КӨКПАР АТЫНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ
Көкпардың атын баптау
Көкпардың таын баптаудың шарттары
Көкпардың атын баптау өте күрделі. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көкпардың атын баптайтын мезгілді: жазғы шілде және қысқы шілдеге бөледі.
Жазғы шілде: 25 шілдеден бастап 5 тамызға дейінгі аралық.
Қысқы шілде: 25 желтоқсаннан 5 ақпанға дейін созылады.
- Осы уақытта жылқыға екі мезгіл жем-шөп беріп бордақылайды.
- Яғни, шілдеге қойған атты қырық күн мінбей, семіртеді. Бір ай бойы оған арпа-бидай береді.
- Алғашқы күннен бастап жемнің мөлшерін жылқының жегеніне байланысты бірте-бірте көбейтіп, кейін керісінше азайтады.
- Аттың жаңбырлығы (сан сызығы) жабылып, жалы құлаққа жете қабыл болғанда жілік майы толды деп есептеледі.
- Ат әбден қоңданып, жілік майы толғаннан кейін далаға шығарып аунатып, мінбей жүргізеді.
- Бұдан кейін атты суытып, іш майын қатырады. Жылқы семіз болса, күші көп болады. Күшті атқа мінген көкпаршы тартыста серкені оңай іліп әкетеді.
- Жаратуы кем немесе суымаған семіз атты бірден сайысқа қосуға болмайды.
- Жылқының етін күн ыстықта түсіру керек.
- Байланған атты қозғауға болмайды, жем-су тасып беріледі.
- Күндіз салқын саяда, түнде ашық далада байланады.
- Күн ыстықта жұқа жабу жапқан жөн.
- Екі мезгіл: таңертең, кешке суарып, жер ауыстырып аунатып отырады.
- Жілік майы толған атты, яғни, үш-төрт елі қазы жиғанда таң асыру басталады. Бұл кезде құрғақ шөп пен арпа беріледі.
- Кейбір жылқыларды семіздігіне байланысты қаңтаруы таңғы және кешкі мезгілге көшіріледі.
- Кешкі жемнен кейін атқа ешқандай шөп бермей зере қазыққа құр тақырға таң атқанша байлап қояды.
- Аттың дене тұрқына орай зере қазықтың биіктігі 1,5-2 метр шамасында болады. Мойын кертпеш жасалады. Бұл аттың айналып тұруына мүмкіндік береді. Мұның басқа да түрлері болуы мүмкін.
- Қырық күн келте байланып, қаңтарылады. Содан соң аздап ұзартуға болады.
- Шілдеге байланған атты аунатып-қунатқанда сақ болған жөн. Аунап-қунағанда қазысы жыртылып кету қаупі бар.
- Бапталған атқа көкпардан бір апта бұрын ер салып, арқасын үйретеді.
- Байланған атты аяңдатып бір апта бұрын ер салып, арқасын үйретеді.
Көкпар атын жемдеу.
Көкпар атына таза сұлы, бидай немесе арпа береді. Тұнық сумен суарып, жасыл жоңышқаның көгін жегізеді. Қысы-жазы жабулап ұстайды. Сиыр су ішкен ыдыспен ат суармайды. Атты тұрған жерінде зәр сындыртпайды, тезек тастатпайды. Етін қатырады, қазысын ортайтады, күніне бірнеше дүркін мініп-түсіп бұлшық еттерін ширатады. Осы қағида сақталмаса, аттың бабы келмейді.
- Жем бергенде арпа пайдалы. Ол қазының ішкі жел майын кетіреді. Шелі кеткен соң барып жылқы іш май жинайды.
- Ат байланған кезде жем-шөптен, судан тартпайды. Мысалы, күніне 2-3 келі жем берсе, ертеңінде жемді бір келіге дейін молайтады.
- Ат семіру кезінде жемнің күндік нормасын (кейде 2 пұтқа дейін) арттырады.
- Ат толық семіріп жемнен бас тартқанда, күндік норманы бір-екі келі кемітеді.
- Арпаны шала қайнатып, сонан соң қуырып беру өте тиімді.
- Атты суытқан кезде бидай беруге болмайды.
- Аттың тамағы жақсы қорытылп, бойына тез сіңуі үшін 10 литр көк шайды суытып береді.
- Суыған көк шай аттың қуатын қалпына келтіруге, тәбетін ашуға пайдалы.
- Мамыр, қазан айлары арасында байланған аты байлаудан шығарарда алғашқы үш күн жем бермейді. Бұл – ішіндегі ласын тастату үшін қажет.
- Еті жұқарып арыған жылқыға 7 келіге дейін жем беруге болады.
- Жемге сәбіз, жұмыртқа қосып беру өте пайдалы.
Көкпар атын суыту.
Көкпар атын суыту өте күрделі. Атты жай аяңдатып, желе жортып, бусантып, терлетіп алып суытады. Суытқанда таң асыру, қаңтару әдістерін көп қолданады.
- Бір көкпарда үш рет шапқан атты 4 сағаттан соң жем-су беріп, ыстық-суығын басу үшін суыту керек. Осыны жасамаса аттың аяғына қан түседі.
- Шілдеге байланған аты суыту үшін алғашқы аптада күніне 4 саға қаңтарып қояды. Одан кейін бір сағат шөпке байлайды.
- Он күн өткен соң мінуді бастайды. Қырық күн шілдеде тұрған мал ширығады, онымен бірден шауып кетуге болмайды. Өйткені, оқыс қозғалыстан жылқының қазысы жыртылып кетеді. Ол қайта орнына келмейді. Үш күннің ішінде ширығуы басталады.
- Одан кейін күніне 10-15 шақырым жүріп суытасыз. Бір айдың ішінде ат көкпарға дайын болады.
- Көкпарға баптаған жылқының қазысын қатайту үшін суық суға жүзгізеді. Қазысы қатқан жылқы шаршамайды.
Бабы келген жылқы көкпарға салғанда белгілі болады. Ол үшін баптаған жылқыны бір-екі қол (салымға екі-үш рет кіріп шығу) алған соң шығарып байқайсыз. Нағыз бабы келген көкпардың аты додаға тағы кіргісі кеп, жұлқынып сұранады. Міне, бұл нағыз бабы қанған жылқының белгісі.
жиған-терген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|