07:58 Қазақтық | |
ЖЕТІ АТАҒА ТОЛМАЙ ҚЫЗ АЛЫСПАУ Қазақ халқы жеті атаға толғанша туыстық қатынасты берік сақтап, құдды бір адамның балаларындай сыйласып, сырласып, бір-бірінің ашына айналып, толғанып, ыстық-суықты бірге өткізіп, түрлі қиыншылықтарды бір кісідей жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жеңіп, торқалы той, өлімде бір жерден табылады. Қыз-жігіттері өзара некелеспейді. Аға-бауыр, қарындастардай сыйласып өтеді. Яғни жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспейді. Қазақ халқының жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспеу себебі – адамгершілік пен ар-ұятты өте жоғары бағалайтындықтан. Туыстығы жақын (жеті атаға толмаған), қаны жақын адамдар өзара некелессе, ар-ожданды, кісілік салт-дәстүрді, тіпті қанды былғап, ел ішін де жағымсыз жаман қылықтар етек алады. Ауылдың сәні, туыстық қатынастың қадірі қашып, адамдар да алыс-жақынды парықтамай, ойына келгенді істейтін хайуандық қылық белең алады. Адамдар моральдық тұрғыда азғындап, салт-дәстүр аяқ асты болады. Сондықтан ұл-қыздарына ең бері жағы руласынан қыз алып, руласына тұрмысқа шықпау талабын қояды. Себебі өзге румен құдаласса «Құдай деп құда болысып» жақын туыстарға айналады. Ынтымақ пен береке-бірлік нығаяды. Дос көбейіп, өріс кеңейеді. Қоғамдық қарым-қатынас ұлғаяды деп есептейді. Бұл тәрбиенің де ғылыми мәні мен тәлім-тәрбиелік құны өте жоғары. Ол ұрпақтарды ізгілікке, жанашырлыққа жетелеп, ұл-қыздарды мұратты, әдепті, тәртіпті болуға, махаббат, неке істеріне өскелең адамгершілік парасатпен қарауға дағдыландырады. Жеті атаға толмай некелессе, қан уланып, кем-кетік, әлжуаз, жарымес, т.б. ұрпақ туылып, ұлт сапасы төмендейді. Өзге рудың жастарымен некелессе, әртүрлі тұқым қуалау сипатты мен жұқпалы аурулардың алдын алып, ұрпақтардың сау-саламат өсіп жетілуіне зор мүмкіндік жасайды. Сондықтан жеті атаға толмай қыз алып, қыз беруге, өзара үйленуге қатаң тыйым салған. Тіпті оны заң тармағына енгізіп, оған қайшылық жасағандарды заңдылықтар мен салт-дәстүрді бұзған бұзық ретінде қатаң жазалап отырған.
Психологиялық мәні: Халқымыздың тіршілігіндегі өмірлік қағидасына айналып кеткен жеті атаға толмай қыз алыспау «заңы» адам жаратылысы мен болмысының қалыптасуында үлкен із қалдырды. Алдымен, бұл қағида адамның генетикалық тұрғыда тазалығын қамтамасыз етеді. Адам болмысының дамуы мен оның басты фнукциялары биоәлеуметтік себептерге тәуелді болатындығын психогенетикалық зерттеулер дәлелдеген: адам болмысының ең аз дегенде негізгі ерекшеліктерінің 30-60%-ы генотип арқылы анықталады. Бұл дегеніңіз адам болмысы туа сала бар және осы бар дүниенің негізінде қалыптасады деген сөз. Адам о бастан екі қырлы: рухани және тума түйсікті. Адам қалыптасуы мен өз тіршілігін жасағанда бойындағы генетикалық бағдарламасына сүйенеді. Оның психикалық функцияларының дамуының негізі және басты бағыттаушысы – генетикалық даму бағдарламасы. Ал қоршаған ортасы – қалыпты дамуына, яғни о бастан бойда бар генетикалық «іргетастық» дүниелерді жүзеге асыруға және өрбітуге ғана жағдай жасайды. Сондықтан адамның тұла бойы генотиптегі даму бағдарламасы өмір жолындағы қоршаған ортаның әсерімен өрбуі арқылы ашылады. Адамның жеке даралығын генетикалық негіз анықтайды. Сондықтан, алдымен, неке мен отбасы құруда сақталатын жеті ата, қанның тазалығы адам жаны мен психикасының арқауы – оның тәні, денсаулығы мен генетикалық анықталған болмысына әсер етеді. Екіншіден, жеті атаға толмай қыз алыспау қағидасы адам бойындағы туабітті пайда болуы мүмкін ауытқулар мен түрлі ауру-сырқаулардың алдын алады. Әлеуметтік ілімде неке және отбасы бірнеше жүйеге бөлінеді. Олар: - аутбридинг – туыс емес еркек пен әйел арасындағы неке; - инбиридинг (инбредті отбасы) инцестті неке; - 2-ші және 3-деңгейдегі туыстар арасындағы неке. Әлемдік медицинада инбредті отбасылардағы бала мен ананың денсаулығына зақым келетіндігі зреттеліп, дәлелденген. Инбредті отбасыда баланың генетикалық туабітті аурулармен дүниеге келетіні белгілі болса, оның жүктілік пен босану барысына тигізетін кері ықпалы да белгілі болып отыр. Инбредті отбасыда дүниеге келген балалардың бойынан құрсақта дамудың іркілісі, шарананың құрсақтағы гипоксиясы, орталық нерв жүйесінің ишемиялық жарақаттануы сияқты жүктілік барысындағы шарана бойында кездесетін ауытқулар аутбредті отбасыларда дүниеге келген балаларға қарағанда 30 пайыз көп кездеседі. Бала тәні мен денсаулығындағы мұндай ауытқулар оның жан жүйесіне әсер етпей қоймайды. Шарананың психологиялық көптеген мәселесі ол туылған кезде пайда болады. Ал инбредті отбасыда бойға біткен баланың туылмай жатып құрсақта қиындықтарды басынан өткізуі – оның өмірмен, әлемімен, өзімен байланысының бұзылуына әкелетіні анық. Егер туыс емес ерлі-зайыптылардың отбасында әйелдің бойына бітетін бала жылы құрсақта тіршілік етуге қажет тән деңгейінде дамып, тіршілік етуге дайын боп келуге барлық жағдайлар жасалса, инбредті отбасыда бала бұл нығметтерден айрылады. Мысалы, психологияда адамның жеке даралығы оның төменгі деңгейдегі ерекшеліктері, яғни нерв жүйесінің ерекшеліктері мен жоғарғы деңгейдегі (болмыстық) ерекшеліктерінің байланысы арқылы көрініс алатындығы белгілі. Бұл байланыс арқылы адамның жеке даралығы өз алдына ерек жүйе ретінде қарастырылады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |