20:47
Атбегілік арналары

САЯТ АТЫНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Саятшылық дегеніміз – бүркіт салып, қыран құспен аң аулау. Қазақ құсбегілері үшін қыс маусымы (желтоқсан, қаңтар, ақпан айлары) саятшылықтың таптырмас кезеңі. Яғни желтоқсанда басталған саятшылық ақпанның ортасына дейін жалғасады. Өйткені наурыз туа қарсақ, түлкі сияқты дала аңдары үйігеді де, тұла бойынан қансық шығады және ұрғашыларының іші өседі. Қазақ аңшылары дала аңдары туатын немесе ылығу кезінде оларға тиіспейді.

Саятқа шыққанда құсбегі бүркітін ашықтырып алып шығады. Өйткені атамыз қазақ айтқандай «тоқ бүркіт түлкі алмайды». Сол сияқты аңшы да жылы киініп, бүркітке қажетті жабдықтарының бәрін сайлап алады. Негізінен саятқа қар жауған күні, таңмен ерте аттанады. Жауған қарға дала аңынан басқа бөгде жануардың ізі түспей тұрғанда кәнігі аңшылар жер шолып, алдымен бағытын айқындап алады.

Қолына құс қондырған бүркітшілер алакеуім таң қараңғысында биік қырат-қырқаға шығып орналасады. Даланың аңы жүретін тоспа, сүрлеу, соқпақ жолдарды қадағалап сақ отырады. Бір топ адам қолдарына даңғырлақ ұстап биіктен жазыққа қарай жыра-жылға, соқпақ-сүрлеуді сүзіп өтіп, аңдарды інінен үркітіп, төменге қарай қуып шығады. Бұл адамдарды қағушылар деп атайды. Қағушылар үркітіп, інінен немесе тастың қуысынан қуып шыққан аңға, биікте тұрған құсбегілер бүркітінің томағасын сыпырып қоя береді.

Осылай аң аулау тәсілін қазақтар сонар деп атайды. Сондай-ақ қара жерге алғашқы көбік қар түсіп, күннің райы ашық болып, қарға түскен іздер алыстан менмұндалап тұратын болса оны нағыз қансонар деп атайды. Сонар немесе қансонарда ауылдың бір-екі бүркітшісі қасына қағушы балаларды ертіп кез келген сәтте шыға береді.

Ал құсбегілер топ-топ болып, ұйымдасқан түрде, межелі бір уақытты белгілеп, бірнеше күнге немесе апта-айға созылатындай мерзім белгілеп, көп адамның саятқа шығуын салбурын дейді. Бұл саятшылық және аң аулау кәсібінің бір түрі. Аң аулау маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді.

Қазақ құсбегілері саят-сонар-салбурынға жаяу шықпайды. Арнайы ьаптап дайындаған аттарды мінетін болған. Тіпті кәнігі һәм кәсіби құсбегілер қосарлап ат баптап мінген. Саятқа мінетін атты ауызекі тілде «Бүркіт аты» деп аталса, әдеби тілдік норма бойынша «Саят аты» деген есімге ие.

 
 

жиған-терген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 154 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: