19:08
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАЙЫЛЫМЫ

Жылқышыларға пайдалы кеңес

  1. Жылқы бағу барысында есте болатын дүниелер баршылық. Соның бірі жылқыны «қойша бағу» тәсілі. Ол үшін отарды таңертең өріске шығарып, түске дейін жайлап айдап әкеліп дем алдырады. Түс ауған соң қайта жайылтады. Қараңғы түспей тұрып айғыр үйірлерін түгендеп түнгі жайылымға шығарады. Бұлай бағудың пайдасы: жылқы шашырап жоғалып кетпейді және жайылымды дұрыс пайдалану үшін аса қажет.
  2. Кешкі апақ-сапақта және таңғы аяз буған мезгілде отардағы жылқыны иіреді. Өйткені дәл осы сәт ит-құстың (қасқырдың) жортуылға шығатын кезі. Осылай иіріп жусатуды іңірттеу дейді.
  3. Жылқы тұрағына тоқтатып үйрету қажет. Ол үшін алғашқы 3 күн отарды тұраққа қайырып ұстаса кетпей үйренеді. Тұраққа ықтасын көңі бар қолайлы орын таңдалады. Тұрақта тұрған жылқы алаңсыз аунап-қунап ұйықтайды. Тұраққа үйренген жылқы қоңды келеді және биелер осы жерде қауіпсіз құлындайды.
  4. Тұрақ пен жайылым арасы қашық болмағаны дұрыс. Орта есеппен 4 шақырым жетіп жатыр.
  5. Жылқының күйін кетіретін өкпек желді қатты аяз. Сондықтан ызғарлы аязды күндері жылқыны ықтасын әрі күңгей қойнауға қайырған абзал.
  6. Отардағы жылқының тезегі қарайып, үйірдің бос сенделіс жүрісі көбейсе, онда жайылым дұрыс болмағаны. Яғни қар суының тұздануы немесе буыны қатқан шөптен құнар кетуі, өкпек желдің ызғары ұруы, т.б. мүмкін. Ол үшін тез арада жайылым жерді ауыстыру керек.
  7. Жылқышы астындағы мініс атын ауыстырған жағдайда жаңадан ат ұстау үшін отарды дүрліктіріп үркітуге болмайды. Үйірдің шетінен келіп жайлап ұстаған дұрыс. Тыныш жатқан жылқы кенет дүрліксе, тай-құлындар аяқ астында жаншылып, буаз биелер құлын тастайтын қауіп бар.
  8. Буаз биелерді үркітіп-шошытуға болмайды. Кенет шошынған болмайды. Кенет шошыған жылқы стресске ұрынып, бүйректің жоғары тұсындағы безден адреналин гормоны бөлінеді де, жатырға баратын оттегі азаяды. Бұндай жағдай қайталана берсе, бие құлын тастайды.
  9. Буаз бие құлын тастайтындай күйге түскені анық білінсе, оған суырдың майын ерітіп, ас қасықпен 2-3 дүркін ішкізсе, тұрақтанады.
  10. Құлындау мерзімі жақындаған биелерді алысқа жайылтпай тұрақ маңында қайырып, қажет болса қосымша жем-шөп береді.
  11. Отардағы жылқының қоңын түсірмеу үшін аптасына 2 дүркін тұз жалатып, ащылау күйін басады.
  12. Жайылым жарасқан жағдайда жылқының тезегі күреңденіп үлкейеді.
  13. Жайылымның қары қатайып күртіктене бастаса, жылқының қармен сусындауы қиындайды. Сондықтан жылқыны шөлден сақтауды ерте ойластырған жөн.
  14. Жасы жеткен сақа жылқы бір түнде орта есеппен 20 литр су ішеді. Қысты күні жылқыны түсте күн жылынғанда суарған дұрыс.
  15. Жылқы малы ауа райының құбылысын ертерек аңғара білетін есті жануар. Мысалы, отардағы жылқы ұйлығып мазасыздана бастаса күн суытады. Осы жайларды жылықышы білгені жөн.
  16. Жазда жылқы жайылған өріске қой отарын жаймайды. Өйткені жылқының кепкен тезегінде қара шіркей болады. Ол күн ыстығында қойдың танауын кеулеп жайылтпайды.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 102 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: