11:24
Қазақтық

АСЫҚ ОЙЫНЫ

Психологиялық мәні:

Асықты түнде де, күндіз де ойнап, бала өз еркімен мергендік пен ептілікке бой үйретеді.

Психологияда бұны өмір сүруге қажетті нығметтердің бірі – психомоторлы дамудағы ірі моторлы дамуды қамтамасыз ету деп атайды. Ірі моториканы дамыту деген иілу, еңкею, жүру, еңбектеу, жүгіру, секіру, т.б. адамның тіршілігіне қажетті жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс. Ірі мотрика көз қозғалысынан бастау алады. Ал асық ату барысында көз қозғалысы мен дене қозғалысы қатар жүреді. Сондықтан асық атып ойнау – тек мергендік пен ептілік қана емес, жалпы қимыл-қозғалыстың дамуының алғышарты.

Асық атып ойнау барысында бала дөп тигізу мен мергендікке бой үйретеді. Ал бұл өз кезегінде жанды жеріне дөп тигізіп айту, дәл тауып айту сияқты қазаққа тән шешендік және «сақадай сай болу» сияқты болмыстық қабілеттердің дамуына өз үлесін қосады. Бала жастайынан денесі ширап, ептілік пен мақсат қоя білу, жетістіктерге жетудегі қырағылыққа үйренеді. Асықтар арасында сақа деп аталатын «асықтың төресі» бар. Жай біреу емес төредей текті, сақадай мықты болу да қазақ баласының алдына қойған өмірлік міндеттердің бірі. Сонымен бірге, қазақ балсы үшін жеңіске жетуге барын салу әдетке айналады.

Асық ойнағанда әр бала өз асығын ойынға салады, тігеді, ұтылады, ұтады. Асықты ұту және ұтылу арқылы асықты жинап, көзінің қарашығындай сақтау арқылы бала өз мүлкіне ыждаһаттылықпен қарауды үйренеді. Көбінесе қазақ балалары өз мүлкі – асығын қойнына, көйлегінің ішіне салып жүрген. бала кезінде асығын жинаған бала өсе келе асықты жілігі бар бес түліктің иесі болады.

Асық ойнаудағы ең маңызды психологиялық астар – топ болып ойнау.

Асықты кемі екі баладан бастап қанша бала ойнауға да болады. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып келісіп ойнауға да, құрдас пен құрдас бір-біріне бәсекелесіп ойнауға да, үлкен мен кіші бір-бірін сынай ойнауға да әбден болады.

Психология тілімен сөйлетсек, бұл нені білдіреді?

Балалардың өзара қатынасында қарым-қатынас екі түрге бөлінеді. Бір-біріне объект, пән ретінде қарау және болмыс ретінде қарау (М.И.Лисина, Е.О.Смирнова, В.М.Холмогорова, В.Г.Утробина және басқалар).

Балалардың бір-біріне пән ретінде қарау дегеніміз – бірін-бірі сынау, таласу, тартысу, жарысу, өзімен салыстыру, сайысу, сынасу, өз ойын жүзеге асыруда пайдалану сияқты қабілеттерін жетілдіруі.

Басқа адамға пән ретінде қарау баланың өзінің ерекшеліктеріне назар аударуын, «МЕН» деген сезімінің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Ал балалардың біріне-бірі адам, болмыс, жан ретінде қарауы – бір баланың басқа балаға жанашырлығы, қамқорлығы қатарлы сезімдерінің болуынан көрініс береді. Осындай екіжақты қарым-қатынас арқылы бала болмысы толық қалыптасады. Асық ойынында бала болмысын қалыптастыратын осы екі түрлі қарым-қатынастың қатар өрбитінін көреміз. Яғни бірге ойнау арқылы балалар өзара қарым-қатынас жасап, жетіледі.

Балалардың өзара қатынасы бала болмысының қалыптасуының алғышарты екендігі психология ілімінде белгілі дүние. Мысалы, балалардың өзара арақатынасы:

- бала бойындағы децентрация (Ж.Пиаже);

- сөйлеу (А.Г.Рузкая, а.Рейнстейн);

- моральдық байланыс (С.Г.Якобсон, В.М.Холмогорова);

- өз құндылығы (А.В.запорожец, А.К.Маркова, М.И.Лисина);

- ойын барысында өзін-өзі реттей алу және еркін сезіну қабілетін арттыру (Е.О.Смирнова, М.Я.Михайленко, Н.Я.короткова, Е.Е.кравцова, О.В.Гребенникова) сияқты адам тіршілігіне қажетті қабілеттерді қалыптастырып, оның болашағының жарқын болуына ықпал етеді.

Кеңес өкіметі кезеңінде қалыптасқан ұлттық ойындар, оның ішінде «асық ойыны еріккеннің ермегі, бұл ойын балаларға тәрбие бермейді», «асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар» деген жалған ұрандар ұлттық болмысқа қиянат деп есептеу керек.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 51 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: