10:27
Қазақтық

ҚУЫРМАШ

Байырғы баба ғұрыптың астарында ақиқат көп. Ойынның өзіне ойлы көзбен қараған. Ф.Шиллер «бала ойынында көбінесе терең мән бар» дейді. Құлдыраңдап өтер құлыншақ ғұмырдың қызықты ойындарының бірі – қуырмаш. Бас бармақтан басталып, қытықпен аяқталар «қуырмаш» ойынының астарында денсаулық кепілі, терең ғылым жатыр.

Қазақ халқы ұрпағына ұғынықты болу үшін бес саусаққа балама атау берген. Олар – бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек.

Медицина кестесіне жүгінер болсақ, бас бармақтың басында, яғни бұлшық етінде, ми мен тыныс жолдарының нүктелері орналасқан. Балаң үйректің бұлшық етінде көздің, ортан теректе ми тамырлары мен көздің, шылдыр шүмекте есту органдары мен ми тамырларының нүктелері түйіліскен. Кішкентай бөбек те тікелей ми тамырларымен байланысты. Ал алақанның бұлшық еттерінде бауыр, өт, өкпе, ішек, омыртқа, ішкі құрылыс нүктелері орналасқан. Осының бәрін білген қазақ халқы қуырмаш ойынын ойлап тапты. Ойын арқылы баланың алақаны мен саусақтарын уқалап массаж жасап, жүйке жүйесін, ішкі организмін оятып отырған. Әр нүктені дөп басып бала денсаулығын бақылай білген. Сонымен қатар бес саусақ арқылы бес түлік атауын жаттатып, еңбекке деген құштарлыққа баулыған.

Ойын ережесі бір қарағанда қарапайым болғанымен жүйелі әрі ғылыми негізде жасалғаны байқалады.

Ойынның шарты: оң қолдың бес саусағын бір жерге түйістіреді де, сол қолмен оны бүктемелеп, саусақтардың басын көрсетіп қана қапсыра ұстайды. Қасындағы балаға:

- Ортан қолымды тапшы, - дейді. Екінші бала бір саусақтың басынан шымшып:

- Міне, мынау, - деп көрсетеді. Егер ортан қолды таба алмаса, мына ережелерді орындайды.

Бас бармақтан бастап, шынашаққа дейін саусақтарын аттарын атап, жұмылдыра береді.

Қайтадан бас бармақтан бастап мына сөздерді айтып, жазады.

- Сен тұр, қойыңа бар;

- Сен тұр, түйеңе бар;

- Сен тұр, жылқыңа бар;

- Сен тұр, сиырыңа бар;

-  Ал сен, кішкентай бөбек, әлі жас екенсің, қазанның қаспағын қырып жеп, жыламай отыра тұр.

Енді осы шынашақтың өзін алақанның шұңқырына бүгіп, тұқырта ұстайды да:

Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Балапанға бидай шаш,

Әжең келсе, есік аш,

Қасқыр келсе, мықтап бас, - деп шынашақты шыр айналдырып, баланың алақанын қытықтайды. Оларды істеп бола беріп:

- Мына жерде қой бар, - деп баланың білезігін түртеді.

- Мына жерде түйе бар, - деп баланың білегін түртеді.

- Мына жерде жылқы бар, - деп шынтағын түртеді.

- Мына жерде түлкі бар, - деп қолтығына барады да тездете түседі.

- Мына жерде күлкі бар, - деп қытықтай бастайды. Қытық, қытық!

Бір кездері жалғанды жалпағынан баспақ болған Жапония, ғаламға қырағылықпен қарайтын Қытай, бүкіл әлемді басып оздық дейтін Батыс елдері біздің бабалардың ғылым-білімін, тарихын, ақиқатын аңыздың астарына жасырып, ертегі мен ойынға астарлағанын білмеген де шығар... (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 53 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: