21:37 Атбегілік арналары | |
БИЕ және ҚЫМЫЗ Биеге қатысты атаулар Күпшек желін бие. Қара етті немесе ет желінді биені айтады. Күпшек санды бие. Артқы сандарының күпшек тәрізді жуан, жұмыр екендігіне теңей айтылған. Ноқталы бие. «Құлынды бие» деген ағынада айтылады. Бұл атау биенің құлыны бар деген ұғымды білдіреді. Қосақты бие. Бұдан екі мағына туады. Біріншіден, биенің күзге қарай жабағысы қосақталып сауылатындығын білдірсе, екіншіден, біреуден алынған, үйірі басқа бие өз үйіріне қашып кетпеуі үшін басқа жылқының мойнына қосақталып жіберіледі. Ер арқа бие. Биенің биік шоқтықты, кең сауырлы екенін көрсетеді. Қулық бие. Бірінші рет құлындаған биені айтады. Айғырдан шыққан бие. Күйіті келіп айғыр шапқанын білдіреді. Ту бие. Құлын тастап кеткен, не құлыны өліп қалған, немесе мүлде құлындамаған, әрі мініс көрмеген биені айтады. Тай бие. Бір жасында құлындаған бие. Қыс ішінде туған ұрғашы құлын мен телі құлындардың сауылмай жіберілген ірілері (күйлі, семіздері) айғырдан шығып бір жасында құлындайтындары болады. Бесті бие. Айғырдан төрт жасында шығып, бес жасында құлындаған бие. Кәртамыс бие. Құлынды биенің он бірден он төрт жас аралығындағысы. Кәрі бие. Құлынды биенің он бестен он жеті жас аралығындағысы. Лақса бие. Құлындап жүрген биенің он сегіз, он тоғыз, жиырма жасқа келгені. Жасаған бие. Жиырма жастан асқан биені айтады. Мұның асыл тұқымдылары тіс бедерін жоймайды 40 жасқа дейін жасайды. Сары құлын бие. Биенің қарны «сары» деген мағынаны білдірмейді, оның сегіз-тоғыз жастағы екендігін білдіреді. Шипі емшек бие. Биенің кішкене емшектісі. Тар үрпілі бие. Биенің емшек ұшының сүт келетін үрпі кішкене деген ұғымда. Кең үрпілі бие. Бұлар бие емшегінің ұшындағы сүт шығатын үрпі «кең, үлкен» деген ұғымды береді. Тік емшек бие. Бұл атау бие емшегінің түзу, тіп-тік екендігін білдіреді. Сыңар емшек бие. Биенің екі емшегінің біреуінен сүт шығып, екіншісінен сүт шықпайтын болса, не құлынын сүтпен бір емшегі жарытса, екіншісі жарытпаса, оны сыңар емшекті бие дейді. Бүйен емшек бие. Емшегі ұзын болмай, түп жағы жуандау болып келген бие. Быртық емшек бие. Емшектерін тұтамдап ұстауға келмейтін бие. Талтақ емшек бие. Емшегі екі жағына қарай қисая біткен бие. Тостаған желін бие. Желін бітісі тостағанның аумағындай боп келгені. Мама бие. Сүтті биені айтады. Оның сүтін құлыны еміп, тауыса алмайды. Құлыны еміп болғаннан кейін, көп уақыт өтпей исініп тұрады. Суалған бие. Сүт бермейтін, сауудан қалған бие. Ақ тандыр бие. Биені сауғанда емшегінен бір тамшы да сүт шықпайтыны. Исіншек бие. Сауар алдында құлынына жанасып, исініп сүтін ағызып жіберетін бие. Қожыраған бие. Бұрынғысына қарағанда сүтті өте аз беретін бие. Сауылатын биенің сүті азайғанын, суалған (сүті қайтқан) кезіндегі қалпын білдіреді. Боземшек. Күзге қарай биенің емшегі сүтке тырсия толған кезіндегі бірінші сауылуы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |