23:44 Қазақтық | |
СЫРҒА САЛУ немесе ҮКІ ТАҒУ Сырға салу да үкі тағу – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі. Қыз ұзату, келін түсіру жоралғыларынан бұрын жасалатын дәстүр. Айттырылған қыз қалыңдық атанып, сол сәттен бастап өзін жат жұрттық сезінеді. Ұлына лайықты жар болатын қызды тапқан кезде, оның отбасына бір адамды өкіл қылып жіберген немесе қыз көруге арнайы өзі барған. Осыдан кейін қызды айттыруға келген тарап үкі тағу, сырға салу сынды жоралғыларды жасасқан. Екі жақ сөз байласып, құдалық туралы уәделескен соң, бірте-бірте қалыңмалы төленеді. Айттырылған қыз «қалыңдық» атанады. Осы сәттен бастап қыздың ағайын-туысқаны оның киім киісіне, жүріс-тұрысына, тәртібіне баса назар аударған. Үлкендер жағы айттырылған қыздың құлағына келіндік міндеттерді сіңіре берген. Бұрын қазақта айттырылған қызға сырға емес, үкі тағу дәстүрі болған. Жігіттер қыздың бөркіндегі үкісіне қарап, оның басы бос емес екенін, айттырылып қойғанын білген. Қазір үкі тағу дәстүрін сырға салу алмастырды. Ең алдымен, жігіттің ең жақын төрт-бес туысы қыздың үйінк келіп, қалыңдықты алып кететін күнді белгілейді. Қыздың ата-анасы мал сойып, құдаларды дастарқан жайып қарсы алады. Құда түсетін қыздың құлағына тек алтын сырға тағылады. Себебі қазақ халқы қыз баланы «алтынға» балаған. Қыздың жеңгелері құдаларға қалыңдықты көрсетіп, көрімдік алған. Осы кезде жігіттің жеңгелері «құлағың жамандықты естімесін» деп қыздың құлағына алтын сырға таққан. Сондай-ақ, жігіт жағы қыздың әке-шешесіне, туған-туыстарына әкелген сыйлығын береді.
Психологиялық мәні: Сырға салу арқылы кешегі тұлымшағы желбіреген қызға болашақ қайын-жұрты оны әйел ретінде мойындағанын, қыз ғұмырындағы балалық пен бойжеткендік дәуреннің аяқталып, жат жұрттық тағдырының басталғанын көрсеткен. Сырға салу арқылы халқымыз қыздың құлағына гүл салған. Оның балиғатқа жетіп, бойын жазып, әйелдік өмірге дайын екенін мойындалған. Осы күнге дейін адамның құлағындағы сырға көп мәдениеттерде рухани дамуы мен әлеуметтік жағдайын көрсететін дүние, құлақтағы гүл ретінде танылған. Құда түсіп, екі жас бірін-бірі ұнатып, отау құруға сөз байласқаннан бастап қыздың «иесі», сұраушысы бар, сөз байласқан адамы бар екені белгілі болған. Бұдан былай, қыз көңілін жат жұрттық болу мәселелеріне аударған. Ешкім «көз салуға» батпаған. Бұл ұзатылғалы отырған қызға бойы мен ойын жинақтауға, ақыл тоқтатып, жар болуға дайындығын бастауға әсер еткен. Сырға салынған қыз алдымен юіреудің жары болуға бой үйрете бастайды. Сырға салудан соң қыз ұзатуға дейін біршама уақыт өтетінін ескерсек, осы аралықта қыз бала өзінің жат жұрттық болғалы жатқандығына, өміріндегі өзгерістерге психологиялық дайындығын шыңдайды. Сырға салған кезден бастап, қызды психологиялық, педагогикалық, моральдық тұрғыда өміріндегі жаңа, ең маңызды, басты кезең – әйелдік ғұмырға баули бастаған. Алдағы отбасылық өмірдегі өз орны туралы ойды адам өз отбасында жылдар бойы түйіндейді. Өз ата-анасына қарап өседі. Сонымен бірге, ата-анасының алып келетіндігі анықталған. Осыны ұғынған халқымыз, сырға салынған кезден бастап, қыз балаға өз отбасында көрген тәрбиеден бөлек жат жұртта жасалауға міндетті, оған сіңісіп кетуге көмектесетін, атадан балаға берілген отбасылық өмірдің қағидаларына, салтына баулып, үйреткен. Қазіргі таңдағы зерттеулерге сүйенсек, қыздың тұрмысқа шығуға дайындығы бірнеше кезеңмен жүзеге асуы керек: - қыздың жынысына сай кемелденуі, жары мен болашақ балаларына деген жаңа міндет жүйелерін қабылдауға дайындығы және үйренуі; - қайын жұртында өміріне жаңадан енетін адамдармен қарым-қатынас жасауға дайындығы, ынтымаққа, түсінушілікке ұмтылуы; - мінез-құлқы мен сезімдерін игеріп, саналы өмір сүруге дайындығы; - өз әрекетін басқара алуы. Осылай тәрбие алған қыз тұрмысқа шығуға дайын саналып, жас отбасының шаңырағы шайқалмайтындығы дәлелденген. Сырға салынғаннан кейін, ата-анасы осы мәселелер бойынша қызға тәлім-тәрбие беруді үдетіп, болашақ жар болуға баулыған. Осы деңгейлерде дұрыс тәрбие алмаған қыздардың тұрмысқа шыққанда өз отбасындағы көргенін іліп алып, жаңа отбасына билігін жүргізуі – жаңа құрылған отаудың, отбасының өміріне кері әсер етіп, отбасылық өмірі ұзаққа созылмауы мүмкін. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |