00:20
Қазақтық

БЕСТАС

Барлық тәсілдерді мүлтіксіз өткізген ойыншы өзіне жазылатын ұпайды екі жолмен белгілейді.

Бірінші жол. Бес тасты уысына алады да, жоғары лақтырып, алақанымен қағып алады. Сонан соң оны екінші рет лақтырып, қолының сыртымен қағып алуы керек. Әр тас он ұпайдан есептеледі. Бес тас елу ұпай болады.

Екінші жол: Бес тасты жоғары лақтырады да, жоғарыдан төмен қарай қақшып, қағып алады. Мұнда да бір тас он ұпай деп белгіленеді. Бес тасты түгел қағып алса, елу ұпай алады.

Әр тәсілді орындаған кезде қойылатын шартты бұзған ойыншы кезегін келесі ойыншыға береді де, өзіне қайта кезек келгенше көруші болып отырады. Қайта кезек алған кезде, қай тәсілден қателік жіберсе, сол тәсілден бастап орындайды.

Халқымыздың асыл мұрасында баланың физиологиялық тұрғыдан жетілуіне ғана емес, қағылез, епті, алғыр болуына себін тигізетін ойындар баршылық. Соның барлығы дана бабаларымыздың балаға, оның тәрбиесіне бей-жай қарамағанын, қайта оған айрықша мән бергенін білдірсе керек. Ал бұл ұлттық тәрбие, ұлттық білімнің түп-тамыры біз ойлағаннан анағұрлым тереңде жатқан тәрізді.

Ойынның баланың жетілуіне, ой-санасының дамуына, ептіліген қосар үлесі мол. Ол әсіресе баланың биологиялық дамуы үшін де аса пайдалы. Ол бұлшық еттерін ширатып, дамытып қана қоймай, қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға, топтауға үйретеді. Сонымен қатар, көздің көруін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын адамды тыныштандырып, сабырлылыққа үйрететін қасиетке ие.

Бала тәрбиесіне аса көңіл бөлген қазақ халқы әсіресе баланың ойынына мән беріп, бестас ойынына ерте баули бастаған. Бестас ойынында баланың саусақтарының қимылдауы арқылы адамның он екі мүшесіне қимыл жүреді. Сөйтіп, бала жылдамдыққа, ептілікке, дәл тигізуге, тез ойлауға машықтанады.

Көбіне үлкен кісілер нәби кезеңіне дейін біледі, бірақ кезінде бұл ойынның деңгейлерін одан да әрі ойнағаны байқалады. Оған дәлел – «қуалау», «үй үстіне үй тігу», «кедергі», «теріс айналдырып қағып алу» деген сынды ары қарай жалғасатын деңгейлері де бар. Мысалы, теріс айналдырып қағып алу дегеніміз – оң қолымен лақтырған тасты қолды айналдырып теріс қағып алу. Мұның өзі буын-буынның қозғалысына, денедегі он екі мүшеміздің қозғалуына, адамды ептілікке тәрбиелейтіндігіне дәлел болады.

 

Психологиялық мәні:

Архаикалық мәні бар ойын ретінде алып қарасақ, «бестас» ойынындағы қолданылатын бес тас немесе бес асық – адамның бес саусағы мен алақанын жаттықтырудың құралы. Негізінен адамның күнделікті тіршілік барысында жиі іске қосатын ең басты құралы бес саусақ пен алақан болғандықтан, оларды жаттықтыруға көп мән берілгендігі – белгілі жайт.

«Қуырмаш» ойынындағыдай бестас ойынында да адамның ұсақ мотрикасы жаттығып, саусақтары мен алақаны арқылы жасалатын ұсақ іс-қимылдар нерв, бұлшық ет, сүйек және көру жүйелерінің қалыпты координациясы және қызметін қамтамасыз етеді. «Жалау» мен «нәби» сынды кезеңдерінде «төрт тасты жерге тастап, қолдағы қақпа тасты алып, оң қолыңызбен жерге 3 не 5 рет жалату» арқылы адам алақанындағы барлық рецепторлар мен нерв жүйесін жаттықтырып, қалыпты еңбек етуін қамтамасыз етеді, денсаулығын шынықтырады. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 35 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: