10:59
Қазақтық

ҚАЛТЫРАУЫҚ ҚАМЫР КЕМПІР мен АҚ БОРАН

Қазақ халқының ойын-сауық, әдет-ғұрып ойындарының көпшілігі осы ойынмен басталады. Наурыз мейрамында бұл ойындар екі жақтың тартысы арқылы ойналып, қыстың қысылшаң қаттылығын бейнелейтін болған.

Наурыз кезінде жақын екі ауылдың келісуі бойынша, мерекеге жиналғандар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың аты – «Ақ боран» да, екінші топтың аты – «Қалтырауық қамыр кемпір».

Әр топ ойын басталмас бұрын өздерінің ішінен өнердің барлық саласына қатысатын (ақын, балуан, мерген, найзагер, құсбегі, шабандоз тағы сол сияқты) ойыншыларын дайындап, сайлап алады да, жиналған қауым екі ауылдың ең үлкен ақсақалдарының батасын алады.

Ойын ең алдымен екі жақтың ақындар айтысымен басталады. Бірінші күні-ақ айтысқан екі жақтың тартыс-бәсекесінен біріне-бірі оңайлықпен беріле қоймағандығы байқалады. Мереке өнерді барлық саласынан-ақ осындай қызу тартыспен өтеді.

Ақындар айтысы бітісімен, балуандар күресі басталады.

Балуандар күресі біткеннен кейін «жаяу жарыс» басталады. Бұл ойынға қатысушылардың санына шек қойылмайды. Екі топтың өзара келісімі бойынша белгіленген екі көмбенің арасын жүгіріп өтулері керек. Жаяу жарысқа қатысушылар нақтылы қандай қашықтыққа жүгіретінін ешқайсысы білмеген, өйткені бұл екі көмбенің арақашықтығы еш уақытта өлшенбеген. Тек бертін келе ғана мөлшермен өлшене бастады. Шамамен бірден үш шақырымға дейінгі қашықтық алынған жаяу жарысқа қатысушылардың әрқайсысы өзінше жүгіріп, бірінші келгені жеңімпаз атанған.

Бұдан кейін халқымыздың ат үстінде ойнайтын ойындары басталып, жалғаса беретін болған.

 

Психологиялық мәні:

Психологиялық коррекция жасау барасында кез келген психолог «шаңыраққа қарайды». Бұл дегеніңіз – алдына келген адамның еліне, шамасына, алып келген мәселелерінің ауырлығы мен тереңдігіне қарау деген сөз. Ж.Аймауытұлы айтқандай, психолог адам жанының «тамырын басумен» айналысады. «Тамыр басу» барысында айналысатын мәселелеріміз ауыр немесе терең болған сайын, мәселеге тіке қарамай, суыртпақтап, орағытып жұмыс жасалады. Осындай ауыр мәселелерге қатысты орағытып жұмыс жасау барысында көбінесе ым мен астарлау әдістері қолданылады. Аталған әдістердің қатарына ойын, ертегілер, сурет салу арқылы, образдар мен адамның өзінен өзгереге көшуі тәрізді түрлі әдістер қолданылып, мәселе туралы психолог барынша ақпаратты толық жинайды. Яғни психологиялық ілімде күштінің бетіне тіке келмей, керісінше бауырына кіріп, ықтай жалдау, ниетті астарлап жеткізу арқылы мәселені жібітеді.

Психологиялық коррекция кезінде қолданылатын ым, астарлау, тұспалдау, көкейдегіні ойын, бейнелеу немесе басқа обарздар арқылы жеткізу қазақта кең тараған. Халқымыз кез келген өзінен күштімен тіл алмасуда, не әлжуаздық тұсында көкейдегі ойды шеберлікпен тігісін жатқызып отырып адресатқа дөп тигізетін болған.

Міне, осындай ақ ниеттің бірі – Наурыз мейрамында қыстың қысылшаң қаттылығына өз қатынастарын жақын екі ауылдың келісуі бойынша «ақ боран» мен «Қалтырауық қамыр кемпір» тобының текетіресі арқылы жеткізген, қақаған қысқа сый құрмет көрсетілген.

Наурыз кезінде қақаған қыс кәрі «қалтырауық қара кемпірге» айналады. Бірақ қазақтың есінде кешегі «ақ боран» әлі бар. Сондықтан оған құрмет көрсетіледі. Яғни қыс мезгілінің наурыздағы жағдайы бір-бірінен алыс емес, көрші қонған ауылдардан құралған, текетіресетін ақ борандай дүлей мен қалтыраған қара кемпірдей. Сондықтан қыспен қоштасу оның екі қарама-қайшы ақ пен қара, боран мен қалтырауықтың, борандай дүлей күш пен қалжыраған кемпірдің қақтығысындай.

Аталған ойында сайысатын екі ауыл өз ақын, балуан, мерген, найзагер, құсбегі, шабандоз тағы сол сияқты ойыншыларын дайындап, сайлап алады да, жиналған қауым екі ауылдың ең үлкен ақсақалдарының батасын алады. Сөйтіп, ақындар айтысы, балуандар күресі, жаяу жарыс сияқты өнердің барлық түрі бойынша қызу тартыс өтеді. Бұл халқымыздың табиғатқа көрсеткен құрметі мен ізетін білдіреді. Қыстың барлық келбетіне мойынсынғандығы.

Жалпы, халқымыздағы мойынсыну жеңілуді білдірмейді. Табиғатпен етене болып, бітіскен қазақ кез келген табиғи құбылысқа мойынсынған, қарсы келмеген. Бұндай мойынсынудың жарқын мысалын – қазақтың қыс-қыстауда, жаз-жайлауда өткізгендігі арқылы да көруге болады.

Сондықтан, наурыз кезінде болатын қыс мезгілінің ақ борандай және қалтырауық қара кемпірдей күресінің астарынан халқымыздың ымы мен жымы, астарлауы мен тұспалы, тігісін жатқызып сый құрмет көрсету арқылы жыл мезгілімен қоштасуын көреміз.

Сонымен қатар, халқымыздың кез келген күшті құбылыс алдында күресе де, айқаса да, шайқаса да, мойынсына да алатын көп келбетін танимыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 70 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: