09:54
Қазақтық

СИҚЫРЛЫ ТАЯҚ

Сиқырлы таяқ – қазақ халқының ұлттық ойындарының жастар арасында көп тараған және өте ертеден келе жатқан, аса сүйіп ойнайтын ойындарының бірі.

Бұнда ойнаушылар санына шек қойылмайды. Ойынға жтналғандар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер құрып тұрады да, араларынан біреуін ойын жүргізуші етіп тағайындайды. Жүргізуші қолына таяқ ұстап, шеңбердің ортасына шығады да, ойын тәртібін, жолдарын түсіндіреді.

Ойнаушылардың бір шетінен бастап барлығына рет қатарын білдіретін сандарын атайды. Сонан кейін жүргізуші қолындағы таяғының бір басын жерге тіреп тік ұстайды да, кез келген бір ойыншының санын атап, таяқты қоя береді. Айталық, жүргізушінің атаған саны төртінші, бесінші, оныншы не жиырмасыншы бола ма, әйтеуір, рет саны аталған ойыншы ести салысымен жүгіріп барып таяқты құлатпай ұстауы керек. Егер ол дауысты аңғармай я болмаса жайбасар болып, дереу алмай, таяқты құлатып алса, онда ол ортада тұрып, көптің ұйғаруымен өнер көрсетеді.

Ол өлең айтып, би билеп, домбыра тартады, әйтеуір көпшілік нені талап етсе, бәрін орындауға тиісті. Ол өнерін көрсетіп болған соң қайтадан орнына барып тұрады. Егер таяққа тез жетіп жерге құлатпай ұстап алса, онда жүргізушімен орын ауыстырады.

Бұл ойынның екінші түрі үлкен жиындарда, ойын-сауық кештерінде кең бөлмелерде ойналады. Ойынға ұзындығы бір метрдей таяқ пен доп керек (ертеде допты сиырдың жүнінен жасаған, доп болмаған жағдайда кез келген затты алуға болады). Ойын жүргізуші жиналғандарды отырғызғаннан кейін ойын тәртібімен таныстырады.

Сонан соң ойынға қатынасушының біреуін өзіне шақырып алып, допты ортаға қояды да, ойыншының көзін байлайды. Ондағы қоятын шарты – көзі байланған адам қолына берген таяқпен допты тауып, ұруы керек. Мұндай жағдайда ойнаушылар допты қашықтау қоюға тырысады. Осы кезде ойын жүргізуші көзі байланған ойыншының қолына таяқтың былғанған басын ұстата қояды. Көзі байланған ойнаушы еш нәрседен қаперсіз таяқтың былғанған басын ұстай алады. Ойын жастарды шапшаңдыққа тәрбиелейді.

Ескерту: ойынның мақсаты допты ойыншыға ұрғызу емес, көзі байланған балаға бір басы былғанған таяқты ұстата қою. Егер сезімталдығы жақсы дамыған бала болса, таяқтың былғанған басын ұстамай, таза ұшынан ұстауға тырысады.

Ойынның басты ерекшелігінің өзі баланы қырағылыққа, сезу қабілетін жетілдіруге негізделген.

 

Психологиялық мәні:

Психологияның экзистенциалдық анализ тармағында, адам үнемі қарым-қатынаста болатындығы мойындалған. Адам өзімен, өзгемен, әлеммен, өмірмен, өмірінің мәнімен үнемі байланыста болады. Толыққанды адам осы байланыстарын толық жүзеге асырып, өзін осы қатынастар арқылы танып жүрген адам саналады.

Адам дүниеге келгенде байланыстарға түсу қабілеті болмайды. Бұл қабілет жүре келе пайда болады. Оны дамытуға ең алдымен ата-ана мен қоршаған орта көмектеседі. Сәбидің аяққа тұруына ата-ана қорған болып, өз орнын білдіретін кеңістігі болуын қамтамасыз ету арқылы ықпал етсе, оған жақсы қарау, сезімдерімен санасу, даралығын мойындау арқылы өзімен және өзгемен қарым-қатынастың адам өміріндегі ең маңызды нығмет екендігін түсіндіреді.

Адамның өзімен, өзгемен, әлеммен, өмірмен, өмірдің мәнімен арақатынасы үзілгенде бойында депрессия, сенімсіздік, өмір дәмінің кетуі тәрізді өмірмен байланыстың үзілгендігін көрсететін бұзылыстар орын алып, адам өмірден алшақтайды. Бұның алдын алудығ бірден-бір жолы – кез келген ересектің жауапкершілік пен өзгені сезінуі, өзгемен қарым-қатынасқа түсе білуі, ол үшін әрекет жасауы сияқты қабілеттер адам бойында жетілгені абзал.

«Сиқырлы таяқ» - адамның қарым-қатынасқа түсу қабілетін дамытуға бағытталған ойын.

Ойнаушы өз аты аталмай, өзгенің сиқын көрсетіп тұрған сиқырлы таяқты «құлатпай, сақтап қалу» жауапкершілігін сезінуді үйренеді. Жалпы өзге үшін жауапкершілік алудың маңыздылығы мен жауапкершілік алмауының салдарының «жазаға» әкелетінін ұғынады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 63 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: