19:15
Қазақтық

СҮНДЕТ ТОЙ

Сүндет той – қазақ даласында ежелден сән-салтанатымен ерекше аталып өтетін, өзіндік көптеген жөн-жоралғысы бар дәстүрлі мереке.

Қалыптасқан дәстүр бойынша ата-бабаларымыз ер балаларын 5-7 жасында сүндетке отырғызған.

Сүндетке отырғызбай бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайды. Алдымен «бір, екі, үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!» деп тақпақ үйретеді, «сүндетке отырғаннан кейін ғана сен нағыз жігіт боласың» деп күнделікті құлағына құя береді. Осындай әңгімелерге әбден еті үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді.

Сүндет тойын өткізетін күн алдын ала белгіленеді. Бұл тойға тән ерекшелік – тойға қонақтарды баланың өзі шақырады. Өзінің бәсіре атына мінген, сәнді киінген сүндет бала көпшілікті тойға шақырады. Оның бауырсақ пен мәмпәси толтырылған қоржынынан тойға шақырылған үй иесі дәм татады да, түсті матадан жыртыс жыртып, бала мінген жорғаның жалына байлайды.

Ауыл молдасы баланы сүндетке отырғызады. Бұл рәсім басталарда – әкесі баланы дастарқанға шақырып, күлдіргі әңгімелер айтады, мақтауын жеткізе отырып, төсекке жатқызады. Үйде жалғыз қалған солда қолын үш рет сабындап жуып, құрал-саймандарын отқа ұстап, таза ақ шүберек, ұн немесе таза күл, кесе дайындайды. Молда бала көңілін аулайтын түрлі хикаялар айтып отырып, шүметайының артық терісін қаз майымен әбден уқалап, жанын кетіреді, оның қалайша шорт кесіліп қалғанын баланың өзі де аңғармай қалады. Ұнды не дайындап қойған таза күлді сеуіп, қанын тоқтатады да, үстіне кесе төңкереді. Қара қотырланған жарасы қажалып, қанамас үшін етегі кең көйлек киген бала бір-екі күннен кейін жүгіріп кетеді. Шүметайдың артық терісін перзенті немесе ұлы жоқ ата-аналар қалап алатын жоралғы бар.

Тойға келген адамдар «сүндетің қабыл болсын!» деп баланың айналасына жеіс-жидек пен тәтті дәмдер толтырып, жастығының астына ақша тығады. Сүндеттелген бала ата-анасының сұрауы, өзінің қалауы бойынша жиналған қаржыны жұмсайды. Сүндет тойында ауқатты адамдар ат шаптырып, көкпар тартып дүбірлі той жасаған.

 

 Психологиялық мәні:

Сүндетке отырғызудың психологиялық мәніне медициналық мәні тереңірек.

ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы зерттеулерге сәйкес, ұл балалардың жыныстық мүшелерінің аномалиясының 53%-ы фимоз арқылы көрініс табады екен. Фимоз белгісі бар балаларда несеп жолы аурулары бұл симптом жоқ балалардан 10 есе көп кездеседі. Сонымен бірге фимоз – ер адамдарда несеп жолы ауруларының пайда болуының көп кездесетін себебінің бірі.

Диссертациялық зерттеулерге сүйенсек, ұл баланың шүметайының артық терісінде үемі А тобының β-гемолиздік стрептококк бөліну арқылы аурулардың пайда болуына әкеледі екен.

Ең маңыздысы, жыныс мүшесі обыр (рак) ауруына шалдыққан ер адамдардың 60-80 пайызы туа бітті фимозы бар болса, циркумцизия (сүндетке отырғызылған) ер адамдардың ілуде біреуінде кездеседі.

Бұған фимоздың ер адамдардағы сексуалдық ауытқу себебін және қант диабетімен байланысын қосыңыз.

Осылайша, баланың шүметайының басындағы туа бітті болатын артық ет өсе келе оның өміріне қауіп төндіретіндігі медицинада анықталып, ғалымдар дабыл қағып келеді.

Физиологиялық және патологиялық фимозды емдеудің жолы ретінде циркумцизия, яғни сүндетке отырғызу кеңінен таралған.

Медициналық тілмен айтсақ, сүндетке отырғызу – ер адамның денсаулығының кепілі және оның бойындағы түрлі ауытқулардың алдын алудың бірден-бір жолы.

Медициналық деңгейдегі ауытқудың адам жаны мен психикасына кері әсерін былай қойғанда, сүндетке отырғызу кейбір психологиялық мәселелерді де шешеді.

Біріншіден, 3 жастан -7 жасқа дейін баланың бойында оның жаңа қырлары мен жаңа белгілері ашыла бастайды. Бұл қырлар сезім мен мінез-құлық деңгейінде көбірек байқалатынын Эриксон жазды. Осы жаста бала бойында бастамашылық қасиет дами бастайтын көрінеді. Бұған дейін бала көп дүниені өздігінен жасай алмаса, осы уақытта қабілеті үдей түседі. Сонымен бірге осы жасқа дейін бала бойында олақтығы мен қорқынышы, сенімсіздігі басым болса, осы кезде жан мен тән деңгейінде тез өседі. Бала өз дегенін істеп, өз ойы мен қалауын жасауға ұмтылады. Осы тұста, яғни баланың «МЕНІ» қалыптаса бастаған уақытта, сүндетке отырғызу – ұл баланың өзінің гендерлік ерекшелігін терең тануына, өз табиғатына сай өмір сүруіне ықпал етеді.

Бұл кезең – баланың гендерлік бірегейлігінің дамуындағы маңызды кезең. И.В.Иванова өз зерттеулерінде бала мектепке дейінгі жаста (5-6 жас) алдымен өзінің адам ретінде, тұлғалық ерекшеліктері, қызығушылықтарына көңіл аударатындығын алға тартады.

Бәсіре туралы салтта айтылғандай, америкалық психолог Н.Чадороу ұл балалардың 4-6 жасқа дейін дамуы барысында кездесетін қиындықтары (гипербелсенділік, бір орында отвра алмау, жиі ауыра беру) олардың өз жынысын анықтау, өзінің гендерлік бірегейлігін анықтау үстінде болатындығын дәлелдеді.

Сондықтан сүндетке отырғызудың мәні ұл баланы стереотипті тәрбиелеуге ғана сайып қоймайды. Сүндетке отырғызу арқылы халқымыз ұл баланың физикалық және психикалық денсаулығының қалыпты дамуының алғышарттарын орындаған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 132 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: