23:41 Атбегілік арналары | |
ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМДАРЫ Будан тұқымдар Дон жылқысы. Мұның шыққан жері – Дон өзенінің маңайы. Жергілікті жердің ауа райына өте төзімді келеді. Дон тұқымының басы ашаң, сәл ұзындау, маңдайы томпақ, шортан басты келеді, көздері үлкен, шығыңқы, томпақ, танаулары делдиген, жұқа құлақтары сереңдеген, мойнының ұзындығы орташа, түзу, кейде ұзын, ашаң немесе етті, толық болады, көкірегі кең, қабырғалары ұзын, арқасы тегіс, сауыры ұзын және тік, аралары кең, артқы аяқтары қайқылау, тұяқтары берік, дөңгелек, үлкен болып келеді. Дон жылқысы салт мінуге қолайлы. Таза қанды, салт мінетін жылқы. Бұл өте жүйрік, әсіресе жақынға шапқанда ұшқыр келеді. Қазір біздің елде осы тұқымды өсіру ұйымдастырылып жатыр. Таза қанды, салт мінетін жылқыны үнемі ипподромда бағып-қағады. Бұлардың айғырлары жергілікті жылқы тұқымын жақсарту үшін қолданылуда. Бұл өте сымбатты, тұлғасы зор, әсем денелі, көркем тұлғалы жылқы. күтімді жақсы керек етеді, жем-шөпті өте талғап жейді. Орлов желісті жылқысы. Осыдан екі ғасыр бұрын Воронеж облысының «Хренов» жылқы зауытында араб, дат, голланд тұқымдарын өзара будандастыру арқылы шығарылған. Орлов жылқысының басы үлкен, мойны ұзын, көбінесе қаз мойынды әдемі болады, шоқтығы биік, арқасы тегіс және жалпақ, сауыры тұтас, аяқ сүйектері жуан келеді. Денесі ірі болады, мұның жергілікті жылқының бойын өсіруде зор маңызы бар. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |