22:17
Қазақтық

ТІЛАШАР

Тілашар – бүлдіршіннің тілі жеке-жеке сөздерді айтуға икемделе бастаған кезде тілі тез шығу үішн дәстүрлі «тілашар тойы» жасалады. Мал сойылып, ауылдың ділмар, шешен қариялары арнайы шақырылады.

Олар «Тілің тез шықсын!» деп, сәбиге қойдың тілін жегізеді. Осыдан соң ақсақалдар «Сандуғаштай сайрап кет!», «Жиреншедей шешен бол, Жәнібектей көсем бол!» деген секілді ақ баталарын беріп тарқасады.

Тілашар тойы қазіргі таңда заманауи көрініс алып, бала алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтте жасалып жүр.

Балаға қатысты дәстүрдің бәрінде кемелділік пен тереңдік бар. Ертеде бұл ұғымның қазіргі дәстүрге қарағанда мәні өзгешелеу болған. Мәселен, 3 жас шамасындағы сәбидің тілі шықпай жатса, тілін сындыру үшін тілашар мерекесі өткізіледі екен. Бала «тас» деген сөзді айтқанда ата-ана «еңбегі қатты, енді еш қауіп жоқ» деп қуанған.

Егер 3 жастан асқан баланың тілі шықпай жатса, туған нағашысы бір мал сойып, тоқ ішегін тазалап сәбиді қылқындырған секілді кейіп танытқан. Уақыт өте келе бұл дәстүр жас ұрпақтың сауатын ашуыме жалғасты.

Ата-бабамыз сәбиінің жан-жақты боп өсуіне үлкен мән берген. Яғни тілашар тойы арқылы оның білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыруды мақсат еткен.

 

 Психологиялық мәні:

Тілашардың психологиялық мәнін ашқанда, оның қазірі таңда қолданылып жүрген мектепке бару тойы нұсқасын емес, халқымыздың о бастағы ниетін тілге тиек етеміз. Себебі «тіл ашу» - баланың білімін жетілдіру дегенге саймайды.

Тілашардың астарында адамның адамдық болмысын ашу мен мойындау жатыр.

Фрейдтің «адам дамуы – психосексуалдық дамуы, адам мен ортаның шиеленісті, жау қатынасына байланысты» деген концепциясын жоққа шығарып, қазіргі кезде әлемді мойындатып отырған экзистенциалдық (өмірлік) психотерапия саласында адамның тілдесіп, шүйіркелесіп дамитындығы, «адам күні адаммен» екендігі басты қағидаға айналды.

Адам өзін тануы үшін, өзгемен қарым-қатынасқа түседі. Осы тұста Мартин Бубер «Мен өзімді өзге арқылы танимын» дейді. Адам өзін тануы үшін өзгемен тілдесуі керек, өзгемен шүйіркелесуі керек. Адам болмысының қалыптасуына ықпал ететін «Өзге» - оның ата-анасы. Сондықтан ата-ана өз баласының болмысын қалыптастыруы үшін, оның тілін шығаруға, тілін ашуға тырысуы – олардың басты міндеттерінің бірі. Сонымен бірге Бубер «адам тек Өзге арқылы ғана жетілмейді, ол бір нәрсені қалап, бір нәрсені елестетіп, бір нәрсені қабылдап, түйсініп, сезініп, ойлап өмір сүреді» дейді. Осы үрдістер жүзеге асуы үшін, әрине, тіл мен сөз керек.

Балалық шақтағы тіл мен ой дамуының маңызы туралы еңбектер психология ілімінде ХХ ғасырдың 20-жылдары пайда бола бастады. Осы сұрақтардың төңірегінде сөз қозғаған Жан Пиаже жалпы психология ғылымында баланың тілі мен ойының маңызы туралы еңбектерге жол салып берді деп айтуға болады. Пиаже алғаш рет бала тілі мен ойлау қабілетін зерттеудің клиникалық әдісін ойлап тауып, бала тілінің тереңдігі мен кеңдігі болатындығын дәлелдеді.

Тілдесу мен шүйіркелесу арқылы адамның адами болмысының қалыптасуын Бубер мен Пиаже 20-ғасырда зертеп білсе, қазақ халқы бұны атам заманнан бері қолданып, ұлттық салт-дәстүрінің қатарына қосқан. Сол арқылы атадан балаға мұра болып берілген.

Кеңестік психологияда тіл – ойлау мен сана дамуының алғышарты болып танылды. Тіл мен ойлаудың адам болмысын қалыптастырудағы ерекше орнын ескере отырып, 1937 жылы алғаш рет М.Е.Хватцевтің тілдің ауытқуы, оның алдын алудың, жоюдың тәсілдері туралы логопедия ілімінің бастауы саналатын кітабы жарыққа шықты. Осылайша, тіл қату мен шүйіркелесудің адам болмысын қалыптастырудағы орнын ескерген халқымыздың тілашар салты педагогика саласының білдей тармағына айналды.

Осы тұста, тәжірибеде түйгеніміздей, нврологиялық, логопедиялық тұрғыдан ілік табылмай, тіл дамуында іркілістер мәселесімен психокоррекциялық жұмыс жасауға келген 5-9 жастағы балалардың бойында бірнеше ортақ белгі болатындығын байқадық.

Біріншіден, тіл дамуының ауытқуымен келген бала мен оның анасы арасында сенімділікке негізделген байланыс жоқ. Мысалы, анасы мен баласын ит пен күшіктей ырылдатып, бір-біріне ашық түрде, еркін ашу-ызаларын көрсету үрдісін байқау үшін жасалған диагностикалық жаттығуларда, бала анаға қарап ауыз ашқпақ түгілі, анаға көзі түскенде бұйығып дымын ішіне бүгіп қалады, дыбысын шығармайды. Бала анасына көсіліп, алаңсыз берілмейді, дымы мен ымы ішінде.

Екіншіден, баласын ертіп келген ана әлеммен қарым-қатынастың, тіл қатысып, шүйіркелесудің мәні жоқ деп есептейді. Ымы мен дымы ішінде, өз-өзімен ішқұсалық күн кешеді. Бала бойындағы ата-анадан қорқу, сенімсіздік, тілдесу мәдениетінің жоқтығы сияқты мәселелердің күрмеуін шеше отырып, баланың тілашар психотерапиялық кездесулерін жасадық.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 106 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: