09:35 Қазақтық | |
КЕЛІН ТҮСІРУ Келін түсіру – отбасылық сән-салтанаттарының бірі, отбасындағы ер жеткен ұлдың үйлену қуанышы. Қазақ халқының түсінігінде келін түсіру – әр әулеттің, ата-ананың көптен күткен қуанышы. Дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай салтанатқа бүкіл ауыл болып дайындалған. Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шығып, шашу шашқан. Көш бастар түйенің бұйдасын ұстап, ауылға жетектеп әкелген әйелді «мұрындық ана» деп атап, оған арнайы сый берілген. Ауыл аадмдары келінмен бірге келген төсек-орнын түсіріп, отау тігуге кіріскен. Шаңырақты көтеру бала-шағалы, үрім-бұтағы өскен, елге беделді салиқалы қарияға жүктеледі. Мұнымен жаңа түскен жас келінге «жағың түскенше жамандық көрме, осы абыройлы адамның жолын берсін» деген ырым көзделеді. Аттан түсіп, жеңгесімен бірге келген келінің алдынан ауылдың қыз-келіншіктері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне жауып, бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне кіргізеді. Келін үлкен шаңырақтың босағасын оң аяғымен аттап, тізе бүгіп сәлем береді. Үш рет иіліп сәлем берген келінге атасы: «Көп жаса қарағым, бақытты бол!» деп бата береді. Содан кейін келінді от басына төселген тулаққа отырғызады. Ол – «жаңа түскен жас келіннің мінезі иленген тулақтай (тері) жұмсақ, биязы болсын» деген ырым. Келіннің қолына әйелдердің бірі ішіне май құйылған ыдысты ұстатып, отқа май құйғызады. «От-Ана, шапағатыңды жаңа түскен жас келінге тигізе көр, жарылқа!» дегізеді. Осы рәсім орындалып болған соң, келінді өзіне арнайы тігілген ақ отауға енгізіп, күйеудің шешесі тиын ақша, құрт, ірімшік аралас шашу шашып, бата береді. Оң аяғымен аттап кірген келінді сол жақтағы төсекке құрылған шымылдық ішіне кіргізіп отырғызады. Келінді қарсы алған жас келіншектерге білезік, сақина, жүзік, алқа, түрлі маржан тастар үлестіреді. Қонақтарға табақ тартылғанда, үлкендер жағы келінге арнап үлпершек, төс салып жібереді. Ол «ұл тап, төстей қайқайып жүріп қайын жұртыңа қызмет ет, майдай бат, судай сің» дегенді білдіреді. Келін сәлем етіп, тағамды қабылдап, өзі ауыз тиіп, жаңылғандарға береді. Тамақ ішіліп болған соң, ауыл адамдарына жаңа түскен жас келінді таныстыру, келінің міндетін түсіндіру мақсатында ел жиылып, «Беташар» жыры айтылады. Беташар айтқан жігітке ат мінгізіп, шапан жабады. Ол тойдың бар қызық думанына ұйытқы болып, той басшысы (асаба) болып қызмет атқарады. Ал келінді сүйеп тұрған жеңгелерге көйлек, биқасап шапан кигізеді. Беташардан соң бүкіл ауыл жастары түнімен ұлттық ойындар ойнап, бөлек жиналып, әңгіме құрып, шежіре айтысады. Ертеңіне келін түсіру тойы басталады. Мұнда да қыз ұзату тойына ұқсас ат бәйгесі, аударыспақ, күрес, қыз қуу, теңге ілу, көкпар сияқты ұлттық ойындар болады. Үйлену тойының ең жауапты кезеңі – қыз бен жігіттің некесін қию. Некені молда (имам) оқиды. Той иесі неке оқыған молдаға (имамға) ақшалай немесе малдай сыйақы береді. Үлкендер отырған үйде ақындар айтысып, жыр-термелер айтылып, жас жұбайларға тағы да тілек тілеседі. Той өткен соң құда мен құдағиларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізіп, құрметпен шығарып салады. Келін түсіру дәстүрі қазіргі заманда да жалғасын тауып, өркениет жетістіктеріне сай дамып келеді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |