11:15 Қазақтық | |
АРЫЗДАСУ Арыздасу – өмірден өтіп бара жатқан адамның соңғы сағатында туған-туысқандарымен, бала-шағасымен соңғы рет тілдесіп, олармен қоштасуы. Мұны өлім сәті таянғанын сезген әр адам есі, тілі барында айтып қалуға тырысады. Мұндайда ауру жанында отырған адамдар «бақұл бол», «қияметте жүздесейік» деп көзіне жас алады. Кей жерлерде мұны «бақұлдасу» деп те атайды. «Арыздасу» көп айтыла бермейтін, бірақ «Ар ісі» деген ұғымнан шыққан салт. Қайтыс боларын сезген адам бар күш-жігерін жинап, туған-туысқандарымен, жақындарымен, жора-жолдастарымен ақырғы рет сөйлеседі. Арыздасуға әдетте рухы биік кісілер бара алады. Науқасы меңдеп кетпей ұтрғанда өзінің өмірден өтіп бара жатқанын сезіп, соңғы рет бақылдаспақ болып жұртшылықты жинайды. Осылайша жарық дүниемен, бүкіл елімен қош айтысады. Өмірін ой елегінен өткізіп соңғы сөзін айтады. Орындалған, орындалмаған арманын, өсиетін баяндай отырып қоштасады. Кейде артық кеткені үшін, бәз біреулерді өкпелеткені үшін кешірім сұрайды. Бұлай ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұндай қадамға баратын адам басқаларға мына жарық дүниеде қалай өмір кешу керек екенін меңзейді. Жеке адамдарға – дос, құрдастарына жеке назы, балаларына айтар өсетін арнайды. Өтініштері болса балалары мен басқалар орындауға уәде етеді. Бұл дәстүр адамдардың қиын жағдайда бірі-біріне медеу болу арқылы қоғам мүшелерін бұрынғыдан да жақындастыру үлгісі. Арыздасу алыс, қауіпті адам үлкендерден бата алмақ үшін, жұртпен қоштасу үшін, туыстары өтініш, қызметшілеріне тапсырмалар беру үшін барады. Қазақтың бұл дәстүрінің байырғы заманда пайда болғаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан білуге болады.
Психологиялық мәні: Халқымызда ежелден келе жатқан адамның ажал құшағында жатқанда жасалатын «арыздасу» немесе «бақұлдасу» салты қазіргі психологияда маңызды феномендердің бірі. Терең рухани және психологиялық мәні бар құбылыс. «арыздасу» қазіргі кезде әсіресе батыс елдерінде ажал құшағындағы немесе онымен арпалысып жатқан адамдарға қатысты кеңінен қолданылады. Ол паллиативті көмек берудің негізін құрайды. Паллиативті көмек беру барысында арыздасуға мазмұны жағынан сәйкес келетін әрекеттер жасалады: өлім аузында жатқан адамдарға ізгілік пен руханилық қағидасы арқылы қарап, олардың ақтық сапарға аттанып бара жатқанында тілдесу – өркениетті елдерде міндетті жоралғылардың бірі болып саналады. Арыздасу арқылы психологиялық тұрғыдан ажал құшағында жатқан адам мен оның артында қалған адамдарға қатысты бірнеше фундаментальді мәселелер шешіледі. Біріншіден, «арыздасу» көп айтыла бермейтін, бірақ «Ар ісі» деген ұғымнан шыққан салт» деп айтылды. Арыздасу барысында ажалы алқымынан алған адамның көз алдынан өткен өмірі мен кешкен тірлігі жүріп өтеді. Қайтыс боларда адам «өзін-өзі жоғалту», «ажалын күту», «өмір мәнінің таусылуы», «тағдырымен күресі мен шиеленісі», «ажалға мойынсынбау» сияқты психологиялық феномендермен кездеседі. Арыздасу арқылы адам өз өміріне көз жүгіртеді. Ар-ұятымен қатынасқа түсіп, сүрген өмірінің мән-мағынасы мәселесімен кездеседі. Сонымен бірге, бұл өмірде қандай жолды жүріп өткенін ой елегінен өткізіп, оның бірегейлігі, құнды-құнсыздығымен бетпе-бет келеді. Артында қалып бара жатқан әрбір жақынымен тілдесу барысында олардың өміріндегі өз орнын анықтап, өмірінің бостан-бос өтпегендігіне көзі жетеді, өлімге мойынсынады. Сондықтан арыздасу барысында адам ең алдымен өзінің өмір жолымен қош айтсады. Өз-өзіне өмір жолы туралы есеп береді десе де болады. Екіншіден, ажал құшағында жатқан адам артында қалып бара жатқан жақындарымен қош айтысуына мүмкіндік беріледі. Қазіргі кезде кез келген медициналық мекемеде өлім аузындағы адамның соңғы сағатында туған-туысқандарымен, бала-шағасымен ақырғы рет тілдесіп, олармен қоштасуына мүмкіндік беріледі. Жақындары болмаған жағдайдың өзінде де ажал құшағында жатқан адамның ақырғы рет тілдесуі өте маңызды екені ескеріледі. Сондықтан ауру меңдеген, беті бері қарамайтын адамдар үшін арнайы хоспистар дайындалып, олардың өліммен кездесуін жеңілдету мақсатында психологиялық тілдесулер жүргізіледі. Арыздасу барысында ажал құшағында жатқан адамның өз өліміне мойынсынып бара жатқандығын, мағыналы ғұмыр кешіп, ешқандай наразылық пен өкініші жоқ екендігін айтып кеткені артында қалған балалары үшін өте маңызды. Себебі, адам өлімі – артында қалған балалары мен жақындары үшін ауыр тиетіні сөзсіз. Ажал құшағында жатқан адамды арашалап, құтқарып қалуға ұмтылатындығы белгілі. Осы тұста о дүниелік болайын деп жатқан адамның өлімге мойынсынғанын және көңілінің жай тапқанын көру – қаза артындағы қайғыны жеңілдетеді. Қазаға қайғыруға қатысты психологиялық кеңеске жүгінетін адамдардың психоэмоционалдық жағдайы арыздасуға мүмкіндігі болған, болмағанына тікелей байланысты. Арыздасып үлгерген адам қара жамылу барысында, қайтыс болған адамның өсиеті мен қоштасу барысындағы әрекеті мен сөздеріне сүйеніп, қайғыдан тезірек айығады. Ал арыздасу болмаған жағдайда, әсіресе кенеттен қайтқан немесе ажал құшағында жатқан адамның кеткісі келмей, өмір сүргісі келіп, қимастығын байқаған адамдардың бойында, қолынан ештеңе келмегендігі туралы өкініш пен қайғы торлап, өздерін жазалау, аутоагрессивті құбылыстар болады. Ондай адамдардың өмір сүруден бас тартып жататын кездері де жиі кездеседі. Сондықтан арыздасуға мүмкіндік беру арқылы қайтыс болған адамның артында қалған ағайын-туысына ары қарай тіршілігін жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Үшіншіден, арыздасу арқылы атадан балаға отбасылық және рухани құндылықтар берілуі жалғасады. Ажал құшағында жатқан ата, әке, әже, ара артында қалған балаларына өмір сүру салты мен құндылықтары туралы, бір-бірімен сыйластықтары туралы, өзі осы өмірде жасай алмай кеткен дүниелерін жалғастыру туралы өсиеті мен өтініштерін қалдырып кетеді. Яғни, арыздасу барысында қалған өсиет арқылы қайтыс болған адамның өзі өлгенімен құндылықтары балалры арқылы жалғасын табады. Арыздасуды алыс, қауіпті деген жолға шығар алдында да айтудың өз мәні бар. Бұл халқымыздың өмір мен өлімнің қатар жүретіндігін мойындағанының көрінісі. Ұзақ сапарға шығар алдында арыздасу арқылы адам артында түйіні шешілмеген мәселе қалдырмай, жүрегі тынышталып сапарға аттанған. Артында қалған адамдарының тіршілігін өз беттерінше жалғастыруын «міндеттеген». баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |