20:37 Қазақтық | |
АСЫРАП АЛУ Психологиялық мәні Бала асырап алуды психологиялық тұрғыдан саралау барысында оның дұрыс және бұрыс жағын айтып өткеніміз жөн. Біріншіден, баланы көзі тірі ата-анасынан айырудың бала болмысына, дамуына кері әсері дәлелденген. Сондықтан қазіргі таңда оған заңмен ғана рұқсат беріледі. Көзі тірі ата-ана баланың дамуы мен өміріне қауіп тудырған жағдайда ата-аналық құқынан айыруды заң мен сот арқылы шешекеннің өзінде психологиялық сараптамалар жасалып, бұндай айырудың психологиялық салдары толық қарастырылады. Осындай сараптамаларды жасағанда байқағанымыз, асыруға берілген бала бойында ата-анаға деген жеккөрініш орныға бастайды. Бұл жеккөрініш табиғи дүние. Ол өзін өмірге әкелген ата-анасымен бірге өмір сүру үмітінің үзілуімен байланысты. Тоғыз ай тоғыз күн құрсақта жатып, дүниеге келген баланың алғашқы бір жарым жылда сенім мен сенімсіздік күресін басынан өткеретіндігі беседен белгілі. Оған ана мен бала арасындағы емізу арқылы адам бойында әлеммен, өмірмен, өзімен, өзгемен қарым-қатынасының бастау алатындығын қосыңыз. Бала психологиясында сәби анасын іздеп жылағанда ана мен сәби арасында физиологиялық байланыс туатындығы белгілі. Бала жылағанда ананың омырауының қызуы көтеріледі. Баланың кез келген әрекеті ананың автоматты түрде әрекет жасауына әкеледі. Психологияда 2 айдан 6 айға дейінгі сәби мен ана арасындағы қарым-қатынас «бал айы» деп те аталады. Тап осы кезде сәби мен ана бір-бірін толықтырып өмір сүреді. Сәби мен ана арасында өзара қарым-қатынас түзіледі. Олар өзара біріне-бірі кезек жауап қатып, сәби, жалпы, қарым-қатынасқа түсуді үйренеді. Мысалы, бала еміп жатқанда емуін он секундтай тоқтатып, анасынан жауап күтеді, бұған анасы баласын сипалап, ары қарай емуін жалғастыруына әрекет жасайды. Осы жаста сәбидің табғи ортасында – өз анасымен қарым-қатынасында болуы – оның қалыпты дамуының кепілі. Сәби өмірге өз қалауымен келмейтіндігін, ұзақ уақыт бойы шарасыздық жағдайында өмір сүретінін ескерсек, басқа балалардай өз ата-анасымен тату-тәтті өмір сүру құқығы бұзылып, басқа отбасыға берілуі баланың болмысында өшпес із қалдырады. Бала үшін оны өзге отбасына беру – ересектердің, кейіннен айналасындағы адамдардың шектен тыс билігін мойындауына әкеледі. Дегенмен, ертедегі қазақтың бала асырап алуы, бауырына басуы астарында қамқорлық ниет жатыр. Біріншіден, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі ағайын-туыстың бір ауылда, керегелес өмір сүретіндігімен ерекшеленеді. Іргелес үйлердің арасында өмір сүрген баланың бойында асырап алудың салдары білінбеуі мүмкін. Екіншіден, жетім қалған бала үшін үйреніскен ортасынан бөлініп кетудің ауыр салдарын түсінген халқымыз оны сыртқа теппеген. Қазақта жетімдер үйі болмауының бір көрінісі осы. Жетім қалған баланың балалар үйіндегі мүшкіл халі жайлы ғылыми еңбектер баршылық. Отбасыда өсетін балалар мен жетімдер үйінде өсетін балалардың психикалық дамуында айырмашылықтардың болатындығы дәлелденген. Жетімдер үйінде өсетін баланың денсаулығы мен дамуында теріс өзгерістер болады. Олардың даму темпі баяулап, сәбилік кезеңнен бастап жасөспірім шағына дейін бойындағы дамуда кері әсерлер көп байқалады екен. Мысалы, жетімдер үйінде тәрбиеленуші бір жасқа дейінгі бала көңіл-күйінде енжарлық, селқостық, мұңаю басым болады. Танымдық белсенділігі төмен, эмоционалдық бірқалыпты. Осылайша, адам болмысының негізі – балалық шағы деформацияға ұшырайды. Ересектерге, қарым-қатынасқа ынта болмауы, сенімсіздік, тұйықтық, қамығып өмір сүруі басым болады. Туыла сала балалар үйіне берілген сәбилердің психикалық дамуының қалыптан ауытқуы оның айналасындағы әлеуметтік-эмоционалдық жағдайына тікелей байланысты. Сонымен бірге, балалар үйінде өткізген уақыттың ұзақтығы мен баланың психикалық дамуындағы ауытқулардың өзара байланысы бар. Сондықтан қазіргі таңда, туыла сала жетім және тастанды балалардың балалар үйінен гөрі асырап алынып, отбасында өсуі мен тәрбиеленуіне баса назар аударылып отыр. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |