09:52 Қазақтық | |
«ДАУЫСТА, АТЫҢДЫ АЙТАМ» немесе СОҚЫРТЕКЕ Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – «Дауыста, атыңды айтам» ойыны. Бұл ойын жастар кешінде ойналатын ойындардың қызықтыларының бірі. Ойынға көз байлайтын орамал, ұзындығы бір-бір жарым метр таяқ керек. Ойынға қатысушылардың саны шектелмейді. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соғұрлым қызықты болады. Ойнаушылар қол ұстасып, шеңбер бойымен дөңгелене тұрады. Шеңбердің сыртына шығарып бір ойыншының көзін байлайды да қолына таяқ ұстатып, шеңбердің ішіне кіргізеді. Көзі байлаулы ойыншы шеңбердің ортасына келген соң, қолындағы таяғын өзіне қарсы тұрған ойыншылардың кез келгеніне ұсынады да «дауыста, атыңды айтам» дейді. Таяқтың екінші басынан ұстаған ойыншы атын біліп қоймас үшін дауысын өзгертіп үн қатады. Шеңбер бойында тұрған ойыншылар белгілі бір бағытпен үнемі қозғалыста болады, тек ортадағы көзі байланған ойыншының таяғы бір ойыншыға тиген кезде ғана бір орында тоқтап тұрады. Көзі байлаулы ойыншы таяғының кімге тигенін дәл тапса, сол ойыншымен орын ауыстырады. Таба алмаса, келесі ойыншыға ұсынады, оны да таба алмаса, үшіншіге ұсынады. Осылайша ол үш ойыншының атын атайды. Олардың атын анықтай алмаса, көзі шешіліп, сол ортада тұрған бойында көпшіліктің ұйғарымымен өнер көрсетеді. Болған соң көзі қайта байланады да ойын жалғаса береді.
Психологиялық мәні: Экзистенцияалдық психотерапия саласын жетілдірілген америкалық белгілі психотерапевт Ирвин ялом «адам өз өмірінде жалғыздықты басынан өткеретіндігін, онымен қатынасын анықтап» өмір сүретіндігін айтады. Халқымызда мағынасы жағынан «күресу, арпалысуға» сәйкес «алысу» сөзі бар. Алысу – екі жақтың бір-бірінен бір құндылықты алу арқылы, бірақ өз позициясын толық бермей арқылы текетіреске түсуді білдіреді. Сол сияқты, Ялом адамның жалғыздығымен алысып өмір сүретіндігін алға тартады. Яломның пікірінше, адам жалғыздығының бірнеше түрі бар: - болмыстағы жалғыздық – өз сезімдерінен, өзінен қашу, - адамдармен қатынастағы жалғыздық – өзгеден қашу; - экзистенциалдық, өмірлік жалғыздық – адам адамдар арасында жалғыз, өмірге өзі жалғыз келіп, жалғыз кетеді, өмірмен, әлеммен, өзгемен, қиындықтармен қатынасқа өзі жалғыздығы арқылы түседі. Адамның жалғыздық мәселесі әр адамда болғанымен, оған, қосымша, адамдармен бірге өмір сүру нығметі бұйырған. Өз жалғыздығы мен адамдар арасында жалғызсырамай өмір сүру міндетін қатар алып жүру – адам үшін үлкен сын. Осы сынның мазмұнын «дауыста, атыңды айтам» ойыны дәл ашады. Ортадағы көзі байланған адам өз жалғыздығымен кездеседі. Осы уақытқа дейін өзі өскен ортасын тани алды ма, тани алмады ма – сол сынға түседі. Көзімен қатар көңілінің ашық болуы міндеттеледі. Қасында жүрген замандас пен ауылдасты көзі ашық кезде ғана емес, «соқыр» кезінде де тануға, ол өзгеріп сала бергенде де тануға, ұғуға, білуге міндетті. Сонымен қатар, бұл ойынның астарында көзі байланған, соқырдың жалғыз емес, қасында адамдар бар екенін, ол адамдарды тану өз міндеті екендігін ұғындырғанын көреміз. Бұл дегеніңіз, қайғы немесе басқа кез келген жағдайда көкірек көзіңді тарс жұмып, жан-жағыңдағыларды көрмей, соқыр боп өмір сүру емес, оларды тану, оларға жүгінудің нығмет екендігін ұғындырғаны байқалады. Күнде көріп жүрген ауылдас пен замандасты тани алмағаны үшін «жаза» тағайындалады. Қарасаңыз. Халқымыздың ойындарындағы көп жазалар жығылғанға жұдырық емес. Керісінше, оның өз күшімен еңсесін тіктеп, «қатарға қосылуына» бағытталған. Еңсесі түскен адам өз өнерін ортаға салып, адам қатарына қайта қосылған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |