22:57
Атбегілік арналары

БАПКЕРЛЕРГЕ ҚОСЫМША КЕҢЕС

Жүйрік баптаудың қыр-сыры көп:

Мысалы, жілік майы толмаған қуаты төмен жылқы мен қоңды жылқының етін қатыруды бірдей тәсілмен атқаруға болмайды. Атбегілер үшін баптаған жүйрігінің күш-қуатын қалыпты жағдайда ұстау оңай да, оның ішін дәл тарттыру өте қиын. Жалпы атбегілердің шеберлігі – жүйріктің ішін тарттырудың құпиясын меңгеруімен өлшенеді. Сондай-ақ, бәйге атты шабар етіне келтіруді толық игеру ат баптаудағы басты мәселе. Сондықтан да, жүйрік баптау барысында жалпыға ортақ қателесуге болмайтын қағидаларды еске салуды жөн көрдік.

  1. Ауа райы дымқыл немесе ылғалы мол жерде байланған жылқының тезегі сұйылып, тышқақтап, жөтеле беруі мүмкін.
  2. Қарынсал немесе кеңқұрсақ жүйрікті бәйгеге қосқанда аш жіберуге болмайды.
  3. Терісі жұқа, еті көбең, арықтау жүйрікті жарысқа шығар алдында денесін күні бұрын сулап (жауын-шашын болса тіпті жақсы), бәйге жолына шығармай тұрып бір дүркін жабулау әдісі арқылы жеңіл терін алған дұрыс.
  4. Ыстық немесе қуаңшылық айларында күндіз аттың терін алуға болмайды.
  5. Жүйрікті шаптырмай жабулап тер алу барысында: киіз немесе қоңыр аңның терісі тәрізді сұйық сіңірмейтін жеңіл затпен жабулаған жөн.
  6. Байланған жүйріктің арық-семіздігін жетік білмеуден баптау барысында кемшіліктер орын алып, аттың тынысы бітеліп, аяғы ақсайды. Бұндай жағдайда білетін адамды шақырып қан алдырған дұрыс.
  7. Денесі мығым, кебеже қарын, қабырғасы ұзын, сүбесі қалың жүйрікті ерте байлап, ерте жіберу керек.
  8. Бітімі жіңішке, бойы сұңғақ, қасы жұмсақ, сүбесі жұқа жүйрікті ерте байлап, кеш жібереді.
  9. Жауын-шашын аз қуаң ылдары ат байлаған керме маңына үнемі су шашып, салқындатып отырады.
  10. Аптап ыстық басылмай ұзаққа созылған жағдайда кермені жасыл желекті ылғалы мол, жасанды жерге ауыстырған дұрыс.
  11. Жүйріктің іш тартуы бұзыла берсе, күнделікті ішетін суын ауыстыр немесе қарақурайға тұз қосып суға қайнатып ішкіз. Оған болмаса, ыстық сумен бауырын булап, соңынан суық сумен жу.
  12. Жүйрікті баптау барысында тер алу, іш тарттыру, әртүрлі жарыстар ұйымдастырудың сыртында оны демалдыру жайын жақсы білген жөн.
  13. Жүйрік атты жаздыкүні түнде қоя беріп, күндіз үш уақыт биенің сүтін беріп, жабулап мама ағашқа байлап бағады.
  14. Шілденің ай толған күні (ескіше 15 жанасында) таң асырған дұрыс.
  15. Жазғы маусымда жүйрік атты тоғайлы, шыбын-шіркейлі, ой жерге оттатуға, жайылтуға болмайды.
  16. Өзенді жердің өлең шөбін жүйрікке жегізуге болмайды.
  17. Жүйрікке күнара 1-2 литр сиыр сүтін беріп тұрса артық болмайды.
  18. Сұлы көп жеген жылқының іші майланады (жүрегі майланса атерлі) шапқан кезде ішкі майлары ыдырап, аттың кеудесіне қан түсіреді. Сұлыны шектен тыс көп беруге болмайды.
  19. Өте көп сұлы жеп семірген жүйріктің қолаңсасынан қан алса іш майы тез ыдырайды.
  20. Баптау кезінде жүйрікті арқандап ашықтыруға болмайды. «Шабар атты тоғы игі» дегенді ұмытпау қажет.
  21. Жүйрікті аш шаптыруға болмайды қартасы түйіліп, өліп кетуі ықтимал.
  22. Баптауда тұрған жүйрікті сортаң жерге жайылтуға болмайды.
  23. Бабына толық келмеген жүйрікті алғашқы кездері ұзақ қара жарысқа салуға болмайды. Тұяғы қызып, құрышы қайтып, аяғы ауырғандықтан алып қашатын жайттар туады.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 215 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: