19:03
Атбегілік арналары

КӨКПАР АТЫНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Көкпардың атының сыны

Көкпар атына қызбел, желбегей, қапшық жүйріктерді таңдайды. Әсіресе қызбел жүйріктер қазіргі таңдағы спорттық көкпарға таптырмайтын жылқы. Желбегей және қапшық жүйріктердің мінезі алаң, ұшқалақтау әрі топ жарғыш болатындықтан бұларды жаппай көкпарға салуға оңтайлы.

 

Топ жарғыш жылқының сипаты: еріндерінің еті қалың, салпы, маңдай сүйегі шобырлау біткен, кеңсірігінің шеміршек сүйегі қатты болады.

* * *

Көкпар атының сынын білетін атбегілер жылқының жалпы сипатына қарап: салым аты және сайыс аты деп бөледі.

Салым атының сипаты. Қаршыға төс, қайқы бел, тұрған орнынан атыла шабатын ұшпа, ұрыншақ, аса шапшаң, жүйрік келеді.

Сайыс атының сипаты. Бұқа мойын, омыраулы, сіңірлі, бура сан, астау бас, мінезі долы, топ жарғыш келеді. Сайыс атына суық райлы аймақта туған, терісі қалың, тау жылқысы ыңғайлы болады.

* * *

Көкпар атының негізгі ерекшелігі жүрегі жақсы болуы шарт. Жүрегі жақсы жылқы додаға қорықпай кіре алады және тау-тас, күдір жерлерден іркілмей шабады.

Жүрегі жақсы жылқының сипаты. Көз шарасы қарақызыл немесе күрең түсті болып келеді. Құлақ түбі қалың етті, денесі қызған сайын қуаты артады.

* * *

Одан кейін көкпар атына тән сипат икемді әрі жылдам болуы керек.

Икемді әрі жылдам жылқының сипаты. Терісі жұқа әрі кең, мол пішілген шапан сияқты көлбірлеу болады.

* * *

Келесі шарт – көкпар аты ақылды болуы қажет. Яғни, ақылды жылқы көкпаршының тақымы арқылы маневр жасап, жеңіске жетелейді.

Ақылды жылқының сипаты. Жылқының ақыл-сезімінің деңгейін білу үшін оның байлаулы тұрған жеріне келіп әсем әуезді үнді адам қаттырақ сөйлейді. Әуезді сөзді тыңдаған жылқы дүркін-дүркін есінейтін болса, бұл көкпардың әдіс-тәсіліне тез үйренетін ақылды жануар болғаны.

* * *

Көкпар жылқыларының дені айғыр болады. Айғырдан басқа жылқы түлігі дода-дуды жарып кіре алмайды., кіргеннің өзінде ұзақ тартысқа шыдас бермейді. Сондықтан тәжірибелі ат бапкерлері көкпарға айғырды таңдайды.

Көкпарға лайық айғырдың сипаты. Мінезі кең, басы етсіз, қамыс, мүкіс құлақ, салпы ерін, түйе тіс, кірпік-қасы, құйрық-жалы, кекілі мол, кеудесі кең, жүндес, бүкіштеу, шоқтығы биік, мықыны тар, жаясы жалпақ, бауыры жазық, қабырғалы (артынан қарағанда, қабырғаның қанатын жая жауып қалмай толық көрініп тұруы керек), бауыры жазық,жоны тартық болады. Төрт аяы тең (маймақ емес), жерге қаққан қазықтай нық басуы шарт. Жіліншіктің сіңірлері білеуленіп, бөлектеніп тұрады. Бақайы қысқа, алдыңғы аяқтарының бөлектеніп тұрады. Бақайы қысқа, алдыңғы аяқтарының бақайы артқы бақайынан тұрқы сәл ұзындау, тұяғы жұмыр әрі берік, жерсоғары қалың, шашалы келеді. Кісінегенде арқырап кісінейді.

* * *

Көкпар атының тұяғы өте берік әрі қуатты болғаны абзал. Сондықтан да көкпар атын таңдағанда оның тұяғына көп мән беріледі.

Көкпар атының тұяқ сипаты. Тұяқ мүйізі қалың, өкше жағы биік, тұяғы құланның тұяғы сияқты қатты әрі әдемі, тағалық қаратырнағы өткір болғаны абзал. Бұндай жылқының табан-тұяғы қызбайды, аяқ тастасы өте жылдам болады.

 
 

жиған-терген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 162 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: