07:38 Атбегілік арналары | |
ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМДАРЫ Байырғы жылқы тұқымдары Байырғы көшпелілердің табиғи жылқы тұқымдарына: қазақ, моңғол, қырғыз, бурят, хакас, алтай, башқұрт, ойрат, тыва, сақа, түркімен және т.б. жатады. Моңғол жылқысы. Моңғол жылқысының денесі шағын, шымыр болып келеді. Ауа райының қандай қатал жағдайында болса да төзімді, үстемелеп жемдеуді талап етпейді, жылдың төрт мезгілінде жайылыммен жан сақтайды. Бұл тұқым қазіргі таңда зоотехникалық сұрыптау жүргізілмеген, басқа тұқым жылқылармен будандастырылмаған, гені бұзылмаған, әлемдегі жалғыз тұқым болуы да мүмкін. Қыс айларының қақаған аязында, ашық далада жайылымда болады. Қасат қарды қазып, тебіндеп жайылады. Мұндай ауыр қолайсыз табиғатта өсіп-өнген жылқы онша ірі болмайтыны түсінікті. Моңғол жылқысының – басы етті әрі үлкен, сағағы кең, көздері кішілеу, мойны қысқа, жуандау, тұрқы орташа, шоқтығы онша биік болмайды, көкірек қуысы кең, қабырғалары ұзын және тіктеу келеді. Оның белі берік, аяқтары бақал, сіңірлі, тұяғы жұмыр әрі шымыр болады. Жүні қалың суыққа төзімді. Күзде семірген ту бие құр аттар 300-350 келі салмақ тартады. Қырғыз жылқысы. Қырғыз жылқысының шығу тарихы өте ертеден басталады. Енисей бойын мекен еткен көшпелі қырғыздар тарихымен тіке байланысты. Бұл тұқым тіпті біздің жыл санауымыздан 2000 жыл бұрын пайда болған делініп жүр. Қырғыздың жылысы таулы өңірге өте бейім. Яғни теңіз деңгейінен 2500-3000 метр биіктікте орналасқан тау жайылымдарында жаздан бастап қоңыр күзге дейін бағылады. Ал қыста жылы қойнауға түсіріп, нәрлі азықтармен үстемелей жемдеп қыстан шығарады. Қырғыз жылқысының – мойыны қысқа, тұлғалы, шоқтығы биік, тұрқы ұзындау, кеуде кеңістігі тарлау, құйрық-жалы сұйықтау, арқасы берік, жұмыр, болат тұяқты болады. Алтай жылқысы. Салт мініледі және теңдеп жүк артауға, шанаға жегуге қолайлы тұқым. Алтай жылқысын зерттеушілер моңғол жылқы тұқымынан тараған деп есептейді. Бірақ дене бітімі көкірек қуысының кеңдігі, тұрқының ұындығы жағынан моңғол жылқысынан анағұрлым ірі екенін ескеру керек. Алтай жылқылары жазда биік тау алқабындағы көгалдарға жайылып шелдене семіреді. Қыста тау баурайындағы ықтасын алқаптарда бағылады. Қай кезде болсын қоңы таймайды, өсіп-жетілу процесі өте жақсы. Биік тау жайылымдарында өсіп-өнгендіктен – жүрек соғысы мен қан айналымы жақсы, өкпесі кең, асқазаны мықты, бұлшық етінің сіңірлері жетілген болып келеді. Алтай жылқысының – басы үлкен, етті, кеудесі кең, сауыры түсіңкі, белі қайқылау болады. Тұяқтары мықты, артқы аяқтары ішіне қарай маймақ, аяқ алысы кербез, шабандау келеді. Шашасы сұйық, құйрық-жалы мол болады. Моңғол жылқысына қарағанда анағұрлым биік, басының ұзындығы мен көлденеңі өте үлкен, омырауы кең, кебеже қарын, кең құрсақ, қабырғалары қайқы, дене тұрқы шұбалаңқы сияқты көрінгенімен жинақы, қысқалау аяқтарының бұлшық еттері білемденіп тұрады. Сақа жылқысы. Солтүстіктің қатал табиғатына үйлескен тұқымдардың бірі – сақа жылқысы. Ол 40-50 градус суықтарда қарды қазып жайылады. Қоңын тайдырмай бортиып тұрады. Жыл бойы тек табиғи жайылымда бағылады. Қолға ұстап бағуға дағдыланбаған. Сақа жылқылары – бөкен басты, қалың қасты, үлкен көзді, кең сағақты, мойыны ұзын әрі жуан, денесі үлкен, тұрқы ұзын, шоқтығы биік, көкірек қуысы кең, қабырғалары ұзын әрі дөңгелек доға формалы, арқасы берік, жаясы жалпақ, аяқтары сіңірлі жуан, бақал, тұяғы үлкен, өте шымыр болады. Жүні қалың әрі ұзын қыста 7-10 см, тіпті одан да ұзын өседі. Құлындары тез өсіп жетіледі. Алты айлық құлындар өз енесі салмағының 40 пайызына жетіп үлгереді. Үлкен жылқы тірідей 390-450 келі салмақ тартады. Түркімен тұқымы. Түркіменстан жерінде ертеде пайда болған – жәуміт және ахалтеке тұқымдары бар. Бұл екеуі де ежелгі тұқым. Ахалтекеге қарағанда жәуміт тұқымы қайырымды. Басы үлкен, мойындары төмен, аяқ-қолы мығым келеді. Жүрісі аса жайлы. Кез келген ауа райына төзімді. Ал ахалтеке тұқымы – байырғы араб жылқысының бір түрі болып саналады. Бұл тұқым Жамбыл облысындағы «Луговой» жылқы зауытында тұрақты өсіріліп келеді. Ахалтекенің – басы ашаң, мойны ұзын, шоқтығы биік, арқасы жұмсақ, жоны ұзын, тұтас сауырлы, жіліншіктері жіңішке, топайлары дөңгелек, тұяқтары берік, артқы аяқтары қайқылау, терісі жұқа, жалы жібектей жұмсақ болады. Жайылымда баққанды ұнатпайды, қатты суықты көтере алмайды, сүйектері жұқа жаратылған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |