19:11 Қазақтық | |
КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛУ Кәмелетке толу – қазақ халқының байырғы тұрмыс-тіршілігі жөніндегі деректерде ұлдың он үш, кей жерде ұлдың да, қыздың да он бес жасқа жетуі кәмелет жасы деп саналған. Сондықтан да халқымыз «Он үште отау иесі» дейді. Бұл жасөспірімнің белгілі бір жасқа жетіп, қоғам алдында өз ісіне жауап бере алатын, қоғамдық өмірге араласа алатын шағы. Ұл мен қыздың бойы өсіп, бұғанасы қатқан, ақыл-ойы мен рухани-моральдік жағынан жетілген, өз ақылымен шешім қабылдап өмір сүретін, өзінің іс-әрекетіне, жасаған қылмысына толық жауап бере алатын, заңды некеге тұруға жеткен шағын кәмелет жасы, кәмелетке толу деп атайды. Кәмелеттік жас туралы қазақ тұрмысында ислам діні енген кезеңге дейін және ислам дінімен байланысты, сонымен бірге еуропалықтар әсерінен қалыптасқан өлшемдер бар. Қазақтың байырғы тұрмысында кәмелеттік жас туралы он үш, он алты, он сегіз, тіпті жиырма бес жас аталады. Ал қазақтың мифтік әңгімелерінде қыздың кәмелетке толатын жасы – он сегіз жас. Кәмелетке толған бала өз алдына шаруашылықпен айналыса бастайды. Кәмелет жасқа толмаған баланың өзіне бөлінген еншіге иелік етуіне, оны өз еркінше пайдалануына, сатып алуға, сатуға немесе қарыз алып, қарыз беруге құқығы жоқ. Көп жағдайда ұл мен қыздың он бес жасқа толуы кәмелетке толған болып есептелген. Егер әкесі қайтыс болып, анасымен қалған бала шаруаға икемді, пысық болса, оған қамқоршы жалдамаған. Әдетте, кәмелеттік жасқа жеткен адам балалық шақтағыдай албырттық пен қызығушылыққа бой ұра бермей, салмақты бола түседі. Бұл шақта адам мақсатына жетуге мүмкіндігі бар қайратты, жігерлі, төзімді бола бастайды. Қазіргі уақытта он сегіз жасқа толғанда кәмелетке толды деп есептеледі. Кәмелеттік шақта адамның бейімділігі мен қабілет-қарымы мейлінше ашыла түседі. Баланың дүниеге келуінен бастап, кәмелет жасына толғанға дейін халқымыз ұл мен қызды бір-бірінен аса ажыратып, бөле-жара қарамаған. Тек «ұрпақ» ретінде және «ойын баласы» ретінде қарап, бірдей талап, бірдей дәстүр ұстанған. Ал кәмелет жасқа толғаннан кейін, ұлға азамат, шаңырақ иесі ретінде маңыз берсе, қызды «қонақ», «жат жұрттық» ретінде тәрбиелеуді қолға алған.
Психологиялық мәні: Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі бір ерекшелігі және ажырамас бөлігі – баланың өсуіне сай оған жауапкершілік артуы. Жауапкершілік мәселесі – адам өмірінің мәнін құрайтын экзистенциалдық психология саласының іргетасы. Бала жасына ай жауапкершілікті білмей өссе, бейқамдық, өз жасына сай дамымай, бойынан бала қылығы арылмай, ересек адам ретінде өмір сүруі қиындайды. Ал керісінше, балаға артық жауапкершілік жүктелсе, өз балалық дәуренінен, өмірінен бас тартып, өзіне үнемі шамадан тыс жауапкершілік алу сияқты бұзылыстар болуы мүмкін. Бала дамуындағы жауапкершілік мәселесінің тереңдігін түсініп, 13-15 жасқа дейін бала жасы – қозы жасы деп таныған. Осы жаста бала қолқанат болып, ата-анасына қолғабыс етеді. Қолқанат пен қолғабыс – тұрмыс тіршіліктегі жауапкершіліктің бәрін балаға емес, негізгі жауапкершілік ересекке жүктелгендігін, баланың көмекші ролін ғана иемденгенін көрсетеді. Қазақтың жауапкершілікті балаға 15 жастан асқан соң арта бастауы – оның физиолоиялық және психологиялық мүмкіндіктерін жіті бақылағаны, ескергені. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |