11:06
Қазақтық

ИМАН КИІЗ

Иман киіз – бұл қаза болған кісіні ақырет киімі (кебін) сырттан орайтын ақ киіз.

Көшпелі тірлікті ұстанған халқымыз ешқандай өндіріс, ешқандай фабрика жоқ кезде де өзінің киімін, бұйымын, өзіне керек заттың барлығын өз қолымен жасап алып отырған. Әсіресе өзіне жесе тамақ, ішсе сусын, мінсе көлік болған бес түлік малдың өнімдері ұлтымыздың кәдесіне жараған.

Қойдың жүнінен неше түрлі киіз жасап, оны киімге, көрпе-жастыққа да пайланаып келген. Тіпті елге хан сайлағанда «хан көтеру» салты бойынша хан атанған адамды «Ақ киізге салып» көтерген.

Иман киіз де жүннен жасалады.

Оны жасау үшін қойдың жүнінің қылшығын суырып, қалған ақ түбітінен басып даярлаған. Иман киізді арнаулы жүкке жиып, таза сақтайды. Төсеніш ретінде пайдаланбайды. Ежелгі уақытта халқымыз кебін орнына да осы ақ киізді пайдаланып, дүниеден өткен марқұмды «ақ жауып арулаған». Бертін ақырет киіз жасалып, ол тек мәйітті орап бейітке апаруға ғана пайдаланылып келеді.

 

Психологиялық мәні:

Иман киіз «шымылдық құру» сияқты психологоиялық мәнге ие.

Оның психологиялық мәні – өлімнің өмірдің құрамдас бөлігі ретінде танылуында жатыр. Иман киізден өлімді күту емес, қазаның болмай қоймайтындығын мойындағанды көру қажет.

Өз тіршілігін көшпелі өмір салтына негіздеп, табиғатпен қоян-қолтық өмір сүруге бағыттаған қазақ тіршілігімен қатар өліміне де дайындалған, мойындаған. Өмір мен өлімнің тірліктің екі келбеті екендігін көреміз. Шымылдық арқылы халқымызда түтін түтелсе, шымылдық арқылы дүниеден озады. Сол сияқты қазақ тіршілігінің негізі болған бес түліктің жүнінен жасалған киіз де өмір мен өлімге қызмет етеді: адамның тірі кезінде төсеніші болса, қайтыс болғанда иман киізіне айналып, оған адам оралған күйде жер ана қойнына тапсырылған.

Иман киіздің ақ түсінің де мәні бар. Ақ түс тазалықтың белгісі ретінде қабылданатыны белгілі. Бұл арқылы халықтың қайтқан адамның жан деңгейінде «сүттен ақ, судан таза» болып келгендігін, ал қаза болғанда жаны мен тән деңгейінде өмірінде талай дүниелер болғанымен жер қойнына ағартып жіберуге деген ниетін көруге болады.

Айта кетерлік жайт, өмірден озған жағдайда мәйітті орайтын ақ киізге ханды көтеріп тағына отырғызудың астарында да үлкен психологиялық мән бар. Адам хан сайланған кезінде, өзінің жеке өмірі мен жеке мүддесі «қаза болып», ел-жұртына әлеуметтік болмыс ретінде қызмет етуінің басталуын ұғындырған.

Уақыт өте келе, ақырет киіздің мәйітті орап бейітке апаруға ғана пайдалағандығынан салттың көнергенін емес, отбасы мүшесі қайтыс болғанда түрлі жатжұрттық, діни, т.б. заманауи үрдістердің кеңінен таралып, қолданысқа еніп кеткендігін көруге болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 14 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: