13:52 Атбегілік арналары | ||
ЖОРҒАНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ Жорға жүрісі жайлы һәм әдемі жылқы. Сондықтан да бұл қазақ халқының жүйрік аттан кейін қастерлейтін жылқысы болып табылады. Жорғаны қазақтар сәндік үшін мінетін болған және ерте кезде хан-билер құрметті қонақтарына сый-сияпат ретінде ұсынған. Оның жүрісі тыныш келеді. Тіпті ертеде жаугершілік заманда жорғаны ат үстінен садақ тартатын сайыпқыран мергендерге мінгізген. Өйткені оның жайлы, тыныш әрі жылдам қозғалысы садақшы-мергендердің қолйына жаққан. Жорғаның басты артықшылығы – мінген адам шаршамайды. Жорғалаған ат бірден екі сол аяғын тастаса, келесіде екі оң аяғын тастап отырады. Ал желісті жылқы алдыңғы сол аяғы мен артқы оң аяғын, керісінше алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын тастап қозғалады. Негізінен, топырағы жұмсақ сазды жердің жылқысынан жорға көп шығады. Мысалы, қазіргі таңда жері сазды Іле һәм Қарашәр өлкесі (Қытай елінің батысы) жорғаның ұйығы саналады. Себебі ол өлке қыста ат тізеден көміліп жүретін қарлы, жазда жері көлкілдеп тұратын сазды болады. Ертеде дәулетті адамдар жорғаның жіліншігіне алтын, күміс білезіктер салдырып немесе күміс, алтын тағамен тағалатып, ұзатылған қыздарына енші ретінде мінгізіп жіберетін болған. Осы орайда көшпелілердің тұрмыстық тәртібінде жорға малы сый-сияпатқа арналған өте құнды мұра ретінде бағаланған.
Жорғаның сыны Жорғаның да жүйрік ат сияқты сыны болады. Қазақ әу баста жорға табатын биені сынайды. Ол үшін биенің өн бойынан жорға жылқыға тән сын-белгілерді іздейді. Жорға құлын табатын биенің сыны. Белі бүкір, орақ бас, қамыс құлақ, бота тірсек, үлкен көзді, кең танау сырт бейнесі итіңкі келеді. Осындай бие буаз кезінде мес қарын болмайды, жалпы пошымы ебедейсіздеу келеді. Жорға болатын тай-құлынның сыны. Белі бүкір, орақ бас, қамыс құлақ, теке ерін, бура ерін, салпы ерін, қошқар, дөң мұрын, кең танау, үлкен көз, марал көз, бөкен қабақ, қу бас, дөңгелек тұяқ, бота тірсек, бұқа мойын, орташа жал-құйрықты, кекілді, қоян қарын келеді. Жорғаны сырт сипатына қарай, яғни аяқ бітіміне байланысты бөкен, күдір, қоян сипатты деп үшке бөледі. Сондай-ақ бота бітімді жорға дейтін де болады. Жақсы жорғаның сипаты. Белі бүкір, тұрысы итіңкі, сүйекті, күшті, орақ бас, қамыс құлақ, теке ерін, бура ерін, салпы ерін, қошқар танау, марал көз, бөкен қабақ, қу бас, тұяғы дөңгелек, бұқа мойын, бота тірсек, қоян қарын, жүрісі тайпалған тайлақтай жорғаларды айтады. Орташа жорғаның сипаты. Белі қайқы, сыртқы пошымы түлкі сияқты болады. Бұл жорға алысқа жүрмейді һәм ұшқыр келеді. Алайда өмірде сынсыз, сиықсыз жорғалар да болады. Алысқа жүретін аламан жорғаның сыны. Белі бүкір, түлкі жоталы, пошымы ебедейсіз, буын сүйектері қиқы-шойқы шодырлау бітеді. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |