21:58
Қазақтық

ҚҰДАЛЫҚ

Құдалық – екі отбасының қыз алысқан соң, яғни құда болған соң атқаратын маңызды дәстүрлерінің бірі. (Кей жерлерде «құда шай» деп аталды екен).

Құдалық жақсы өтсе, келешекте екі отбасының қарым-қатынасы жақсы болады. Құдалар бір-бірін жақсы күтіп алуға тырысады. Қыз жақтан құдалыққа 7 адам барады. Қазіргі кезде құдалыққа баратын адамдардың саны көбейіп кеткен. Бұрынғы кезде құдалыққа көп адамның баруы әдепсіздік болып есептелетін. Құдалыққа жігіттің әке-шешесі, апасы, атасы және т.б. жақын туыстары барады. Адам толмай жатса басқа да туыстары қосылады.

Құдалықта ең беделді адамды – «бас құда» деп атайды. Жігіттің әкесі «бел құда» болып есептеледі. Жігіт жағындағы аға-інілері «омыртқа құда» деп аталады. Әйел адамдардың жасы үлкені құдағи болса, жасы кішілері құдаша болады. Қыз бен жігіттің інілері құда бала болады.

Екі жақ жиналғаннан кейін құдалықтың кәделері басталады. Кәде дегеніміз арнайы жасалатын дәстүрлердің жиынтығы.

Бірінші кәде – «Киіт кигізу». Киіт кигізу құдалардың бір-біріне құрмет ретінде, киім және т.б. қымбат бұйымдар сыйлауы. Киіт екі түрге бөлінеді: біріншісі бас киіт, екіншісі аяқ киіт. Бас киітке қымбат заттар кірсе, аяқ киітке арзанырақ заттар кіреді. Киіт ретінде шапан, кілем, бес түлік мал беріледі.

Екінші жасалатын кәде – «Өлі-тірі». Өлі-тірі дегеніміз әруақтардың ризашылығына сойылатын мал. Екі жақтың туыстық қарым-қатынасы ұзақ болуы үшін, өлілердің алдында және тірілердің алдында ант береміз деп мал сояды. Кейін сойылған малдың еті құдалардың арасында таратылады.

Құдалықта жасалатын ең маңызды кәделердің бірі – той малы. Жігіттің туыстары тойға шамасына қарай жылқы, қой, т.б. мал-мүлік алып келеді. Алып келген малға қарап әулеттің қаншалықты абыройлы екені білінеді. Кейін алып келген мал сойылады да, қонақтарға тартылады. Алып келген мал арық болса немесе аз болса, жігіт жақтағы әулеттің абыройы түсіп қалады. Сол себептен аянбай семіз әрі көп мал апаруға тырысады.

Кейінгі жасалатын кәделердің бірі – «Тойбастар».

Тойбастар дегеніміз салтанатты жиындарда айтылатын өлең. Тойбастар той біткенде айтылады. Өлең айтылып болғаннан кейін қонақтарға сыйлықтар таратылады. Осымен құдалық тойы аяқталады. Яғни екі жастың алдағы өмір-тойлары, отау көтеру, нәрестелі болу, т.б. секілді тойы басталды деп саналған.

 

Психологиялық мәні:

Құдалық аты айтып тұрғандай жаңа отау көтерген екі жастың туған-туыстарының бірін-бірі туыс ретінде мойындау салты. Құдалықты күйеу жақ та, қыз жақ та бөлек жасайды. Егер де екі жақ қыз бен жігіттің әлеуметтік статустары басқа кезде жолығып, танысса, уәделессе, екі жастың күйеу мен келіншек болып отау құрғаннан кейінгі олардың ата-аналары мен бауырларының туыс ретінде бірін-бірі мойындауы мен қарым-қатынасын нығайту жолы. Сонымен қатар, жаңа құдалар бірін-бірі мойындау арқылы, екі жастың мәртебелерінің де өзгергенін мойындаған.

Халқымыздың тағдыры қиын болған. Сондықтан болар, қуаныштың аяғы ұзақ болғанын дәметкен. Өмірдің мәні сыйластық деп ұғынып, қарым-қатынастың беріктігін қалаған.

Қазақ салтында санға жайдан-жай назар аударылмаған. Алайда бұл жерде санға мойын ұсыну емес, әрбір санның адам тіршілігін сипаттайтын белгісін ұғынғандығы. Мысалы, халқымыз баланы қырық күн ай мен күнге көрсетпесе, перинаталды психология ілімінде бала туғаннан кейінгі 6-7 аптаның (42-49 күн) өліара кезеңі екені дәлелденген. Сол сияқты, кейбір елдерде үшінші атаға дейін некеге тұрудың қылмыс болып саналатындығын ескерсек, халқымыз, қан мен тек тазалығы тереңнен – жеті атадан бастау алатынын ұққан.

Сол сияқты, жеті жарғы, жеті қазына, қазадан кейінгі жеті күн, жеті жұт, жеті жетім, жеті амал, жеті ғалам, т.с.с. феноменологиялық іліміне сүйеніп, құдалыққа жеті адам ерткен.

Құдалардың түрлері.

Қыз бен жігіт әкелерінің бас құда деп танылмауының астарында, әкені мойындамау емес, әке үшін бала бауыр еті, сондықтан екі жастың, екі жақтың арасында кикілжің болған жағдайда әкенің объективті пікірінің болмайтындығы, өз баласына жақтасатындығы ыммен жеткізілген. Сондықтан екі жақтың да өзінің сөзіне тоқтайтын беделді адамын таныстырып, сол адамның сөзіне тоқтайтыны имплицитті түрде белгіленген. Яғни бас құда – екі жақтың бетке ұстарынан гөрі, құлақ асатыны.

Екі жастың әкелерінің бел құда деп саналуы жастардың әке белінен шыққандығы, тұқымы мен қанын мойындағаны. Қыздың анасы құда болмай жатып «сүт ақы» салты арқылы мойындалған. Құдағилар мен құдашалар, құда балалар бір-бірімен етене танысып, білісіп, көңілдерін жарастырып, екі жақтың, екі жастың тату-тәтті өмір сүруіне ықпал етуді бастаған.

Құдалық кәделері – қарым-қатынасты нығайтудың жолдары.

Құдалық болып, той біткенде тойбастар айтудың астарында жаңа туыс болып жатқан екі жақтың алдағы қарым-қатынасы тек тойға негізделсін деген үміт пен таза ниет жатыр.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: