ЖЫЛҚЫНЫҢ ЖАСЫН АНЫҚТАУ
Жылқы түлігі бағым-күтіміне және өмір сүрген ортасына байланысты орташа есеппен 25-30 жылғы дейін жасайды. Бірақ дала жылқысы 17-20 жастан асқан соң кәрі деп есептеледі. Қазіргі таңда жылқы жасын анықтау қиындық тудырмайды. Өйткені жаңа туған құлындар заң жүзінде төлқұжатпен қамтамасыз етілуде.
Ал бұрынырақта қазақ жылқышылары жылқының жасын: атауларына, түр-түс пошымына және тісіне қарап анықтайтын дәстүр болған.
Жылқы атауларына қатысты жас анықтау
- Құлын – биенің жаңа туған жас төлі.
- Жабағы – туғанына алты айдан асқан құлын.
- Тай – бір жасқа толған жылқы.
- Құнан – екі жасар еркек жылқы.
- Байтал – екі жасар ұрғашы жылқы.
- Дөнен – үш жасар еркек жылқы.
- Бесті ат – бес жасар жылқы.
- Сақа ат (айғыр) – 7-10 жасар.
- Кәрі ат 12 жастан жоғары.
- Қасабалы бие – 7-8 жастағы бие.
- Кәртамыс бие – 11-14 жастағы бие.
- Жасаған бие – 20 жастан асқан.
- Сәурік – 3-4 жастағы үйірге түспеген айғыр.
Жайылымдағы жылқының жасын түр-түсі мен бітіміне қарап анықтау:
Дала жайылымында жатқан жылқыны сырт-пошымына қарап-ақ мөлшерлеп анықтауға болады.
- Кәрі жылқының жал-құйрығы білтеленіп, селдіреп кетеді.
- Он-он бес жастан асқан жылқының ерін-езуі мен жақ еті шалбарланады. Осы шалбар-қыртыстарға қарап жасын анықтауға болады.
- Жылқының жақ етін шымшып бұрағанда еті болбырамай орнына тез жиналса, бұл 6-8 жасар жылқы.
- Жылқының жақ еті үрлеген қарындай тырсиып, сыздап тұрса, бұл 15 жасқа жетпеген жылқы.
- Егер жылқының көзі ажарлы, отты, қарсы алдынан қарағанда көз шарасының ішіндегі адамның суреті толық көрінсе, бұл 10 жасқа жетпеген жылқы.
- Он жастан асқан жылқының жанары өшкін, көз шарасындағы адамның бейнесі бұлыңғырланып, жарты денесі әрең көрінеді.
баспаға әзірлеген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|