ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
Жүйрікті ұстау және керме тәртібі
- Баптайтын жүйрікті үйірден ұстаған кезде оғаш қылық көрсетіп, шошындырып алудан сақтагу қажет.
- Егер жүйрік жылқы ала қыстай қорада ұсталып, қолдан су ішкен болса, оны баптауға алмас бұрын 15 тәулік босатып, үйренген үйіріне жібереді. Еркіндікке шыққан жылқы тез арада жүні тіріліп шыға келеді.
- Жүйрікті жаңа шыққан көкке әбден тойып, қоң ала бастағанда баптауға қойған дұрыс деп есептеледі. Көккке тоймаған жылқы алаңдағыш, беймаза күйден көпке дейін арыла алмайды. Өйткені, ала қыстай буыны қатқан, сары шөп жеген жылқы көктемде жаңа шыққан көкті аңсауы табиғи құбылыс.
- Жүйрікті үйірден ұстаған соң сүттің сары суымен жуындырып, дем алдырады.
- Баптауға алған жылқы тым семіз болған жағдайда оны 2-3 күн бұрын ұстап, әдеттегі мініске салады.
- Жүйріктерді баптауға байлағанда керменің басына жуан аттарды орналастырады да, қалған құнан, дөнен, тайларды күннің шығысынан батысына қарай рет-ретімен тізіп шығады.
- Керменің бағаналарын немесе жеке ат байлайтын атағашты бұдырсыз, сыптығыр, түп-түзу жас қайыңның қабығын аршып жасаған дұрыс.
- Алғаш байланған жылқыны кермеге бойын үйреткенше, яғни, жарты күн қозғамай байырқалатады.
- Байлауға алынған жүйрікті жарату жұмыстарын бастамай тұрып, әуелі кермені айналдырып жүргізіп көреді. Аттар керме айналып жүрген сәтте адамдар қиқулап, жүйріктің делебесін қоздыратын әрекеттер жасайды.
- Жүйріктерді керме айналдырғанда алдымен жуан аттар, одан кейін құнан, дөнен, тайлар жүреді.
- Керме айналуды түсте бастап, түс ауа, күн батар мезгілде, күн батқан соң, яғни бір күнде төрт дүркін қайталайды.
- Жүйріктерді көруге жиналған атқұмар қауым керме айналым кезінде аса сабырлық сақтап, тек жақсы сөздер айтуы тиіс.
- Жалпы ат баптау кезінде есте болатын дүние: бәйге қанша уақытқа созылады, дәл осы мерзімді негізге алып, аттың бабын үйлестіреді. Мысалы, бәйге 10 сағатқа созылатын болса, жүйрік баптау ісі де күніне 10 сағат болуы тиіс. Бұл жылқыға физиологиялық тұрғыдан тиімді деп есептеледі.
- Кермені 10-12 құлаш қайыс арқаннан тартады. Діңгектерін 2-2,5 метр ұзындықтағы бөрене ағаштардан орнатады. Керменің күншығыс жағына 20 метрдей қашықтықта, кедір-бұдырсыз тепсең дөңес жерге құм төгіп, таңертең, кешке үнемі аунатып тұру керек.
- Аттарды жаратуға таңдалып алынған орын, яғни керме мал қорасынан, әсіресе, бұзаулар байланған желінің бас жағында 150-200 метр қашықтықта орналасады.
- Керме маңына қой-ешкі немесе сиыр жайылтуға, жылқы түлігін қиқулап айдап өтуге болмайды.
- Керменің жел жағына өлген малдың сасыған жемтігін тастаған дұрыс емес. Сасық иіс жүйріктің көңіл-күйіне әсер етеді.
- Керме басында ұрыс-керіс, боқтық сөздер айтылмағаны абзал.
- Керме басына атбегілер және шабандоз балалардан басқа адам рұқсатсыз баруға болмайды.
- Атбегілер кермеге барғанда желдің ық жағын қуалап барған жөн.
- Керме маңына мас немесе ауру-сырқау адам баруға болмайды, сондай-ақ әйенл адамдардың да бара бермегені жөн салады.
- Дәл бәйге болатын уақытқа 3-4 күн қалғанда ат иесі мен шабандоз бала жүйріктің қасына түнеп, күні-түні бабын қадағалайды.
- Жүйрікті баптауға қажет құрал-саймандар (терқырғыш, қамшы, тоқым, тартпа айыл, кекіл-құйрық байлатын өрім жіп т.б.) арнайы биіктеу орынға, таза жерге, желдің өтіне қойылады.
- Жүйрікті басы жерге жетпейтіндей етіп, жатып ұйықтай алатындай етіп байлау керек. Қазыққа, діңгекке байлауға әсте болмайды. Оның қауіп-қатері көп болады.
- Кермеде үйілген жылқы тезегін ұдайы тазалап тұрған жөн. Әр апта сайын кермені жаңалап, жерін ауыстырып отырады.
- Қой, сиыр, түйенің қорасын керме маңынан алыс ұстайды.
жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|