21:00 Қазақтық | |
ТҰСАУКЕСЕР Психологиялық мәні: Тұсау кесу арқылы баланың дербестігі мен тәуелсіздігі, өз аяғына нық тұруға ынтасына қолдау көрсетіледі. Халқымыз тұсау кесу арқылы өзінің ең басты құндылығы – бостандықтың мәнін есі кірмей жатып түсіндірген. Баланың аяғын матап, басыбайлылық пен тәуелділіктің имитациясын жасап, қандай жағдай болса да, балаға еркіндікке ұмтылғанын қалағандығын жеткізген. Балаға ұрып, соғып, жеку арқылы емес, оның еркіндік үшін жаралғанын тұсауын кесу арқылы ерте бастан ұғындырған секілді. Эрик Эриксонның пікірінше, 1,5-3 жас аралығында бала күмәндану мен өз автономиялылығының күресін, яғни жан деңгейінде дербестігі мен тартыншақтығының күресін басынан өткереді. Осы тұста баланың айналасы оның өз күші мен мүмкіндіктеріне сүйене алатындығына сендіруі керек. Егер осы уақытқа дейін бала әлемге ата-анаға тәуелділік арқылы көз тастаса, енді ата-анадан басқа әлемге де назар аударғысы келе бастайды. «Әлемді танимын, тәй-тәй басып, жан-жағымды зерттеймін» деген бала тілегін тұсау кесу орындап, ата-ананың жан деңгейінде баланың өз аяғымен жүру мүмкіндігін мойындайды, «қоштасады». Бұл жан деңгейіндегі сепарация ата-ананың балаға деген сенімін тереңдетеді. Сондықтан тұсау кесу тек балаға арналған дәстүр емес. ең алдымен, ол ата-ананың түйсігіне арналған. Оларға баланың дербестігін мойындатуды көздеген. «Баланың «өз аяғыма тұрамын» деген ниетін айналасындағылардың ынталандыруы – күмәнданып не орынсыз ұялмай, өз дербестігін мойындау арқылы өмір сүру салтын қалыптастырады» дейді балалықтың атақты ғалымы Эрик Эриксон. Осылайша, жаңадан тәй-тәй басқан баланың дербестігі мен күмәндану күресін басынан өткеріп жатқан шағында баланы демеп жіберіп, дербестігіне қадам жасатуы, яғни осы жасында тұсауын кесуі – баланың өз аяғын тең деңгейінде ғана емес, жан деңгейінде де ұғынуына ықпал етеді. Психологияда 1,5-3 жаста «тұсауы кесілмеген» баланың жан жүйесі мен психикалық деңгейінде көптеген ауытқудың болатындығы мәлім. Мысалы, жан деңгейінде дербестігі мен тартыншақтығының күресін басынан өткерген шағында «тұсауы кесілмеген» бала өзінің еркіндігі мен дербестігінен, жеке даралығынан бас тартады. Адам о бастан еркіндік пен жеке даралыққа ұмтылып өмір сүреді. Өзінің дербестігінен бас тартқан, жеке даралығына қолдау таппаған бала өз бойына тым қаталдықты, бақылауда ұстауды, жасына жетпей ерте есейіп, ар-ожданымен арпалысуды, кінә сезімін жинақтайды. Әйгілі ғалым Эриксон өзінің қалауы мен талап-тілегінің орындалуынан бас тартқан бала өзін-өзі жеңіп үйренген сияқты сезімде болғанымен, компульсивті невроз ауруына ұшырауы мүмкін екендігін алға тартады. Бұл балалар жан-жағын бақылап, тартыншақ болатыны, қарым-қатынасқа еркін түсу алмау, өз-өзін еркін сезінбеу сияқты синдромдарды бойына жинайды. Балалардың бір ерекшелігі ретінде Э.Фромм олардың өмірлік қажеттіліктерін орындай алмауын мойындайды. Балалардың өзгемен байланысы – өмір мен өлім мәселесі, баланың жалғыздығы – тіршілігіне деген қауіптің бірі деп ұғынған. Ал енді, қараңыз. Бала аяғына жаңа тұрып келеді. Осы кезде баланың әлеуметке өмір сүретіндігін түсініп, халқымыз оған өз аяғының бар екендігін ғана түсіндірмеген. Осы аяқтармен әлемге қадам басу – оның нығметі мен өз міндеті екендігін ұғындырған. Сондықтан 1,5-3 жас аралығында баланың тұсауын кесіп, оның өзінің «аяғы» бар екенін жан мен тән деңгейінде түйсіндіріп, жеке даралығын мойындау, әлемге деген алғашқы «аяқ алысын» демеп жіберу – әр ата-ананың борышы. Тұсау кесуді ержүрек, сыйлы, мәнді және мағыналы өмір жолын кешкен адамға кестіру, әрине, дұрыс. Алайда бұл салттың тұсау кесушіге емес, баланың жеке-даралығын мойындауға арналған салт екендігін есімізде ұстаған абзал. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |