22:15 Атбегілік арналары | |
БӘЙГЕ және ЖҮЙРІК ТҮРЛЕРІ Қазақ жүйрік түрлері Қапшық. Басты белгісі – сағағы тар мойын, бітімі қапшық болуына байнысты айтылған. Сипаты – құлағы ұзын және тұрқы ұзын, солқылдақ, белі қайқы, тұяғы жұқа, жалпақ. Мойыны ұзын, құс ұйқылы, елеңдегіш. Сүйегі жұқа, қоян сүйек, маңдайы тар, арты аласа, алды биік. Тістің мөрі орташа келеді. Үркек. Шабысы ұшқыр, қысқа қашықтыққа оқтай зулайды. Мұндай жүйрік көкпарға ыңғайлы болады.
Созақ. Бұл жүйріктің басты ерекшелігі – бір қалыпты шабады. Жақсылап баптаса күндік жерге шабады. Аламанға жақсы. Бірақ созақ жүйріктерді бәйгеге көп қоспайды, бұны аламан жорықтың аты есебінде баптайды. Қазіргі таңда 130-150 шақырымдық қашықтыққа жарыстар ұйымдастырылуда. Осындай жарысқа ыңғайлы жылқы. сипаты – басы, аузы, езуі, көздері үлкен. Кеңсірігі жіңішкеріп келеді. Селтиген теке танау болады. Көзі қызыл, өте асау, үркек, жалқұйрығы қою, мінезі тар күйгелек, қаз мойын, месқарын, жалпақ жұқа тұяқты. Сырты сұлу, тірсегі тік, күші алдында, мықыны кең, тұрқы ұзын, солқылдақ, бақайы ұзын, қабырғасы жазық болады.
Мұзбүйрек. Бұл жүйріктің ерекшелігі – мойны қысқа, бұқа мойын, басы жантақ, қазанбас төртбақ, аяқ-қолы жуан, май жинайды, қобы салып тойынады. Бүйрегінен май кетпейтін болғандықтан «мұз бүйрек» деп атаған. Мұзбүйрек мініске төзімді өңін бермейді. Бабы да қиын емес, көбінде қоңды шабады. Бәйге кезінде шаршамайды, тер алуы да жеңіл. Сақаланғаннан кейін бәйгеге қосқан дұрыс. Жас кезінде онша жүйріктігі танылмайды. Таулы-тасты жерлерде жақсы шабады, тұяғы берік келеді. Суыққа төзімді, аламан жарысқа арналған жүйрік. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |