23:02
Қазақтық

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ

Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны.

Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін.

Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал құмалақтарды дайындау үшін қойдың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болған.

Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.

Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз.

Тоғыз саны ежелгі түркілерде көптік мағынаға ие әрі қасиетті сан. «Тоғыз жолдың торабы», «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық», «тоғыз інген боталап, тоғыз бие құлындап», «үйірімен үш тоғыз» деген сөз тіркестердің бәрінде тоғыз саны көптік мағынаны білдіріп тұр. Тоғыз – шексіздікті бейнелейтін сан.

Тоғызқұмалақ арнайы тақта арқылы ойналады. Әрі ақыл-ойды дамытатын, адамның қабілетін арттырып ми қызметін жетілдіретін зияткерлік ойын.

Тек ойын ғана емес оның танымдық әрі тағылымдық тұрғыда да, сондай-ақ спорт, өнер, ғылым ретінде де маңызы зор.

Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын интеллектуалдық ойын, логикалық ойлау өнері. Жасөспірім ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап таып, зерделілік және зияткерлік даму құралы ретінде қолданған.

 

Психологиялық мәні:

(Зияткерлік мәні)

Тоғызқұмалақты зияткерлік және стратегиялық ойын деп айтуға болады. Адамның логикасы мен стратегиялық ойлау қабілетін жетілдіреді.

Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ – халқымыздың ғылым тен техника дамымай жатып адам интеллектісіне мән беріп, оны дамытуға әрекет еткендігінен хабар береді. Тоғызқұмалақ туралы орыстың этнограф ғалымы Н.Н.Пантусов 1906 жылы байсалды, байыпты, оқу, санау, ойлау қабілеті жоғары адамдардың ойыны ретінде атап өткен. Егер де орыс ғалымы үшін тоғызқұмалақ ойлау дәрежесі биік, яки өресі биіктердің ойыны ретінде ұғынғанын ескерсек, дала ойыны тоғызқұмалақ ойнай білген әр қазақтың өресі кең, интеллектісі жоғары болғандығы анық. Халқымыз әр адамының надан емес, тоғызқұмалақ ойнай алатындай интеллект иесі болғандығын талап еткендігін, дала алгебрасымен бұғанасы қатпаған бала мен еңкейген қартқа дейін айналысқанын көреміз.

Қазіргі таңда 4 жыл сайын өткізіліп тұратын Бүкіләлемдік зияткерлік ойындары немесе Интеллиадада зияткерлік ойындардың 5 түрі бар (бридж, го, шахмат, дойбы, сянци), тоғызқұмалақ осылардың ішінде «го» (алға жүру) ойынымен психологиялық мазмұны бір деп айтуға болады. Сондықтан тоғызқұмалақ арқылы қазақ өзінің интеллект мәселесін бүкіл әлем мойындайтындай деңгейде шешкен.

Интеллект – латын тілінен аударғанда ұғыну, түсіну, жету дегенді білдіреді. Интеллект кез келген адам әрекеті мен тұрмыс тіршілігінде жетістіктерге жету мен түйінді мәселелерді шешуге бағытталған қабілет. Ол кез келген қабілеттердің іргетасы болып саналады. Интеллект ойлаудың синонимі емес. Халқымызда «жете» сөзі бар, «жетесіне жеткізу» бар. Бұл ат үсті, бер жағымен ойлау емес, адамның бар ынтасымен түйсініп, ұғынуы, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуі». Сол сияқты интеллект арқылы адам өзінің танымдық мүмкіндіктерін ретімен қолданады, өмірге бейімділігін қалыптастырады.

Ойынды ұйымдастыру барысындағы психологиялық мәні:

Ойын барысында әр адамның өз қазаны болады. Бұл әр адамның өз шекарасын белгілеуі. 18 отауда 9 құмалақтан болады. 9 саны, бәрімізге белгілі сандардың бірінші ондығын аяқтайды, толықтыратын сан. Бұл арқылы әр қазанның толық болғандығына ұмтылысты көреміз.

Тоғызқұмалақ – стратегиялық ойын. Әр отаудың аты арқылы, әрбір ойыншының өз шекарасын сақтауына, отаудың толық болуын көздеген. Бұл ойында шегінуге жол жоқ. Қасқайып тек алға жүріп, не жеңіс, не жеңіліспен ойынды қазан еткен интеллектуалдан қазақтың стратегиясын көруге болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 35 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: