07:56 Атбегілік арналары | |
БӘЙГЕ және ЖҮЙРІК ТҮРЛЕРІ Қазақ жүйрік түрлері Желқабыз. Бұл жүйріктер шыға салма жүйріктер. Ерекшелігі – ат шабардан (сөреден) шыққанда қалай шапты сол шабысынан танбай көмбе көретін жүйріктер. Ал «желқабыз» аталуына себеп: қазақ балықтың ішіндегі ауа толы торсылдақты осылай атайды. Бұл торсылдақ балықтың су ішінде жылдам әрі жеңіл қозғалуына әсерін тигізеді. Сол сияқты желқабыз жүйріктің де өкпесіне жел толтырып, қиналмай тыныс алып, шабатын ерекше бейімділігі бар. Қазіргі таза қанды жылқыларда қазақтың жүйрігіне тән белгілер бар.
Төңірек. Жай тұрғанда сауыры мен шоқтық биіктігі бірдей, алды-арты тең жүйрікті айтады. Яғни төңірек жүйрікте жабының үш шоқысы деп аталатын – төбе сүйек, щоқтық және сауыр-ұшасы (ұша – сүбе қабырға, арқа-белдеме, жамбас сүйектің қосылған жері) бір сызықтың деңгейінде болуы басты шарты. Бұл жүйрік шапқанда бұрқырап шабады. Төңіректі кейде тесік өкпе деп те атайды. Екі өкпесінің тұсындағы орайының тесігінен аяз күндері бу шығып тұрады. Жалпы қазақтың жүйрік сынына байланысты айтылатын барлық таным-ұғымы осы жүйріктің негізінде айтылатынын ескеру керек. Соған қарағанда өте көнеден келе жатқан жүйріктер санатында.
Күдір. Бұл жүйріктің басты ерекшелігі: өрге шабады, тау-тасқа жүгіретін күдір аң сияқты құйрығын көтеріп шабады. Күдір жүйріктің екі мықыны мен қабырғасының ортасы бір сүйем ғана болады (сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың арасы). Күдір жүйріктің – басы етсіз, қысқа, қушықтау, көзі отты, қызыл әрі шарасы үлкен. Кеңсірігі үлкен, ортасында қобысы бар. Беті жалпақтау, тілдің жатыны кең, түсі ақшыл, бидай түсті. Сағағы кең, бөкен сағақ, құлағының тесігі жұқа, ұзын қамыс құлақ, қабырғасы жазылыңқы, мойны, аяғы, тұрқы салыстырмалы түрде ұзын. Тұяғы жалпақ, тұяқ ернеуі қырлы, бота тірсек. Шапқанда құйрығын көтеріп шабады. Күші кеудесінде, ұмасының алдыңғы жағында және де құлақтың ішінде ұзын қылшықтары болады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |