09:42
Қазақтық

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛУ

 Психологиялық мәні:

Қазақтың кәмелет жасын мойындауы – қазіргі таңдағы құқық саласы мен психология ілімінде өз жалғасын тауып отыр. Қылмыс жасағаны үшін жауапкершілік аса ауыр қылмыстар үшін 14 жастан; азаматтық, тауар, ақша қатынастарындағы жауапкершілік 16 жастан; құқықтық қатынастардағы, оның ішінде отбасылық қатынастардағы толық жауапкершілік, өз өміріне деген жауаптылығы 18 жастан басталады.

Неғұрлым ауыр жауапкершіліктің ертерек басталатыны, яғни қандай жағдай болмасын жауапкершілікті сезіну 14 жастан ғана басталатындығында психологиялық үлкен мән бар.

Осы жаста жасөспірімнің тұлғалық дамуындағы әлеуметтік жағдайлар өзгере бастайды. Психологияда өтпелі кезең – өмірлік дағдарыс кезеңі ретінде танылады. Алғаш рет осы кезеңнің бала өміріндегі маңызы туралы америкалық ғалым Стэнли Холл ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында жар салған. Бұл дағдарыстың бала бойындағы биологиялық үрдістермен тікелей байланысты екенін алға тартқан. Бұл пікір қазіргі таңда жастық психология саласында толық мойындалды. Орыс ғалымы В.И.Слободчиков 14-15 жасқа дейін жасөспірімнің бойында қарқынды анатомиялық және физиологиялық өзгерістер болатынын жазады. Яғни бала өседі, тән массасы ұлғаяды, сүйек жетіледі, жүрек қан тамырлары жүйесі дамиды, жыныстық тұрғыдан жетіледі. Осы физиологиялық өзгерістер бала бойында үрей, ашушаңдық, қозу, депрессия сияқты психологиялық құбылыстармен қоса жүріледі. Сонымен бірге бала айналасына қарап, бой түзеп, өзін өзгелермен салыстыра бастайды.

Тап осы жаста бала бойында ересектік өмірдің алғышарттары – қызығушылықтар пайда бола бастайды. Қызығушылықтарды мәні бойынша Л.С.Выготский бірнеше топқа бөледі:

- «Эгоорталықты» - өз болмысын тануға бағытталған қызығушылық;

- «Көкжиекке қарау» - ауқымды мәселелерге қарай бастауы;

- «Жігерлену» - өз еркімен әрекет ету, қарсылық, текетіреске түсу;

- «Романтикалық» - тәуекелге бару.

М.Кле осы жаста тән, ойлау, әлеуметтік өмір, өзіндік сана-сезім деңгейінде бірнеше міндеттің еңсерілетіндігін айтады:

Тән деңгейінде: баланың тәні толық өзгеріске ұшырайды, ол өзінің ер немесе әйелдік бірегейлігін ұғынады. Сексуалдылық дәрежесіне қадам жасалады.

Ойлау деңгейінде: баланың интеллектуалдық сферасында сапалы өзгерістер болады. Әлемді танудың балалық тәсілдерінен бас тартады. Абстрактілі ойлау пайда болады. Болашақ туралы түйсігі кеңиді.

Әлеуметтік өмірі: бала отбасы деңгейіндегі толық ықпалдан шығып, құрдастарының арасында беделге ие болуға ұмтылады.

Сонымен бірге баланың өзіндік сана-сезімі мен бірегейлігі қалыптасады. Бала болашағы туралы ойланып, өзінің ішкі үнімен үйлесіп кеткен ата-ананың образдарынан құтылуға ұмтылады. Өз болмысын қалыптастыратын дүниелерді таңдауды бастайды (мысалы, болашақ кәсібі, т.б.).

Балалық шақтың аяқталып, ересек өмірге қадам басқан адам үшін қақпа саналатын кәмелеттік жасты баламен бірге ата-ананың да мойындап, оның дағдарыстық шақтан аман-есен өтуіне көмектесуі – баланы мойындаудан бастау алады. Сондықтан қазақтың кәмелеттік жасты мойындауы – баланың тән, жан, сана, қарым-қатынас деңгейінде ересектіктің дәмін сезіне бастағанын іліп әкетіп, оның бойындағы үрдістерді дұрыс арнаға бұруға тырысқандығын көрсетеді.

Қазіргі кезде психологиялық коррекциялық жұмыстарға жүгінетін әр адам өзіне кәмелет жасқа жетпей шектен тыс жауапкершілік артылуының немесе кәмелетке жетіп, пісіп-жетілген шағында ата-ана мойындамай, жауапкершілік артпауы салдарын көрсетеді. Осы қарама-қайшылықты екі үрдістің де салдары біреу – бұғанасы қатпай жауапкершілік қақпанына ілінген бала өспей, жауапкершіліктен ат-тонын ала қашады, зәресі ұшады.

Ал кәмелетке толса да жауапкершілігі мойындалмаған бала – өмір сүруге қажетті жауапкершілікті алуға именіп, ата-анасына артып отыруын тоқтатпайды. Сондықтан әрбір ата-ана ересектіктің қақпасы – кәмелеттік жасқа көңіл бөліп, баланың анатомиялық, физиологиялық, психологиялық мүмкіндіктерімен санасуы қажет.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 132 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: