22:50
Қазақтық

ҚУЫРМАШ

 Психологиялық мәні:

Адам тіршілігі оның қолымен байланысты. «Қолынан келеді», «қолмен ұстап көру», «қолында тұрған дүние», «қолы ашық», «алақандағыдай», «қолмен істегенді мойынмен көтеру», «қолы ұзарды», «өз қолы өз аузына жетті», т.б. тұрақты сөз тіркестерінен халқымыздың қолға тек дене мүшесі ретінде қарамай, тіршілігінің бастауы, әлемді игеретін бірден-бір құрал ретінде баса назар аударып, қолдың дамуына бала кезден мән берген. Сондықтан тұсауы кесіліп, аяғына нық тұрған балаға енді қолы бар екенін сезіндірген.

Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясында оларды жетілдіру мен баулудың ең маңызды құралы ретінде психомоторлы дамуын қамтамасыз етуге, оның ішінде ұсақ моторикасын дамытуға баса назар аударылады. Ғылымда 7 жасқа дейін баланың психомоторлы дамуына көңіл бөлінбесе, оның дамуына қауіп төндіретіні айтылып жатыр.

Балалардың психомоторлы дамуын қамтамасыз етуге тек педагогикалық мекемелердегі ойындар ғана емес, ата-анасының да қатысуы қажет.

Моторика дегеніміз (латынша motus – қозғалыс) – организмнің немесе оның жекелеген мүшелерінің қозғалыстық белсенділігі. Моторика арқылы, яғни қимыл-қозғалыс арқылы адам тіршілік етеді. Әлеммен байланысқа түсіп, қалауын іске асырады. Момтрика ірі және ұсақ моторика болып бөлінеді.

Ұсақ моторика – адамның қол-аяғының саусақтары арқылы жасалатын ұйымдасқан дәл-дәл ұсақ іс-қимылдарының жиынтығы. Бұл ұсақ іс-қимылдар нерв, бұлшық ет, сүйек және көру жүйелерінің қалыпты координациясы мен қызметі арқылы жүзеге асырылады.

Қуырмаш ойынында баланың осы ұсақ моторикасы дамиды. Ұсақ моториканың жетілуі баланың физиологиялық, психофизиологиялық, педагогикалық, т.б. дамуына ықпал етеді.

Қолдың және саусақ қимылдарының координациясы баланың ақыл-есінің дамуына әсер етеді. Сәби өз қолымен көбірек ойнау арқылы тез сөйлеп, айналасын танып-біледі. Себебі адамның сөйлеу қабілеті мен ұсақ моторика қызметінің іргетасы – адам миында қатар орналасқан. Сондықтан сөйлеу қабілеті, ақыл-есінің дамуында ауытқулары бар балаларға кешенді түрде логопедиялық массаж жасалады.

Баланың ұсақ моторикасын дамыту арқылы оның дамуы қамтамасыз етіледі. Қолмен еңбек етудің нәтижесінде дайын затты жасап шығару – баланың өзінің қолынан іс келетіндігін, өзіне деген сенімін арттыруға да көмектеседі.

Қуырмаш ойыны арқылы атадан балаға жалғасқан тұрмыс-тіршіліктік мәні ұқтырылады. Мысалы, тіршілік көзі мал атаулары, жан-жануарлармен таныстығы, дене мүшелерімен таныстығы, қалжасына қарап әрекет ету, т.с.с. мәселелердің жобасы үйретіледі. Балалардың ақпаратты қабылдау қабілеті ойын арқылы мүмкін болады. Осыны ескеріп, қуырмаш ойыны арқылы бесіктен белі шыққан баланың дүниетанымын қалыптастырған.

Қуырмаш ойынында бала мен ересек қарым-қатынасқа түседі. Сәби кезде бала ересекке қарап жетілетіні белгілі. Бала ересектің өз өміріндегі мәнін ойын арқылы түсінген:

- ересек – дос;

- ересек – үйретеді, көмектеседі;

- ересек – көңіл-күйімнің көтеріңкі болуын қалайды.

Осылайша, бала ересекпен ойнау, айналасын танып-білу арқылы әлеммен қатынасқа түсе бастайды.

Қуырмаш ойынының танымдық тұрғыдан бөлек адам дамуындағы мәні мен ықпалы зор.

Бесіктен белі шықпай жатып бала дүниені қолымен ұстап көру арқылы және дәмін тату арқылы танып біле бастайды. Бұл жайт қазіргі таңда неврологиялық маңызға ие. Бала денсаулығы әуелі ол өз қолымен затты ұстай алу қабілеті арқылы, яғни жалпы ұсақ моторикасы арқылы анықталады.

Ұсақ моториканы дамытуға арналған ойындар дамуы қалыпты өтіп жатқан балалар үшін жетілудің жолы болса, дамуында ауытқуы бар балалар үшін ауадай қажет екені ғылыми әдебиеттерде кеңінен айтылып жүр.

Мысалы, көру қабілеті төмен және көру жүйесінде ауытқулары бар балалар үшін оларға тектепке дейінгі жасында ұстап білу мен ұсақ моторикасын дамытуға барынша ықпал ету керек. Қабылдау, кеңістікте пайымдау, әлеуметтік-тұрмыстық дүниелерді танып білу, өзін еркін сезіну және тіршілік етуіне қажеттіліктерін қанағаттандыра алу сияқты қабілеттері тек қолымен ұстау және ұсақ моторикасын дамыту арқылы жүзеге асатыны мәлім.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 60 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: