструктивті үрдістердің жас арқылы шығуына ықпал етеді. Сырттан келген адамның қайтыс болған адамды бауыры мен апасына, атекесі мен данагөйіне, арысы мен қамқорына, бауыры мен қыршынына, боздағына теңеуі арқылы қайғыдан қан жұтып отырғанның жалғыз еместігінен хабардар етеді.

Сондықтан, «Даауыс шығарып келу» немесе «ой, бауырымдау» арқылы, біріншіден, халқымыз бойдағыны іште сақтап қалмай, сыртқа шығарудың психологиялық мәнін терең түсінген.

Сонымен бірге, дауыс шығарып келу, ер адамға «бауырым», әйел адамға «апам, апекем» деп келу арқылы, қайтыс болған адамның артында қалған адам жалғыз қалмағандығын, келгеннің барлығы өзіне жат еместігін түсініп, тірілерге сүйеніп, олармен бірге тіршілік етуге ниеттендіреді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: